ЭНЦИКЛОПЕДИЯ ЕРІККЕННІҢ ІСІ ЕМЕС

Өткен тамыз айының 18-19 күндері Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ аулында ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірегейі, халықаралық дәрежедегі қоғам және мемлекет қайраткері, Орта жүздің төбе биі, теңдессіз шешен Қаздауысты Қазыбектің дүниеге келгеніне 350 жыл толуына орай үлкен мереке ұйымдастырылғаны, оның жетістіктері мен олқылықтары жайлы бұдан бұрын оқырман қауымды хабарландырған едік. Осы мерейтой қарсаңында Ұлы бидің атамекені болған және бүгінге дейін ұрпақтары ғұмыр кешіп келе жатқан өңірдің географиялық-климаттық жағдайы мен тарихы, осы аймақта туып-өскен, қызмет атқарған тұлғалар туралы деректерді қамтыған «Қу – Балқантау» энциклопедиясы жарық көрді. Жақында кітапты әзірлеген жұмыс тобының жетекшісі һәм бас редакторы, Журналистер одағы және Журналистер конгресі сыйлықтарының лауреаты, Мәдениет қайраткері Ермек Балташұлына кездесіп, еңбектің ерекшеліктері, оны әзірлеу барысында кездескен кедергілер мен қиыншылықтар туралы бірер сауал қойған едік. Осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

-Байырғы тарихымызға Қу-Қазылық деген атаумен енген өңірдің дербес шежіресін жасауды қолға алуыңызға қандай жағдай себеп болды?

-2016 жылдың тамыз айында Егіндібұлақ ауыл округінің әкімшілігінде бірер азаматтың басы қосылып, Ұлы бидің 350 жылдық мерейтойына біз – осы өңірді мекендеп отырған ұрпақтары қандай тарту әзірлей аламыз деген мәселені ортаға салдық. Мен соның алдында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласының 60 жылдығына орай бірнеше кітап әзірлеу жұмысына қатысқан едім. Біріншісі – Астанадағы «Фолиант» баспасы «Менің Отаным – Қазақстан» сериясымен шығарған көркемсуретті тарихи-танымдық «Арыс» кітабы, екіншісі – «Арыс» энциклопедиясы, үшіншісі – «Ажарланған, абаттанған Арыс» атты фотоальбом. Солардың үлгі жобасын ұсындым. Жиналғандардың таңдауы энциклопедияға түсті. Сөйтіп, қоңыр күзде кітапты әзірлеу жұмысына қызу кірісіп кеттік. Жалпы, Қу өңірінің шежіресін жасау мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтеріліп, сөз жүзінде қалып қоятын. Түбі осы жұмысты атқаратынымды сездім бе, қажет-ау деген деректер мен құжаттарды ертеден жинап жүретінмін. Солар кәдеге асты. Уақыт тығыз болғанына қарамастан, кітап тез әзірленді.

-Деректерді жалғыз жинамаған боларсыз.

-Әрине, жалғыз емес. Кітапта жұмыс тобының мүшелері деп көрсетілген адамдар атсалысты. Әсіресе, тарихшы ұстаз, қоғам белсендісі Ахмедия Сүлейменов ақсақалдың жанкешті еңбегін атап айтқан ләзім. Бұрын-соңды мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген материалдардан құралған архивін тұтасымен қолыма ұстатты. Өз қолымен бірнеше мақала жазып берді. Жастар десек, мұрағатшы Айдын Рахметуллин мен журналист Дулат Жүнісбеков сынды азаматтарды тілге тиек етуге болады.

Кітапты әзірлеу барысында Шығыс Сарыарқаның табиғаты мен тарихына, ұлтымыздың жүріп өткен жолына қатысты деректі еңбектер, академиялық әдебиеттер, анықтамалықтар, бұрын-соңды жарық көрген энциклопедиялар қарастырылды. Қу – Балқантау өңіріндегі айтулы оқиғалар, осында туып-өскен, еңбек еткен белгілі тұлғалар туралы жазылған мақалалар мен көркем туындыларды сүзіп өттік. Қарағанды облыстық мұрағатының материалдары өз алдына, Алмытыдағы республикалық мемлекеттік және Семей қалалық мұрағаттарының құжаттарын біршама ақтардық. Соның нәтижесінде бұрын жарияға шықпаған бірсыпыра деректерді осы кітап мәтініне енгізудің сәті түсті. Энциклопедия еріккеннің ісі емес, уақыт пен қажырды, шыдамдылық пен сабырды қажет ететін жанкешті еңбек екенін онымен тікелей айналысқан адамдар ғана біледі.

