Қазақтың жерұйығы- Қазақстан!

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1993 жылы отағасы Талғатқа Қазақстан ғылым академиясынан шақыру келді. Біз сол шақырту бойынша Атажұртқа ат басын бұрып, бірден көшіп келуді шештік. Тоқсаныншы жылдардың басы еліміз экономикалық тоқырау, қайта құру басқышында тұрған кезі еді. Жолдасым, ғылым академиясында информатематика саласы бойынша жұмыс істеп жүрді. Мен кішкентай баламмен біраз уақыт үйде отырдым да, 1995 жылы Алматыға аты мәшһұр Барахолка базарына барып, ұсақ-түйек сауда-саттықпен айналыса бастадым. «Қолым жүріп» саудам күн сайын дами түсті. Аздап қор жинағаннан соң, ұлттық киім тігетін шағын цехымды аштым. Бала кезімнен әкемнен (әкем кәсіби музыкант әрі суретші модельер еді) көріп, үйренген сахналық киімдер мен ұлттық киімдерді тіге бастадым.
1999 жылы Достық үйінде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы атынан Қазақстан халқы ассамблеяның кезекті сессиясында өзге ұлттардың қатарында мен де қазақтың ұлттық киімімен көрмеге қатыстым. Сол сессияда тұңғыш президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрмемізге келіп, киімдерімізді көріп «Қандай тамаша ұлттық киімдер», – деп жоғары бағасын берді. Елбасының бұл сөзі маған үлкен жігер берген еді. Сол жылы Қазақстан халқы ассамблеясына мүшелікке қабылдандым. Өзіміз өндірген ұлттық киімдерімізді насихаттау мақсатында коллекциялар жасай бастадым. 2000 жылы Еркебұлан және Нұрсұлтан деген екі баламыздың атынан туындаған “Ерке-Нұр” атты компанияны құрдық. Біздің қолымыздан шыққан шапандарымыз президент әкімшілігі, премьер-министрдің кеңсесі және Сыртқы істер министрлігі атынан елімізге келген мәртебелі қонақтар: Борис Ельцин, Владимир Путин, Дмитрий Медведев қатарлы Ресей басшыларына Сондай-ақ басқа да ТМД елдері президенттеріне Испания, Түркия елдерінің президенттерінің иығына жабылды. 2004 жылы «Ерке-Нұрдың» сән театрын құрып, 2005 жылы республика сарайында тұңғыш рет «Атамекен көңіл сазы» атты сән кешін өткіздім. Қазақстан халқы ассамблеясының делегация құрамында Қазақстанды әлемге насихаттау жобасы бойынша Германия, Франция, Бельгия, Голландия, Америка, Түркия, ҚХР қатарлы елдерде сән қойылымдарын өткіздім. 2006 жылы Ерке-Нұрдың сән журналы, 2007 жылы Ерке-Нұрдың жанынан халықаралық қазақ-қытай тіл колледжін құрдық. Қазірге дейін, колледжімізден 5000 мыңнан астам студенттері диплом алып, үлкен өмірге аттанды. Театрымыздың модельдері Асель Сағатова, Тәуекел Мүсілім және т.б модельдеріміз танымал кино және театр актерларына айналды. Ерке-Нұр компаниясында жұмыс істеген суретші – модельдеріміздің біразы өз алдарында еңбек етіп, Аида Қауменова т.б сияқты тамаша сән үйлеріне айналды. Ерке-Нұрдың осындай жетістіктерінің құрметіне “Ерке-Нұр” атты есім қойылған қыздарымыз республикамыздың түкпір-түкпірінде өсіп келеді. Менің де еңбегім бағаланып, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, “Мәдениет саласының үздігі” құрметтеріне ие болдым. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі ретінде, еліміздің саяси өміріне де белсене араласып келе жатырмын деуге болады. Менің қоғамдық-саяси жұмыстарымның басты бағыты Көші-қон саласы болды. Қазірге дейін бұл салада біраз зерттеулер жасап келе жатырмын.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың басынан өткен аласапыран баршамызға таныс тарихи оқиға екені белгілі. Сол қиын күндерде шекара асып, жан сауғалауға мәжбүр болған қазақтардың алды 1950 жылдардың жылымығы басталғанда, туған жерлеріне қайтып орала бастаған еді. Олардың бұл көші-қоны Кеңес одағының саяси шешімдерімен байланысты болды. Алғашқы лек 1955-1957 жылдары «Кеңес азаматы» ретінде Қазақстанға кері қайтты. Келесі бір шоғыры – 1962 жылғы көш. Мұны Қытайда «1962 жылғы Іле, Тарбағатай оқиғасы» деп атайды. Бұл көштің шындығы әлі толық ашылған жоқ… Бір анығы шекара сызығының ар жағында отырған қалың елдің Қазақстан жеріне қотарыла көшіп келгені еді. Кеңес үкіметі бұл адамдарды еңбеккүші жетіспейтін аймақтарға орналастырған екен. Көп сандысы ШҚО-на, алды Жезқазғанға дейін барып ірге теуіпті. Бір қызығы осы адамдардың барлығы алғаш келіп күл төккен жерлерінен ешқайда табан аудармапты. Мен осы жағдайларды зерттей келе 2011 жылы «Қазақстан халқы ассамблеясы шеңберіндегі Қазақстандағы оралмандар мәселесі бойынша тұрақты жұмыс комиссиясы ұйымының тұжырымдамасын» жаздым. Онда шетелдерден көшіп келген ағайындарды Қазақстандағы еңбеккүші жетіспейтін солтүстік және шығыс аймақтарға апарып орналастыру, ол үшін баспана мәселесін шешім етіп, олардың ары қарай шаруашылықпен айналысып кетуіне жағдай жасалса, сол өңірге бауыр басып кететіндігі туралы қорытынды шығардым. Бұл тұжырымдаманы сол кездегі мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа, ҚХА-ның төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжановқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға және сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхаммедке тапсырдым. Осыдан кейінгі уақытта көші-қон бағдарламасы жетілдіріле түсті. Бұрын көші-қон дегенде тек қана шетелдерден келетін қазақтар назарда болса, енді «ішкі көші-қон бағдарламасы» өмірге келді.
