«ҚАС ҮЛЕКТЕЙ ҚАТЕПТІ, ҚАРА НАР КЕРЕК БҰЛ ІСКЕ!»

Шахмат тақтасына үңілген екеу және халық құдіреті

Журналист қауымы көбінесе әкімдермен ищайласып, текетіресіп, айтысып жүретіні ежелден келе жатқан үйреншікті нәрсе. Сонда деймін-ау, қалам иелерінің мұндай мінез көрсетуі өздерінің жеке басын күйттеуі емес, бұқараның қамы, халықтың жанайқайын билікке жеткізу ғой баяғы. Соңғы айлардағы пандемия зұлматы кімнің кім екенін, қаншалықты рөлі барын айқын көрсетті. Ең бастысы қасірет, ауру, жоқшылық қабырғасына қатты батқан халық қаһарына мініп тұр. Президент ел тіршілігінің шатқаяқтап тұрғанын білді. Сенім артқан үкіметінің қауқарсыздығын және көріп, «бұларды не істесем екен?» деп екіұшты ойдың ортасында жан-жақтан қаумалаған сан түрлі пікірлерден нақты нәтиже шығара алмай, кесімді сөзін айта алмай шарасыз күйде отыр-ау, шамасы. Былай тартса өгіз өледі, олай итерсе арба сынадының кебі.

 

 

Данышпан Нұрағаң Президент інісіне ақылын, жөн-жобасын айтпай, жол көрсетпей, шыдап алаңсыз отыра алар дейсің бе? Екі мықтының алдында өмір-шахмат тақтасы. Осында самсап тұрған сен тұр, мен атайын деген фигуралар. Мұндағы шенеунік фигуралардың қарымы, мүмкіндігі қандай, нендей істі тындыра алатыны, халық көз тігіп отырған екеуге айнадан қарағандай белгілі. Халық бұрын көрермен ретінде қол шапалақтап көпе-көрнеу көз жұмған күйде анау-мынауға көне қоймас. Жаңаша үкімет құрамына тың, ойы сергек, әділ, турашыл, іскер, таза, адал фигураларды қоюды қатаң талап етіп отыр. Әйтпесе…

 

 

 

Иә, бұл «әйтпесенің» соңында таудай салмақ жатыр. Ол ауыр салмақты кімдер көтере алады? Мәселе сонда! Президент бұрынғы биліктегідей шахмат тақтасындағы фигураларды ауыстыра салуға не батылы жетпеді не жаңаша ауыстыруды ойлады ма, халыққа сауын айтты. Тың реформа жасайтынын, үкіметті ауыстыратынын және ол ісіне және жаңа тұлғалар табуға халықтан көмек сұрады. Біздің газеттің ұжымы мен авторларымыз да қамсыз қалмай, өткен нөмірімізде «Ақпараттық талдау бөлімінің» алғашқы мақаласын ұсындық. Ол «Президент реформасына ұсыныс» деген айдардың аясында жарияланды. Міне, бүгін тағы да ойласа келе «Бас уәзірге, сондай-ақ өзге лауазымдарға кімдер лайық?» деген сауалға жауап іздедік.

 

Халықтың сүйіктісі болу қиын ба?

