ШӨП ШАБУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Ауданымыздың шаруа қожалықтары мен жеке шаруа ағайындар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны басталды. Шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды.
Биылғы жылы да аудан шаруалары қыстың қамына ерте кірісті. Мамыр айының соңын ала басталған мал азығын дайындау науқаны қазіргі таңда белең алуда.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жалпы, ауданда мал азығын дайындау үшін шөп шабуға бекітілген аумақ 34720 гектарды құрайды. Оның ішінде 5350 гектар көпжылдық (жоңышқа) шөп және 29370 гектар табиғи дала шөбі алқабы.
Бүгінгі таңда 17570 гектар алқапта шөп шабылып, 42369 тонна мал азығы қоры дайындалған. Шөп шабу науқанына 154 шаруа қожалығы, 15 комбайн және 173 трактор қатысуда.
Ауданда алғашқылардың бірі болып Түркістан, Игілік ауылдық округтеріндегі «Мұрат», «Болат», «Байшахан», «Дидар» шаруа қожалықтары шабындық алқапқа орақ салды. Қазіргі таңда өзге де ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары техникаларын дайындап, шөп шабу науқанына кірісіп кеткен.
– Биылғы жылдың мамыр айында жауын-шашын жақсы болды. Шөп жақсы шыққан. Жыл сайынғы дәстүрмен шөп шабу науқанына техникаларды дайындап, іске кірісіп жатырмыз. Ең бастысы, техникаларымыз бұзылмай, мал азығын уақтылы, жеткілікті мөлшерде жинап алуымыз керек, – дейді қызу тірліктің басында жүрген шаруалар.
«Қыстың қамын жазда ойла» деген. Қалай болғанда да берекелі жаздың қолайлы кездерін тиімді пайдаланып қалғанымыз жөн.
Сарысу аудан әкімдігінің баспасөз қызметі