ШЕР-АҒАҢНЫҢ ДАУСЫ…

Әрине, Шерхан Мұртазаны бүкіл қазақ жақсы біледі. Түрін де, даусын да бірден ажыратады. Егер радиодан сөйлеп жатса, кез-келген қазақ Шер-ағаңның даусын бірден таныр еді. Мəселені кесіп-кесіп, батыл айтқаннан бөлек даусының өзі ерекше ғой. Шер-ағаңның даусы шыққан жерде бар қазақ лезде бойын жинап ала қояды.
Алғаш рет Шерхан атамен бетпе-бет таныстырған жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыз еді. Сол кісінің облыстық әкімдіктегі кабинетінде аз-маз тілдестік. Артынша Шер-ағаң облыс әкіміне кіру үшін жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті. Кейін де талай мәрте дастархандас болдық.
2006 жылдың жазында маған Тараз қаласының қақ ортасынан пәтер беріліп, көп ұзамай Шер-ағаңмен көрші болдық. Ол кісі №7, мен №4 үйде тұрдым. Белгілі журналист, марқұм Дүйсенбек Айбеков екеуі бір подьезде тұрды. Көрші болған соң үйіне жиі-жиі барып тұрдық. Көбінесе жаңа шыққан газеттерді жинап алып баратынмын. Газет-журнал көрсе балаша қуанып кетеді.
Ұмытпасам, 2010 жылдың жазында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Ермек Үсенбаев деген азамат туған жері Жуалыда 50 жасын атап өтті. Той ауылдағы қара шаңырақта, есіктің алдында өтті. Ол кезде жеке көлігім жоқ. Бір басқарма басшысымен бірге ілесіп барған болатынмын. Кеш батып қалған. Төрдегі столда Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын бастаған қаламгер қариялар отыр екен. Бәріміз қол беріп амандасып шықтық.
Сонда Шер-ағаң:
— Әй, «Жас Алаштың» тілшісі, сен үйге қашан қайтасың? – деді маған қарап.
— Тойдың біткеніне қарай қайтамын ғой… – дедім күмілжіп.
— Мені ұмытып кетпе… Екеуміз бірге қайтайық.
— Мейлі…
Шынымды айтсам, басқа не дерімді білмедім. Өйткені, менде жеке көлік жоқ. Өзім біреумен ілесіп келгенмін. Былайша айтқанда, Шер-ағаң мені алып қайтпаса, мен ол кісіні жеке көлікпен алып қайтатындай жағдайым жоқ. Аяқ астынан «Әй, көлігің қайда? Қайттық» десе, ұят-ау деп қоямын… Дегенменде ел іші ғой, бір жөні болар деп сабыр қылдым. «Көлігім жоқ» деп ашық айта алмадым.
Сонымен той қызып кеп берді. Өңкей жас жігіттер бір столға отырғанбыз. Шынын айту керек, тойды бітірмей қайтатын түріміз жоқ. Бау жақтағы дәретханаға өткен сайын Шер-ағаң қолындағы таяғын шошаң еткізіп, мені шақырып алады.
— Әй, қашан қайтамыз?
— Әлі ерте ғой… Тағы біраз отырайық…
— Мейлі, мені ұмытып кетпе, әйтеуір… Көлігіңнен қалып кетпейін.
— Жоқ, ұмытпаймын ғой, — деп қоямын.
Осы көрініс 3-4 мәрте қайталанды-ау. Бау жаққа өткен сайын Шер-ағаң маған жалт қарайды. Мен «Қазір қайтамыз, асықпаңыз…» деп қоямын. Шынымды айтсам, көлігі бар басқа біреулер ала кетсе, дұрыс болар еді деген де ойым жоқ емес.
Сонымен той ортасынан ауып қалған. Бір кезде бастырмадағы столда жас жігіттер дуылдап отырғанда асатаяғын тық-тық еткізіп Шер-ағаң кіріп келді. Келді де қабағын түйіп бәрімізге бір қарады. Сөйтті де таяғын алдыға созып:
— Әй, араларыңда «Жас Алаштың» тілшісі бар ма? – деді.
— Мен мұндамын ғой… – деп, орнымнан атып тұрдым.
— Әй, айналайын, қашан қайтамыз енді? – деді аға таяғын жерге қатты тықылдатып.
— Болды, ата, қайтамыз… Жүріңіз… – деп орнымнан тұра бердім.
Сөйтіп, Шерағаңның қолтығынан демеп көше жаққа шықтым. Қарасам, Т. Рысқұлов ауданының әкімі Абдалы Нұралиев тұр екен. Ол кісі «тойбасы» болып жүрген. Соған жетіп барып, жағдайымды айтып жатырмын:
— Ойбай, аға, Шер-ағаң менің көлігіммен қайтамын деп жатыр. Ал, менде көлік жоқ, өзім біреумен ілесіп келіп едім… — деп.
— Өй, қызық па деймін… Шер-ағаңның жеке өзіне бекітілген көлік бар. Сол алып келді, енді сол апарып тастайды, — деп, ар жақтағы біреулерге айқайлап еді, лезде алдымызға сүліктей қара «Джип» келіп тұра қалды.
Шер-ағаң арт жаққа отырды. Шынымды айтсам, қызық-думанды қимай, тойда қалып кеткім келіп тұрған. Ағаның қолынан демеп мінгізіп жатыр ем:
— Әй, батыр, көлігің жақсы екен. Өзің алдына отыр, — деді нықтап.
Амал жоқ, алдыңғы орынға отырып алдым. Шер-ағаң бұл көлік менікі екен деп отыр ғой. Үндемедім.
Содан Таразға қарай шықтық. Жолда біраз әңгіме айтылды. Жазушы ағамыз туған жері — Жуалының тарихынан біраз сыр шертті. Бір кезде мен де қарап қалмай:
— Ауылда Арыстан деген ағам бар. Сізді пір тұтады. Шығармаларыңыздың бәрін оқыған… – деп, бір әңгімені бастадым.
— Не жұмыс істейді?
— Жылу беретін мекемеде қарапайым жұмыс істейді.
— Е, басқа кәсіпте жүрсе де кітапты көп оқығаны дұрыс екен… — деп, аға ойланып қалды.
Шынында Арыстан ағам Шерхан Мұртазаның кітаптары десе ішкен асын жерге қоятын. Шер-ағаңның өзін де, сөзін де қатты құрмет тұтатын.
Осыдан кейін тіптен еркінсіп кеттім ғой деймін.
— Ата, сол Арыстанмен телефон арқылы тілдестірсем, сөйлесесіз бе? – дедім.
Шер-ағаң «Өзің біл» дегендей басын қисайтты. Алла өзі кешірсін, менікі бір жағы мақтангершілік те ғой.
Дереу Арыстан ағама телефон шалдым. Құдай жарылқап, ол да тұтқаны көтере қалса бола ма? Түннің бір уағы болса да үйіне жөндеу жүргізіп жатыр екен. Біз жақта үй әктеу, сылау үшін арнайы жасалған биік столды «ешек» дейді. Сол «Ешектің» үстінде бөлменің төбесін бояп жатқан ба, әлде әктеп жатқан ба…
— Ареке, тойдан келе жатырмын. Қасымда Шерхан аға бар. Сөйлесесің бе? – деймін ғой бірден.
— Қай Шерхан? — деді ағам.
— Кәдімгі Шерхан Мұртаза ағамыз ше?
— Қой-е… Өтірік айтып тұрған шығарсың…
— Жоқ, шын айтып тұрмын… Екеуміз бір көлікте әңгімелесіп келе жатырмыз.
— Бәрібір сенбеймін… Қалжыңдап тұрсың ғой.
— Ой, қалжыңдағаны несі? Сенбесең, міне, өзің сөйлесші… – деп телефонды Шер-ағаңның қолына ұстата салдым.
Сонда Шер-ағаң телефонды алып:
— Ассалаумағалейкүм, Арыстан батыр, қалайсыз?.. – деп гүр ете қалды ғой.
Сөйтсе, онсыз да «ешектің» үстінде ербең-ербең етіп әрең тұрған Арыстан ағам шелек-пелегімен жерге жалп ете қалыпты. Шер-ағаңның қыран құстай саңқ еткен даусының құдіреті ғой.
Патыр-пұтыр еткен дауысты естіген жазушы ағамыз:
— Өй, мынаған не болды? – деп телефонның экранына бір қарады.
Қайтадан тұра салып, жалма-жан телефонды алып, құлағына тақаған Арыстан ағам:
— Әссалаумағалейкүм, аға… Калайсіз? – деген ғой дір-дір етіп.
— Уа, жақсымыз… Біз тойдан қайтып бара жатқан қазақтармыз. Мына «Жас Алаштың» тілшісі Оралхан екеуміз Жуалыдағы бір тойдан қайтып бара жатырмыз. Өздерің қалай?
Арыстан ағам:
— Жәксіміз, аға… Мен сіз деп ойламаппын… Сіз деп ойламаппын, — деп далбасалай берген ғой.
— Ой, сені Оралхан мырза кітапты көп оқиды деп жатыр ғой…
Содан кейін ғана ағам аздап есін жинады. Екеуі 5-10 минуттай сөйлесті ғой деймін. Кітаптары туралы біраз әңгіме қылды.
Кейін Арыстан ағам «Ойпырмай, Шерхан Мұртазаның гүрілдеген даусын бірден таныдым. Алғашында сенбей тұрған едім… Әй, бірақ, бірге жүрмін деп ең болмағанда бір-екі сағат бұрын айтпайсың ба? Бір тойда бастан-аяқ бірге жүріпсің, қалай жүрегің жарылмай жүрген, ә? Неге пәлен деген тойда Шер-ағаңмен бірге отырмын деп бірден телефон шалмадың…» деп жатып кеп ренжіді.
Айтпақшы, Арыстан ағам кейін құрдастарына осы оқиғаны мақтанып айтып берсе, алғашқыда ешқайсысы сенбепті. Бәрі «Шер-ағаңның сенімен телефонмен сөйлесуі мүмкін емес. Шер-ағаң деген анау-мынаудың қолы жетпейтін үлкен кісі ғой. Бәлкім, сенімен басқа біреу сөйлесе салған шығар. Сен аңғармағансың ғой..» деп айтатын көрінеді. Арыстан ағам қызылкеңірдек боп айтысып жүріп, одан маған телефон шалып, мен құрдастарымен сөйлесіп, әрең деген де сендіргенбіз.
Шынында көп адамдар Шерхан Мұртазаны тым биік, тым тәккапар адам деп ойлайды. Мен білетін Шерхан Мұртаза өте қарапайым болды. Жас кезінде, қызмет істеп жүрген кезінде өте адуынды, қатал адам болған дейді. Мен көрген Шерхан Мұртаза өте сабырлы, өздігінен әңгіме айтпайтын, шешіле қоймайтын, өте ұстамды адам еді. Әйтеуір, мен білетін Шерхан Мұртазамен әңгімелесу де, әзілдесу де бір ғанибет болатын.
Алла Тағалам Шерхан атамыздың о дүниесін берсін.
(Мына суретті Шер-ағаңның үйінің алдында түскенбіз. Алдымызда отырған Шәмші балам. Шерхан ата балаларды керемет жақсы көретін. Балажан еді)

Оралхан Дәуіттің фейсбук парақшасынан