Халық «биліктің шахмат тақтасын» бекер ойлап тапқан жоқ. Оның үстіндегілер «Президенттің сүйіктілері» деп елдің айтып жүргеніне де көп болды. Әрине, олардың ішінде саусақпен санарлықтай халықтың сүйіктілері де болғанын да жоққа шығара алмайсың. «Биліктегілердің бәрі де жегіштер, жемқорлар» деп кесіп айтуға бола ма? Атақтардың сатылатыны сияқты «бізде лауазымды орындар да сатылады» деген ұйғарым да желдей есіліп айтылып жүр. Ол орындардың бағаларын да қолмен қойғандай айтады ғой шабаздар. Жә, бұл өте үлкен арналы әңгіме. Ұштығына жетпей малтығып, негізгі тақырыптан ауытқып кетуің оп-оңай. Сондықтан бұл әңгіменің жүгенін тартып, негізгі тақырыпқа көшелік. Сонымен халықтың биліктегі сүйіктілері кімдер? Оның көш басында Иманғали Тасмағамбетов көптен бері нық тұр. Бердібек Сапарбаев та осал «жау» емес. Қырымбек Көшербаев та ол екеуінен қалыс қалмас. Осы төрттіктен кейін тұлпарын шаужайлап келе жатқан тағы бір шенеунік тұлға туралы бүгін аз-мұз сөз қозғағымыз келеді. Айтпақшы бұл тізімге көптен бері депутатықты малданып жүрген, жақында жетпіске келген Серік Үмбетовті де қосып қойсақ әбестік болмас. Сонымен біз билік сөз еткелі тұрған тұлғаны сіздер де жақсы білесіздер. Ол, ол тура Пандемия дауылының алдында бүкіл елімізді дүр сілкіндірген Қордай оқиғасының басты күнәһары саналған, өзінің «күнәсін өз еркімен мойындап» облыс әкімі қызметінен кеткен Асқар Мырзахметов. Асқармен бірнеше рет аттың жалын да, түйенің комында кездескенім болмаса тонның ішкі бауырындай арқа-жарқа болып, сөйлескен пенде емеспін. Бірақ оның ел алдындағы беделінен, жасаған, атқарған қызметтерімен жақсы таныспын. «Ел мақтаған жігітті қыз мақтаған» демекші, Асқардың рухани жағынан әпкесі саналатын, Елана атағы бар, біздің газеттің бас директоры, әммеге аян журналист Сәуле Мешітбайқызы шенеунік інісі туралы жылы-жылы сөздерді аналық жүрекпен шертіп жүреді. Сырттай мақтау емес оқиғалы деректермен тұздықтап жеткізеді. Соның бірін сіздердің назарыңызға ұсынып, содан соң әңгімені әрі қарай жалғастырсақ:

 

 

– Ол кезде Асқар бауырым Оңтүстік Қазақстанның әкімі болып дүрілдеп тұрған. Журналистік сапармен барып, облыстың үлкен шарасына қатыстым. Әрине, арнайы барған соң облыс әкімімен кездесіп кету де жоспарымда бар. Әлі де шара басталған жоқ. Жұрт енді-енді жинала бастаған. Әлі де біршама уақыт бар. Кенет жанымдағы біреу сыбыр ете түсті: «Әне, облыс әкімі келе жатыр» Елең ете түстім. Иә, иә, ешқандай нөкерсіз Асқар Мырзахметов келеді екен. Таң қалдым. Әйтпесе облыс әкімі дегендерің қаумалаған нөкерсіз, қорғаушысыз жүрмейді ғой. Бұлайша қарасаң қарапайым халықтың бірі. Жан-жағына бажайлай ойлы көзбен қарап жаяу-жалпылап келеді. Жақындап келгенде ол маған сәлем берді. Мен де сәлем беріп, оның жанына жақындадым. Міне, қызық! Екеуара әңгімеміз жарасып кетті. Мені біледі екен. Емен жарқын сөйлесіп, аяңдап шара болатын жерге де жақындадық. Міне, осы кездесуден кейін, менің айтқан әңгімелерім  ұнады ма, әйтеуір «Әпке! Сіз қайдасыз?» деп кейін іздейтін болды. Әсіресе менің туған жерім Жамбыл облысына Асқар бауырым облыс әкімі болған кезде өзара байланысымыз нығайып, көп мәселелер жөнінде ол менен ақыл-кеңес сұрап отыратын. Асқар Мырзахметов өте ізденгіш, жаңашыл, халықшыл, принципшіл, талапшыл, көреген, ең бастысы қарапайым қазақи жан. Менімше Президентімізге осындай Асқар тәрізді тұлғалар қажет.

 

 

 

 

Билік жалтақ болса, ұлтқа қауіп

Әрине, бұл Асқар өміріндегі бір ғана штрих қана. Түркістанның да, Жамбыл облысының қарапайым тұрғындары ол туралы жылы лебіздер айтады. Осы мақаланы жазар алдында қос облыстың біраз адамдарымен тілдестім. «Шіркін, Асқар облысымызға қайта келсе жақсы болар еді. Оның істеген, жүзеге асырған жасаған жақсылықтары көл көсір ғой» десті бірауыздан. Қоңырау шалып Асқарын іздегендер көп. Ардагер Мәскеу Ноқрабеков Жамбылдың тұрғылықты тұрғыны. Айтарын жалтақтамай айтатын ағамыздан Асқар жөніндегі пікірін сұрадық. «Жамбыл облысы жақсы әкімге жарымай жүрген өңір еді ғой. Бұл жерде марқұм Асанбай Асқаровтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Міне сол ағамыздан кейін Жамбылды көтерген, Таразды гүлдендірген осы Асқар ініміз. Аз уақыттың ішінде оның жасаған толағай істерін тауысу мүмкін емес. Қордай оқиғасына ол кінәлі емес. Әлі де Асқаржан өңірді көркейтуде, халықтың әл-ауқатын арттыруда көп іс тындырар еді. Әттең! Меніңше ол қазір нағыз пісіп жетілген, небір қиын да ауыр жұмыстарды атқара алатын, қазіргі қиын заманда өмірдің түйіндерін шешуге шамасы жететін тұлғалардың бірегейі. Бас уәзір қойсаң ол ауыр жүкті көтеріп кете алатын елдің қара нары болуға лайық жан. Біздің шенеуніктерде жетпейтін бір қасиет бар. Ол ұлтшылдық, өр мінезі. Көбісі жалтақ. Өзінің жеке басының қамын ойлайды. Ұлттық мәселелерге келгенде батылдық танытпайды. Ал Асқарда осы қасиет бар. Қай істі қолға алса да «өзге ұлт өкілдері бұған қалай қарайды екен?» деп екіұшты ойламай, ойын жүзеге асыруға тырысады» деді Мәскеу ағамыз.

 

 

 

 

 

 

 

Мәскеу ағаның айтқаны көңілге қонады. Бір мысал келтірейін. Мен «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының бір мүшесімін. Осы ұлы көтерілістің мән-маңызын біздің шенеуніктер, билік әлі де түсінбей келеді. Әлемді дүр сілкіндірген сол кездегі батыр ұл-қыздарымыздың таңғажайып ерлігінің бағасын бере алмай келеміз. Неге? Себебі жалтақпыз. КСРО сынды алып империяның қабырғасын қаусатқан бұл көтерілісті әлем баяғыда-ақ мойындап қойған. Ал біз мойындауға қорқып келеміз. Біз бір топ желтоқсаншылар көтерілістің бесігі Алматыда болашақ ұрпақты тәрбиелей алатын зор Желтоқсан кешенін салу қажет екенін қақсап айтып келеміз. Оның жобасын, мәкетін сона-ау Храпуновтан бастап, одан соң ел мақтаған Тасмағамбетовке де, басқасына да ұсындық. Бізге жауындай қарап, теріс айналды олар. Білесіз бе сол арманымыз Таразда жүзеге асты. Оны жасаған, жүзеге асырған айналайын Асқар Мырзахметов. Әрине, бұл ең алдымен Алматыда жүзеге асатын нәрсе болатын. Желтоқсан көтерілісіне арналған кешен сонымен Таразда салынды. Бардық. Көрдік. Риза болдық. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші Асқардың жалтақтамай жасаған бұл ерлігін, азаматтығын қалай айтпассың! Ол кешен Жеңісі саябағынан бастау алады. Драма театрдың алдында тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткішін осы саябаққа әкелуінің өзі ұтқырлық. Жастар аллеясының өзі неге тұрады? Міне, біз мысалға келтіріп отырған «ZHELTOQSAN-86» орталығы кешені. Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков сомдалған ескерткіші. Одан соң «Желтоқсан ұсқыны» кешені. Рухы асқақтаған «Желтоқсан толқыны» субұрқағы. «Желтоқсан мұражай орталығы олардың бәрін біріктіріп тұр. Біздің айтайын дегеніміз мұндай ерліктің ескерткіші біздің республиканың еш жерінде жоқ Оның неге салынбай жатқанын жоғарыда айттық.

 

 

 

 

 

Асқардың ауылды өрге сүйрейтін бастамалары аяқсыз қалды

Иә, сонымен басты мәселеге көшелік. Президент осы шілденің соңына дейін елдегі ахуалды жақсарта алмаса үкіметті тарататындығын ашық айтты. Бас уәзірлікке лайықты жандар баршылық. Бірақ ол мынадай қиын да ауыр шақта мемлекетіміздің кемесін сүйреп, жаймашуақ айдынға шығара ала ма? Міне, Президентті де, халқымызды да тығырыққа тіреп отырған сауал да, мәселе де осы. Біз ұсынған Мырзахметов жасы жағынан да, тәжірибесімен де, нағыз кемеліне келіп тұрған шағымен де осы орынға лайық деген зор сенім бар. Тағы бір азаматтың ойын келтіре кетелік. Ол Бәйкен Әшірбаев:

«Індет кезінде былқ етпеген бір ғана сала – Ауылшаруашылығы! Ауылшаруашылығы саласына реформа керек! Ісек пен тұсақты ажырата алатын мамандар керек! Латифундистерден жерді қайтарып, жалға берілу мерзімін өзгерту қажет. Алпауыт шаруашылықтарға берілетін субсидияны тоқтатып, жеке шаруаларға беру тәсілін енгізу шарт. Мың сиыры немесе он мың қойы бар фермерге субсидия не үшін қажет?! Жылдық төлдің өзі айналымды ұстап тұрады. Қазіргі жағдайда миллиардтаған қайтарымсыз субсидияны 20 жылдан бері тоқтаусыз санаулы ғана алпауыттар алып келеді.

 

 

Жалпы бұл салаға жүйелі жұмысты Мырзахметов бастаған. Оңтүстікте оңды нәтиже көрсетіп, талай жан төрт түлікпен шаруасын тіктеген. Одан «Нұр отанда» партиялық бағдарламаға да енгізген. Қазір тоқтап қалды. Ал ауылшаруашылығы министрі кезінде бүтін бағдарлама жасап, шағын шаруаларды қолдаудың барлық тетіктерін бекіткен. Әттең-айы кейінгі келген министрлер бұл бағдарламаны жоққа шығарып, алпауыттарды қолдау акциясына басымдық берді.

 

 

Жамбылға әкім болып келген күннен бастап, тағы тәуекел етіп пилоттық жоба бастады. Президент мақұлдап он ауданнан он бір ауыл таңдалып 2,5 пайыздан несие таратылды. Кооперативке біріктірілді, талай ауыл тұрғындары мал алып кәсіп бастады. Қазір тағы тынышталып қалғандай. Бір әкімнің жобасын екінші әкімнің жалғастыруы қиындау боп тұр. Бірақ бұл жобаның мәнісі бөлек еді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың жалғыз жолы осы еді. Жамбылда жемісін берсе, республикаға таратамыз деген. Тым-тырыс. Жауапты Берік Нығмашев бере жатар.

 

 

 

 

 

Менің айтпағым дәл осындай қиын-қыстау кезеңде Асқар Исабекұлындай кризис менеджерлер керек. Өзін де, өзгені де аямайтын мемлекетшіл тұлғалар керек!»

Ауыл ел бесігі дейміз ғой. Ауылдың, ауылшаруашылығының қазақ халқына ауадай қажет екендігін өмір дәлелдеді. Осы жөнінде редакциямызға хат жолдаған аты белгісіз оқырманның пікірін келтірсек артық болмас.

«Шыны керек, дәл қазіргідей сәтте жоғарыда кадрлық сапырылыстың болғаны ахуалды әлсіретіп жіберуі де әбден мүмкін. Дегенмен де сауапты әрі жауапты қызметтерге қолынан іс келетін кадрларды отырғызу дұрыс сияқты. Мәселен, Президент  ел тірлігіне араласуда жалыны жоғалмаған, қайраты кемімеген Асқар Мырзахметовтің қолына өзі бастаған мемлекеттік мекемелердің бірінің екі тізгін, бір шылбырын сеніп тапсырса ұтылмасы сөзсіз. Оған оның өмір мектебі де, тәжірибесі де, атқарған жұмысы да толық сай келеді деп нық сеніммен айта аламын. Алысқа бармай-ақ, оның Жамбыл облысына әкім болған екі жылдан астам уақыттағы (2018-2019 жж) жұмысын айтуға болады.

