«Мемлекеттік кепілдік ауадай қажет»

 

Болашақ ұрпақ үшін құрылған Ұлттық қордағы қаражат о баста қысылтаяң шақта ғана жұмсалуы тиіс болатын. Алайда қазір Ұлттық банктің алтын-валюта қоры, Ұлттық қордың активі де өсім көрсетудің орнына, жыл сайын кеміп, дімкәс күйге түсіп келеді. Өйткені, бюджет ақшасы оңды-солды жұмсалып, әкімдіктер мен министрліктерге бөлінген миллиондардың сұрауын қадағалайтындар жоқ. Мәселен, биыл Нұр-сұлтанда жыл сайынғы мұз қалашығына 80 млн, екі ауданның жаңа жылдық әсемдеуіне 311 миллионнан астам ақша бөлінсе, депутаттыққа үміткер қыздың жыр кешіне жұмсалған қыруар қаржының да қандай мақсатқа кеткенін түсіндіріп беретін тірі жан болмады. Қаржылық жағдайын жақсарту үшін екінші деңгейлі дімкәс банктер мен ұлттық компанияларға үсті-үстіне бөлінген триллиондаған қаржының қайтқаны аз. Оның үстіне, кредитке көлік алып, той жасайтын жұрттың да қайтарылмай қалған проблемалы несиелері екінші деңгейлі банктерге қауіп әкелсе, Ұлттық қорға алақан жаяды.
Қаржы саласы сарапшыларының арасында сауатты пікірімен ерекшеленіп жүрген экономист Мақсат Халықпен нарықтағы мәселелер мен теңгенің теңгерімсіздігі, Ұлттық қорды не күтіп тұрғаны туралы тілдесіп көрдік.

 

– Былтыр қаржы нарығында өте құбылу процесі орын алды. Теңге біресе түсіп, біресе қатты құлдырып, бірде қайтып күшіне еніп жатқанын көріп отырмыз. Себебі, наурыз айындағы жағдай жалпақ жұртқа түсінікті. Ол кезде короновирустың әлемдік пандемияға айналуы түрткі болды. Қытай зауыт-фабрикаларының көп бөлігі індеттің кесірінен өндіріп отырған көлемін қысқартып, тиісінше шикізатқа деген сұраныс бірден түсіп кетті. Кейін вирустың әлемге тарай бастаған тұсында бүкіл әлемде мұнайға деген сұраныс азайды. Мұнай күрт құнсызданып 20 долларға дейін құлдырады. Теңге бірден 200-ден 400-ге барды,сарапшылар одан ары аспайды деген еді. Бірақ Ұлттық банк алтын-валюта резервінен интервенция жасап, теңгені ұстап тұра алмады. Бір жарым млрд интервенция жасалынды, сол қаражаттың өзі теңгемізді 400 де ұстап тұруға қауқары жеткен жоқ, сөйтіп еркін айналымға жіберуге тура келді. Соңында теңге 450-ге бірақ көтерілді. Ұлттық банк сол күресу кезінде базалық пайыздық мөлшерлемені де 12 пайызға бірақ көтерді. Әлемде керісінше керісінше базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Бізде теңгеге күш беру мақсатында көтерді. Ал жазда теңге қайта күшейді. Қазір де теңге өз күшінде. Жаздағы валютаның өсуіне доллар құнының әлемдік нарықта төмендеуі себеп болды. Ол кезде доллар өзінің кілттік пайыздық мөлшерлемесін нөлдік дәрежеге дейін түсірді. Нәтижесінде швецариялық франкқа, еуроға да қатысты өз құнын жоғалтты. Тура сол секілді біздің валютамыз долларға қатысты біраз құнды болды. Екіншіден, АҚШ-та өткен сайлауалды науқан да септігін тигізді. Енді қазіргі жағдайда теңгеміз күшіне еніп келе жатқанын көріп отырмыз. Оған себеп, фрейзер компаниясының вирустың жаңа вакцинасын таптық деп жар салуы ықпалын тигізіп жатыр. Бұл мұнай нарығындағы өсімді бірден арттырды. ОПЕК + алдыңғы келісімшарт бойынша мұнай өндіру көлемін 2 млн баррелге дейін қысқартамыз деп айтқан еді, бірақ ондай емес 4/1 бөлігін, яғни 500 баррелге дейін ғана қысқартты. Өйткені, бірден 2 млнға дейін қысқартса мұнай бағамы қайта құлдырап кетуі мүмкін. Қазір мұнайдың 1 баррелі 50 долларға жақындап келе жатқан жағдайы бар. Осы жағдайда мұнайлы елдердің валютасы біраз құнын арттыра бастады. Теңге құны мұнай бағасының өсуіне байланысты болып отыр. Одан кейін еліміздегі сайлауалды операцияның да теңгенің көтерілуіне тікелей болмаса да жанама әсері бар. Өйткені, сайлау науқанында Ұлттық банк теңгенің күштілігін сақтап отыруына күш жұмсайды. Қазанда теңгемізге күш беру үшін 232 миллион доллар көлемінде интервенция жасаған. Қаржы нарығында сайлауға дейін де белгілі дәрежеде теңге басымдық көрсетеді. Қауіп, қаңтарда қайта келуі мүмкін. Себебі, Байденнің келесі жылғы ант беру рәсімінен кейін Ресейге санкциялар саламын деп отыр. Мұнай дәуірінің аяқталғанын көрсетіп, өздеріндегі мұнай қорлары мен орындарын жабатынын мәлімдеді. АҚШ жасыл экономикаға, баламалы энергеткаға 2 трилион доллар бөлмек. Бұл біз секілді мұнайлы елдердің валютасының құндыздануына әсер етеді.

– Борыштық міндеттемелер бойынша төлемдердің абсолюттік мөлшері де өте үлкен деп жатады. Банктердің заңды тұлғаларға да, жеке тұлғаларға да кредит беру көлемінің қысқаруы, ұлттық валютаның екі есе девальвациясы аясында теңгемен белгіленетін кредит беру көлемінің төмендеуі қаншалықты дұрыс?
– Экономиканың негізгі секторларының, соның ішінде қызмет көрсету саласы қатты зардап шегіп отыр. Осы саладағы банктердің алдындағы берешектері мен борыштары күннен-күнге өсіп келеді. Көп банктерде қайтпай отырған несиелер белгілі бір дәрежеде көлемін арттырды. Екіншіден, осы жеңілдетілген несиелерді толық дәрежеде пайдалана алмай отырған шаруашалық жүргізу субектілері де қиын жағдайда. Банкроттықтың алдында тұрған компаниялар өте көп. Сол себептен шаруашылық жүргізу субъектілерін несиелендіру банктер тарапынан төмендеп кетті. Банктердің бизнесті қаржыландыруы 17 пайызға түскен. Биылдың өзінде пандемияға байланысты шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан 1 триллион теңге бөлінді, сол қаражаттың көп бөлігі әлі күнге дейін игерілмей отыр деген ақпарат бар. