Шайпау қатын

Əлқисса, ертеде бір батыр болыпты. Жекпе-жектің перісі атанған оның атын естігеннен-ақ жаудың құты қашады екен. Ел батырдың арқасында барақат ғұмыр кешіпті.
Бірақ… Батырдың да ,,үні шықпайтын жері,, бар екен. Қатыны көрікті бірақ шайпау болыпты. Кəдімгі аузынан ,,ақ ит кіріп, көк ит шығатынның,, нағыз өзі дейді. Бұның да ,,атағы,,күйеуінен кем түспесе керек. Бір қызығы, батыр үндемейді екен.
Бір күні алыс-жақындағы інілері жиналып алып ақылдасады. ,,Қой бұлай болмайды анау шайпау қатынды қуып жіберсін, немесе басқа ауыл боп отыра берсін. Батырға жібі түзу қатын алып берейік.
Құдайға шүкір, жерге қарап отырған жоқ. Елуге жаңа келген еркекке төсек жаңғырту деген не тəйірі? Тек ел ішінен таңдап, қалағанын айтсын,,деп бəтуаласыпты.
Жұрт жиылып келгенде, батыр қуана қарсы алыпты. Қонағасы желінгеннен соң, келгендер шаруасына кіріседі. Солай да солай. Қонақтарды тыңдап алған соң, батыр айтты дейді:,,Үш уəжім бар соны айтайын, қалғанын өздерің шешіңдер,
-Ал айт!-дейді қонақтар.
-Айтсам, бұл жеңгелерің бір байдың ерке-шолжаң қызы еді, тұңғыш рет той үстінде көрдім. Өзінің ұзатылу тойында. Баратын жері де жуан тұқым екен.
Болашақ күйеуі де келісті жігіт. Қыз өте көрікті еді. Көрген сəтте-ақ жүрегім дір етті. Адам кейде жете алмасын сезсе де, айға қолын созады ғой, мен де сондай күй кештім. Қайта-қайта қарай бердім.
Бір сəтте көзіміз түйісті. Содан соң маған қайта қадалды. Сəлден соң тағы қарады. Сынап отырғандай. Аяқ астынан бір шешімге келдім, жеңгесі арқылы: ,,Егер мен десе, пəлен сайдың ішінде күтем. Шықсын.,,-деп сəлем айттым. Сайдың ішінде қос аттың жалын құшақтап тұрып, Алладан не тілемедім десеңші.
Егер қолым жетсе өмір бойы аялап өтуге, үстінен қатын алмауға серт еттім. Бір кезде шолпының сыбдыры естіліп, күткен аруымның маңдайы жарқ ете қалды… Тілеулес жеңгені сол жерде қалдырып, екеуміз атқа қондық.
Мені толық білмесе де азаматтығыма сеніп, əке-шешесін, келін боп түсер жұртын жерге қаратып, етегімнен ұстаған сол ерлігін ұмыта алмаймын. Бірінші уəжім осы.
-Екіншісін айт!
-Бұның шайпаулығын қойғызу үшін мен не істемедім. Жəй ескертіп көрдім. Болмады. Талай рет қамшының астына алып, бөріктіріп сабадым. Қоймады.
Сосын бір күні шаңыраққа асып қойып, астынан от жаққыздым. Шырылдап кешірім сұрар дегем. Қайдағы… Үйді айналып жүгіріп жүрген інілерімнен сəлем айтып жіберіпті:,,Ана ағаларыңа айтыңдар, ,,пəленшесі,, пісті, келіп жесін…,, Содан кейін сүтпен біткен мінездің сүйекпен кететінін ұқтым. Менің үндемейтін себебім осы.
-Үшіншісін айт!
-Жеңгелеріңнің шайпау екені рас, бірақ жатыры-алтын. Алты ұл туып берді. Қазір олар, Құдайға шүкір, алты бөріге айналды.
Ертерек қимылдасам ештеңе етпес еді, енді қартайған шағымда шешелерінің үстінен қатын алып жатсам, алты ауыл болып отырған олар не ойлайды? Ал мен айтарымды айтым. Қалғанын өздерің шешіңдер!
Қонақтар самсоз болып отырып қалыпты. Сонда босағада қымыз сапырып, əңгімені үнсіз тыңдап отырған қатыны айтты дейді:
-Ай, батыр-ай, бір қатынның еркелігін көтере алмай, əжептəуір əңгіме қылған осыларға сөз шығындап отырған сенде де ми жоқ екен…
Келгендер соңында жеңгелеріне ат-шапан айып төлеп, əрең құтылыпты..
Бауыржан Бабажанұлы.