Асқар Исабекұлы Әулиеата өңіріне әкім болып тағайындалған сәттен бастап, облыс орталығы Тараз қаласына ерекше реңк сыйлауға екпін берді. Қойнауы тарихқа тұнған Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішін қойғызды, Ұлы Отан соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналған обелискілер, «Мәңгілік алау» отсауыты орнатылды. Тұрғындар тынығып, тынысын ашатын орындарды оңалтуға көңіл бөліп, нәтижесінде «Үшбұлақ» жағалауы демалыс аймағын жаңғыртудан өткізді. Сона-ау қадым замандағы бабаларымызды, олардың өнерін тірілткен Әулиеата кешені бүкіл әлемді өзіне қаратқан таңғажайып өнер жауһарлары екені мойындалды емес пе? Біздіңше туризмді дамыту деген сол.

 

 

 

 

Осылайша облыс орталығын абаттандырған Асқар Исабекұлы көптеген салаларда да өзіндік қолтаңбасын қалдыруда тәжірибесі толысқан маман, оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетті. Мәселен, ол Жамбыл облысын басқарған екі жыл ішінде құрылысқа қатысты 134 жоба құны қайта қаралып, мердігерлерге мақсатсыз берілгелі тұрған 21 миллиард теңгенің «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпеуінің алдын алды. Қала, аудан әкімдерінің сылбырлығын сын тезіне алып, олардың жұмысын ширатты. Ол облысқа әкім болған екі жыл ішінде аймақтың экономикалық өсімі бес жылда бағынбаған белеске жетті. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда өндірісінің көлемі артты. Облыста үш ауысымды мектеп мәселесінің шешілуі дәл осы Мырзахметовтің кезінде орын алды.

 

 

 

 

 

 

Мырзахметовтың Жамбыл өңірі үшін ауылшаруашылығы саласын дамытудағы еңбегі де ерен. Ол осы салада күнін кешіп, кәсібін жасап жүрген ауыл тұрғындарын өнімді еңбек етуге ұйыстыра білді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, үй ауласындағы мал және құс өнімділігін арттыру, ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу сынды бағыттардағы жұмыстары бойынша оң пайыздық көрсеткіштер түзілді. Біраз азаматтар Асқар Мырзахметовтың жаңылған тұсы құқық саласы мен тұрғындар қауіпсіздігіне келгенде бейғамдық танытқанын алға тартады. Осындайда хакім Абайдың «Баяғыда біреу біреуді пәлен жасымда келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді» деп, соны өлгенінше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?» деген сөзі еске түседі.

 

 

 


 

Өмір соқпағының даңғылы болмайтыны сынды, әр адамның жүріп өтер жолы да түзу болмайды. Сондықтан да Асқар Мырзахметовты жекелеген салаларда «қамысты бос ұстады» деп, оны тұтас ел тірлігінен шетқақпай ету әбестік деп түсінемін. Айтпақшы ол осы жылдың басында өз қызметінен кеткен кезде «жақсы кадр жерде қалмайды» деген сөздер жиі айтылды. Ендеше таптырмас кадрдың ел қызметіне араласатын уақыты келген сияқты. Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мырзахметовке сенім артса бас бармақпен бағаланатын тірліктер молая түсер еді…» Орынды да қарымды пікірлер бұл. Осындай қиын кезеңде Асқар Мырзахметов сынды өр мінезді, іскер жандар ауадай қажет еді. Бірақ өкінішке орай осындай қара нарымызды үйге отырғызып қою кімге қажет болды екен?

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға

Қас үлектей қатепті,

Қара нар керек біздің бұл іске!

Махамбеттің жарқ-жұрқ еткен бір шумақ өлеңімен, осы пікірлермен, біз де әңгімемізді түйіндегіміз келеді. Иә, ел басына күн туып тұр. Ауыр кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Қазақ халқы бұдан да қиын нәубеттерді басынан кешкен. Бұл ауыртпалық та өтер, кетер. Бірақ оны жеңе алатын, арыстандай ақырып, жолбарыстай шамырқанатын, қолынан іс келетін, елін, ұлтын жанындай сүйетін, бұқараның көз жасын сүртетін нәзік жүректі, бірақ батыл, батыр нағыз ерлер керек қазір. Біз бүгін бір азаматымызды ұсындық. Ал сіз кімді ұсынасыз? Белсенділік қажет. Ынтымақ-бірлікті жасайтын халқымыздың ынта-пейілі. Осы жағынан тартынбайықшы, ағайын!

 

Ертай Айғалиұлы