Қызыларай қашанғы ауруханасыз отырады?

Қызыларайдағы құстың ұясындай фельдшерлік-акушерлік пункт жөнінде өткен жылы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде сөз болған. Жоспарға сәйкес биыл ауылға аурухана салына бастауы керек еді. Алайда, жаңа аурухананың қасбетін салып, тұрғындардың талабымен санасатын шенеуніктер әлі де ауыл жаққа бой көрсетпепті. Елбасы атаған «медициналық қызметтің сапасы – халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды бөлігі болып саналатынын» олардың неге ескермей отырғанына таңбыз. Ал, ауыл тұрғындары биыл да ауруханасыз қаламыз деп алаңдауда.

Қызыларайдың медпунктіне жауапты Ақтоғай аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Елдос Джумажановтың айтуынша, жоспардағы аурухана құрылысының құны – 90 млн. теңге. Ғимаратты салу құжаттар бойынша 2020-2021 жылдардың маусым айына жоспарланған. Алайда, ауылда әлі де құрылыс жұмыстары басталмағандықтан, тұрғындардың жаңалықтан хабары жоқ. Күрделі жөндеу көрмеген ауруханасы жоғы өз алдына, жөну түзі автобус бармайтын ауылдың жаяу жүргінші жолының сапасы да көңіл көншітпейді.

 

 

–Бұған дейін ауданға апаратын автобус жоқ деп шағымданған едік. Жол да жөнделмей тұр. Мәселелер түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Ауданға қатынайтын автобус жоқтығына көндік. Енді ауылға аурухана салып беріңдер дейтін болдық. Қала мен аудан арасы шалғай дей ме, өңірге аурухананың мәселесін қозғап, облыстан, ауданнан мамандар келген емес. Қашанғы бұлай жалғаса береді?, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған ауыл тұрғыны.

Ресми мәліметте қазіргі таңда ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің штаттық кестесінде фельдшер, акушер, жүргізуші және санитар бар. Алайда, тұрғындардың денсаулығына жауапты мамандардың жетіспейтінін айтады қызыларайлықтар. Әуел бастан білікті кадрлардың жоқтығы түйткілді мәселеге айналған.

Пункт дәрігерлерінің сөзіне сүйенсек, жас мамандарды жұмысқа тартуға негіз бар. Бірақ, штаттық кесте талабы бойынша артық маман алуға рұқсат жоқ. Оның үстіне, шағын ғимарат қыс айларында суып кететін көрінеді.

 

 

–Қызыларай ауасы таза, табиғаты шұрайлы жер. Мал ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бұл ауылдан кеткісі жоқ. Кейінгі кезде ауылдың экономикалық ахуалы нашарлап кетті. Балабақшадан бастап, аурухана, жастарға арналған орталық секілді ғимараттар атымен жоқ. Ауыл жастарының басым көпшілігі қалаға көше бастады, – дейді ауыл тұрғындары.

Ақтоғай аудандық статистика бөлімі ұсынған мәліметте 2009 жылы ауылдағы халық саны 696 (368-і ерлер, 328-і әйелдер) адамды құраған. Өкініштісі сол, статистика бөлімі ұлттық санақтан кейінгі он жылда ауыл тұрғындарының санына есеп жүргізбепті. Жастардың ауылдан үдере көшкені оларды да алаңдатпаған сыңайлы. Біз жүгінген бейресми дерек көздері болса, он жылға жуық уақытта ауылдағы екі жүзге жуық отбасының қалаға көшіп кеткенін алға тартады. Сонымен, ауылға аурухана қашан салынады? Сауалды Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловқа жолдаған едік.

 

 

–Аудандық әкімдік тарапынан Қызыларайдың ауруханасына қатысты барлық құжаттар облыстың денсаулық сақтау басқармасына ұсынылған. Қаражатты бөліп, аурухана салу жұмысын бастау басқарманың құзыретінде, – деді Абылай Аманжолов.

Ал, облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі «Заң бойынша 800 тұрғыны бар жерге аурухана салыну керек. Ауылдың шалғай орналасқанына қарамастан аурухана салынады деп жоспарланған. Басқарма тарапынан құжаттар тиісті мекемеге

тапсырылған. Келесі жұмыстарға облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жауапты» деген ақпарат ұсынды.

 

 

Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының экономикалық жұмыстар және талдау бөлімінің басшысы Светлана Кешубаева «Нысан құрылысына жауапты жұмыстарды жоспарлайтын облыстың денсаулық сақтау басқармасынан құжаттар түскен жоқ. Дәл қазіргі таңда емхана құрылысына қатысты қаражат қарастырылмаған» деді.

Ауылға аурухана салу бір күндік іс емес. Тұрғындардың саны ғана емес, елді-мекендердің бір-бірінен қашықтығы, географиялық және табиғи климаттық факторлары ескерілуі қажет. Десек те, көрікті мекенді тастап кеткісі жоқ қызыларайлықтар – жаңа ауруханадан үмітті. Оған қоса, берілген уәде тағы бар…

 

 

 

Аяулым СОВЕТ