Қарағанды облысында 2020 жылы сумен жабдықтау бойынша 90 жоба жүзеге асырылады

Қарағанды облысында 2022 жылға қарай қала тұрғындарын толықтай орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мақсаты қойылған. Ауылдық елді мекендерде 2023 жылға қарай жүз пайыздық көрсеткішке қол жеткізу көзделуде. Биыл бұл міндетті орындау үшін өңірде 90 жоба жүзеге асырылады. Сумен қамтамасыз етудің 25 жаңа нысаны салынуда.
Онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайы мен әлеуеті талқыланды.
— Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында Қарағанды облысында 2019 жылы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша сумен жабдықтау және су бұру бойынша 31 жоба іске асырылды. Елді мекендерде 295 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды, су құбыры желілерінің тозуы 67%-ға дейін, кәріз желілерінің тозуы 78%-ға дейін төмендеді, 11 нысан пайдалануға берілді. 2020 жылы «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша 90 жобаны іске асыруға қаражат бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 380 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілерін салу және қайта жаңарту, 76,8 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жүргізу және 25 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, — деп баяндады энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Тоғыз айда 274 шақырым желі салынды және қайта жаңартылды.
Оның айтуынша, осы жылғы жобаларды іске асыру сапалы сумен қамтамасыз етуге қолжетімділікті қалаларда 98%-ға дейін, ауылдық елді мекендерде 89,9%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Алдағы үш жылға жоспарлар жасалуда. Республикаға тағы 27 жобаға өтінім берілді. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 45 басым ауыл іріктеліп алынды, олардың алтауында жұмыстар басталды.
200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендерін орнату жоспарлануда. Оларды құрастыру және пайдалану оңай, қажет болған жағдайда жабдықты бір жерден екінші жерге ауыстырудың еш қиындығы жоқ.
Сондай-ақ, жаңа ұңғымалар салу мүмкіндігі үшін жерасты суларына қосымша барлау жүргізіледі.
Облыста ескірген тазарту құрылыстары мәселесін шешуге кірісті. Биыл Ұлытауда тазарту құрылыстарын, Абай мен Қарабаста кәріз сорғы станцияларын салуды аяқтау жоспарланып отыр. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Ақтоғай ауылында нысандардың құрылысы кезекте тұр.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек алдағы бірнеше жылда өңірде ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының көмегімен 7 кәріз-тазарту құрылыстарын салу жоспарланғанын хабарлады.
— Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету — жергілікті билік органдары жұмысының маңызды басымдықтарының бірі. Сумен жабдықтау нысандарын салу және жөндеу барысын қатаң бақылау болады. Сонымен қатар, экологиялық заңнама талаптарын сақтау — тазарту қондырғыларын қарастыру қажет, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Жомарт Шаймұрат