Оңтүстіктен солтүстікке 125 отбасы аттанды

Оңтүстіктен солтүстікке 125 отбасы аттанды. Оның ішінде он шақты шаңырақ өзге өңірге қоныстану үшін бүгін буынып-түйініп жолға шықты. Сапарға жиналғандардың арасында ондағы мүмкіндіктерді қарастырып қайту үшін кеткен тұрғындар көп, деп хабарлады otyrar.kz.

Солтүстікті бетке алғандардың арасында Орынбаевтар отбасы да бар. Сарыағаштық тұрғындар бүгін буынып-түйініп жолға шықты. Еңбекке қабілетті азаматтар екі қолға бір күрек тауып, жері құнарлы өңірде егіншілік пен құс шаруашылығын түлетсек дейді.

Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанып жатқан бұл тұрғындардың арасында осыған дейін тұратын елді мекендерінде болып, ондағы жағдайдың жай-жапсарымен танысып келгендер аз емес. Қоныс аударған азаматтардың тұрғын үй, жер, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілуі әкімдіктегілердің тікелей бақылауында болады дейді жауаптылар.

Еңбек күші жетіспейтін өңірлерге жиналған көшті жергілікті атқамінерлер мен халық қалаулылары шығарып салды.

Айта кетейік, 2015-2017 жылдары күнгейде 1 жарым мыңға жуық мүшесі бар 400-ге тарта отбасы солтүстікке қоныс аударған. Олардың барлығының отбасындағы кемінде бір адамы жұмыспен қамтылып, әр түрлі салада жемісті жұмыстар атқаруда дейді басқарма өкілдері. Көш биыл да жалғасады. Жыл аяғына дейін 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарлануда.