Тәрбиені телефонға «тапсырдық»

Бүгінде өмірімізді ұялы байланыссыз елестете алмаймыз. Бір күн телефонсыз жүрсек, бүкіл шаруамыз шешілмей қалатындай. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін телефонның құлағында «ойнайды». Ойын дегеннен шығады, бүгінде ең негізгі, маңызды мәселенің бірі осы ұялы телефондағы ойындар болып отыр. Қазір қоғамдық көлікке мінсек те, сабақтағы үзіліс кездерінде де қаншама баланың «фри фаер» мен «майнкрафт» ойындарын ойнап тұрғанына куә боламыз.

Телефон ең алдымен байланыс құралы. Алайда оны бүгінгінің баласы ойын, уақыт өткізу құралына айналдырып алған.

Статистикаға сенсек, ұялы телефонды ұзақ жылдар қолданған адамдарда ми қатерлі ісігінің кездесу жиілігі телефонды қолданбаған адамдарға қарағанда көбірек болады екен. Ойындарды ойнап отырғанда, ұялы телефоннан бөлініп шығатын зиянды заттар баланың әлі қалыптасып үлгермеген иммундық жүйесіне зақым келтіретіндіктен ойын баласына ұзақ уақыт телефонды ұстатып қоюға болмайды екен. Тағы бір қызық деректі қараңыз. «Ұялы телефон ер балаларға басқа да зиянды заттарға қарағанда екі есе көп зиян келтіреді» деген тұжырым жасалған. Ешбір ата-ана балам жаман болсын, ауру болсын деп ойламайды, әрине. Дегенмен балаларына ұялы телефонды байланыс құралы ретінде алып бергенімен, оны қай бағытта, қай кезде пайдаланатынын тұрақты бақылай алмайды. Мектеп әкімшілігі оқушыларға ұялы телефондарды сабақ үстінде пайдалануға тыйым салып, сынып жетекшілері ата-аналар жиналыстарында бұл жөнінде үнемі ескертеді.

Мектепте ұялы телефон оқу құралдарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылмағандықтан, оны пайдалану тәртіп бұзушылық ретінде қарастырылып талаптар мен ережелерге, мектеп жарғысына сәйкес шаралар қолданылады. Баланың сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануына Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша тыйым салынбаған, сондықтан бұл жағдай әр мектептің ішкі ережесіне сәйкес, ата-аналардың келісімімен реттелуі тиіс.

Телефонда тапжылмай ұзақ уақыт отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының өзгеруіне, логикалық ойлау қабілетінің бірте-бірте төмендеуіне әкеліп соғады. Баланың, ақыл ойының дамуын тежейді. Сағаттап осы ойынды үзіліссіз ойнау баланың қан қысымын көтереді. Көз жанарының көру қабілетін төмендетеді. Құлақтың есту қабілетін төмендетіп, баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Осының әсерінен омыртқаға көп күш түсетін болса сколиоз ауруына шалдығуы мүмкін.

Бұған қоса электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Осылайша жалғаса берсе баланың әдеби кітаптарға, ізгілік қасиеттілік ойындарға қызығушылығы төмендеп, ұялы телефонға тәуелділікке әкеліп соғады. Баланың үй тапсырмаларын орындамай тұрып ұялы телефонда ойын ойнауына ең бірінші ата-ана шек қойып отырмаса бәрі бекер дер едік. Баласы шулап, жыламас үшін баласына өздері телефон беріп, үйреткен ата-аналарды да көрдік.

Шамадан тыс ойын ойнап отыру баланың ғана емес, үлкеннің де жүйкесін жұқартып, осы ауруларға әкелетінін білуі керек. Күні кеше ғана Жетісу өңірінде 6 жасар бала өзінің 3 айға толмаған қарындасын пышақтап өлтіріп қойды. Анасы мектеп жасындағыларын сабаққа шығарып салып, үйге кіргенде кішкентай ғана нәрестенің қанға бөккенін көреді. Ауылдастары бұл отбасы жайлы тыныш, қатардағы отбасы екенін айтып отыр. Үйінде 5 бала бар. Әкелері алыс жолдарға жүк көлігін тізгіндейді. Бұл уақытта балалардың әкесі Алматыда іссапарда болған. Бұл оқиғадан да баланың телефондағы атыс- шабыс ойындарынан көргенін істегенін аңғаруға болады. Бала көргенін істейді. Ал көретіні соткадағы сұмдық болып тұр ғой… Осыдан соң ұялы телефон ұлттың түбіне жетпей қоймайды- ау деп налисың…

Әсем АСЫЛБЕК,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік

университетінің 1-курс студенті.