Сол күндердің бірінде Гүлшара Әбдіхалықованың қабылдауында болдым. Ойларымды ортаға салып, оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету туралы айттым. Бұл енді бұрындары мемлекеттік квота есебінен шешіліп келген мәселе еді. Ал шалғайдағы елді мекендерден баспана беру жағы жолға қойылмаған болатын. Гүлшара Наушақызы «Курчатов қаласындағы әскери қалашықтағы иен қалған үйлерді оралмандарға беруге бола ма?» дегенді айтты. Дегенмен өз күдігін жасырған жоқ. «Мемлекеттер арасында шекара болғанымен, атмосферада, ауада шекара жоқ қой. Сол Курчатовтың ауасымен Тарбағатайдың арғы бетіндегі қазақтар да тыныстап отыр. Егер сіз бос қалған үйлерді Қытайдан көшіп келген қазақтарға берсеңіз, алғыстан басқа ештеңе айтпайтынына мен кепілмін» дедім. Қазір сол қалада арғы беттен келген ағайындар, әп-әдемі тіршілік кешіп жатыр.
2012 жылы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияға мені оралмандар ісі бойынша сарапшы болуға шақырды. Комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов ағамыз еді. Шетелдердегі қазақтардың ең көп шоғырланған жері Ресей, Өзбекстан, Қытай елдері. Алдыңғы екеуінде тұратын ағайындар елге келуде, виза жағынан еш қиналмайтын еді. Ал Қытайдағылардың мәселесі басқаша болатын. Мен комиссия құрамында бола жүріп, Қытайдан келетін қазақтардың виза алу жағындағы қиыншылықтарын шешу туралы мәселені ортаға салдым. Бұл туралы қазақ тілді баспасөз беттерінде де жиі айтылып жатқанымен, нақты өзгерістер болмай, арғы беттегі ағайындар елге жете алмай тосылып жатты. Оның үстіне көшіп келуге ниеттенген қазақтардың бір жолда келе салмайтыны тағы бар. Алдымен біреуі келіп елмен, жермен танысады. Екінші рет келіп өріс-қоныс болатын жер іздейді. Сосын барып отбасын көшіреді дегендей. Яғни қайта-қайта виза алуы керек. Осы мәселені түсіндіре келіп, «визаны аямаңыздар» деген ұсыныс айттым. Қуаныш Сұлтанов ағамыз тәуелсіз Қазақстанның ҚХР-дағы тұңғыш елшісі болған адам. Бұл мәселені жақсы түсінді. Комиссияның шешімімен «1 жыл көп мәрте», «2 жыл көп мәрте» деген виза түрлері қолданысқа ене келе ақыры « 3 жыл көп мәрте» деген виза жолға қойылды. Бұл жағында «барлығын жоғары жақ шешті» десек те, кейбір қоғамдық мәселелердің шешілуіне азда болса үлес қостым деп ойлаймын.
2016 жылдан бастап Алматы қаласы мәслихатының депутатымын. 2013-2018 жылға дейін «Nur Otan» партиясы орталық саяси кеңесінің мүшесі болдым. Қазір «Nur Otan» партиясының Алатау аудандық саяси кеңесінің мүшесімін. Осының барлығы тәуелсіздігіміздің жеңісі, елдігіміздің арқасы. Мен жер бетіндегі барша қазақтың жүрегі- Қазақстан деп соғатындығын білемін! Қазақтың жерұйығы- Қазақстан!
Фарида Мерхамитқызының фейсбук парақшасынан