Алғашқы бетте Егіндібұлақ аулының әкімдігі біршама көмектескенін айтқан екенсіз. Кейін олардың энциклопедияны шығарудан бас тартуының себебі неде?       

-Кітапты қолға алуға Егіндібұлақ аулының әкімдігі мұрындық болып, әуелде кәсіпкер азаматтардың жәрдемімен, одан соң Н.Нұрмақов атындағы қоғамдық қор арқылы баспадан шығаруды қаржыландыруға уәде де берген еді. Әйткенмен, уақыт өте келе, жергілікті билік басындағылар сөзінен айнып, алдап кетті. Себебі маған мәлімсіз. Тіпті, еңбектің жарық көруіне барынша кедергі жасады. Жалпы, қазіргі жергілікті атқарушы биліктің тізгінін ұстағандардың әрекеті маған мүлде түсініксіз. Жергілікті мерзімді басылым арқылы хабарландыру жарияланып, ауыл әкімшіліктеріне телефонограмма жіберілгеніне қармастан, әкімдер өздері басқарып отырған ауылдардың тарихы мен экономикасы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, сол жерде туып-өскен, қызмет жасаған азаматтар жайлы ақпарат жинап берудің өзін ұйымдастыра алмады. Туған жердің тарихына, тағдырына деген осындай немқұрайдылық, құлықсыздық пен дәрменсіздік салдарынан Қу – Балқантау өңірінің бірсыпыра дерегі осы кітапта қамтылмай қалғаны өкінішті. Шүкіршілік ететініміз, сең бұзылды. Ел мен жер тарихын тануға талпынған келер буын өкілдері үшін бұл еңбек жөн-жоба сілтейтін бағдаршам болар деп үміттенеміз. Сәл артықтау айтылса да, ақиқаты – осы.

Егіндібұлақ аулының кітапханасында өткен тұсаукесер рәсімінде энциклопедияның жарық көруіне қол ұшын берген жігіттер туралы әңгіме болыпты. Олар кімдер?

-Маусым айында кітап дайын болды. Жарылғамақ болған ағаларым алдап кеткен соң баспаханаға төлеу үшін жанталасып ақша іздедім. Қарызға әрине. Осы сәтте Астанада қызмет жасайтын Серікжан Мергенбаев, Әділет Айтмұқан, Сержан Айдарбеков деген кәсіпкер жастар көмек берді. Алдыңғы екеуі тіпті павлодардық жігіттер. Арғы аталары Едірейдің тумалары екен. Арада бірер буын алмасып, біршама уақыт өтсе де, олар өздерін Едірейдің перзентіміз деп есептейді. Қандас туыстық дегеніміз сірә осы болар. Олардың басын қосып, ұйымдастырып жүрген Қаздауысты Қазыбектің 350 жылдық мерейтойына орай Егіндібұлаққа «Бәйтерек» стелласын тарту еткен Ғани Қабдырахманұлы Омаров ініміз. Сондай-ақ, сот саласының ардагері, Ұлы бидің ұрпағы деп атауға әбден лайық бауырымыз Мәди Жәкешевтің жәрдемі де зор болды. Заманында Мағжан атамыз «Мен жастарға сенемін» дегенде, соңынан ерген осындай асыл азаматтарды меңзесе керек. Жалпы, кітапты әзірлеу барысында кеңестік қоғамның тезінен өтіп, бойындағы рухани қуатты отарлық езгі жаншып, құлқынның құлына айналдырған қумүйіз ағаларға қарағанда тәуелсіз кезеңде еңсесін тіктеген жастарда отаншылдық сезім, туған жерге, елге деген махаббат күштірек тәрізді. Алысқа бармай-ақ, Ұлы бидің 350 жылдық мерейтойы кезінде Егіндібұлақтың аз да болса абаттанып, көркеюіне кімдер көбірек үлес қосқанын еске алайықшы. Қалтасы мығым, «қолы ұзын» ағаларымыз бен замандастарымыз облыстық, астаналық әкім қаралардың назарына іліну үшін тыраштанып жүргенде, әр жылдары мектеп бітірген жастар бірігіп, туған жерге қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Ол үшін ешкімнен атақ-дәреже, сый-сияпат дәметкен жоқ. Осындай жастары барында Қу — Балқантау өңірінің болашағы жарқын болар деп қатты үміттенемін.

-Әңгімеңізге рахмет. Алдағы уақытта жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!

Жұлдыз ТОЙБЕК,