Құмкенттік қарияларға құрмет

Саялы Сарысу жайлы және осы өңірден шыққан тау тұлғалы танымал азаматтар жайлы сыртта жүріп сөз қозғалса, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Созақ туралы аңызға толы тарихи әңгімелер қоса айтылып жатады.

 

Себебі ырыс-құты біте қайнасқан қос ауданның тыныс-тіршілігі де, климаттық белдеуі де, тіпті өсіп-өнген өрісі де — ортақ.

Соның бір дәлелі дәм-тұзы жарасқан қос ауданның ортасында сыйластығы сыңайлы, әлі күнге жорғасы мен дорбасы еш үзілген емес.

Осы ретте күні кеше аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған бірқатар сала басшылары Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай, Жайылма ауылымен іргелес жатқан Құмкент елдімекенінің қос бірдей тыл ардагерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтап қайтты.

Марат Қырғызәліұлы жеңіс күнін жақындатқан тыл ардагерлері Совет Науанов пен Асаубай Бәкірұлының иығына зерделі шапан жауып, арнайы Алғыс хат пен «сыйластық себетін» табыстады. Тиісінше сексеннің сеңгіріне шыққан қариялар аудан басшыларына ақ батасын берді.

Айта кетейік, қасиетті Рамазан айында жақсылық жасап жарысқан біздің бірқатар жеке кәсіпкерлер Құмкент ауылының тұрғындарына ауызашар берді.

Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі