Ресей кешірім сұрап, өтемақы төлесін!

БҰҰ Бас Ассамблеясы мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың назарына!

 

1921-1922, 1932-33 ж.ж. ашаршылықтан, 1937 жылдары репрессиядан қырылған қазақ елінен

Ресей кешірім сұрап, өтемақы төлесін!

 

«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының мәлімдемесі

27 қаңтар Холокост құрбандарын еске алудың халықаралық күні. Бұл атауды («өртеу құрбаны») естігенде Кеңес өкіметі кезінде өмір сүргендердің жүректері үрейден бір дір ете қалатыны сөзсіз. Гитлер 1933 жылы бастаған зобалаңнан 6 миллион еврей қырылды. Бұл осы халықтың 60 пайызы.

1921-22, 1932-33 жылдары Сталин мен Голощекиннің ұйымдастырған қазақ жеріндегі ашаршылықтардан 5 миллион қазақ қырылды. Бұл сан әлі де тереңірек зерттелсе бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Яғни қазақ халқының тең жартысынан астамы қынадай қырылған. Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деген мақаласында осы адам шошитын нәубетке ерекше ден қойды. Біз бүгін 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде мақала жариялап отырмыз.

Германияның кейінгі басшылығы еврей халқынан кешірім сұрап, 3 млрд маркі өтемақы төледі. Ал Кеңес одағының мұрагері ондай өтемақы төлемек түгілі біздің жерімізге көз алартып жатқанынан жақсы хабардарсыздар. БҰҰ еврей қырғынын еске алудың халықаралық күнін белгілеген. Одан бірден бір кем емес қазақ ашаршылығының іздеушісі болмағандықтан елеңсіз қалып отыр. Біздің газетіміз өзіміздің мыңдаған оқырмандары және «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымы атынан Президентімізге төмендегідей талаптар қоямыз:

  1. 1921-22, 1932-33 ашаршылықтары және репрессия кезінде қырылған зұлмат нәубеттің мән-маңызы тарихи, ғылыми тұрғыдан терең, мұқият зерттеліп, арнаулы, ресми тұжырымдама әзірленуі тиіс.
  2. Осы тұжырымдама негізінде Қазақстан мемлекеті тарапынан БҰҰ Бас Ассамблеясына бұл зұлмат-нәубеттің халықаралық тұрғыда еске алу күні тағайындалуына, яғни арнайы мәртебе беру жөнінде ресми талап-хат дайындалып жіберілуі керек.
  3. Сондай-ақ осы талап-хатта Кеңес өкіметінің заңды мұрагері Ресей мемлекетінен сол жылдардағы қазақ халқына жасаған зұлматының өтемақысы белгіленіп, кешірім сұралуы қажет. Біздің бұл мәлімдемемізді бүкіл қазақ халқы қолдайды деп сенеміз!