ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА БІР КҮНДЕ ЕКІ КІТАП ОҚИТЫН ОҚЫМЫСТЫ КҮЗЕТШІ БАР

Түркістан облысы, Келес ауданындағы «Көркем» балабақшасында күзетші болып қызмет атқаратын Қыдырбай Асылбеков тәулігіне екі кітап оқып, зейінін арттырып отыр. Оқырманның айтуынша, кітап оқуға деген қызығушылығы 5-сыныптан қалыптасқан.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің тұрақты оқырманы көбіне тарихи кітаптарды оқуға қызығады екен.

– Кітап оқуға бала кезімнен қызығамын. Кітап оқысам миым тынығып, сергіп қаламын. Тәулігіне 2 кітап, көңіл-күйім жақсы кезде 5 кітапқа дейін оқып бітіремін. Ауылдағы шағын кітапханада орналасқан кітаптарды түгелдей оқып, аяқтадым. Енді орталық кітапханадағы кітаптарды оқудамын, — дейді жасы алпысты алқымдаған ел ағасы.

Қыдырбай Асылбеков 10 жылдан астам өрт сөндіруші болып қызмет атқарған. Соңғы 12 жылдан бері «Көркем» балабақшасында күзетші болып жұмыс істеуде. Екі ұлды тәрбиелеп өсірген оқырман олардан 2 немере сүйіп отыр.
Айта кетейік, жалпы Келес ауданында 27 кітапхана орналасқан. Ондағы қор 262 714 кітапты құрайды.

Келес Ауданы Әкімдігі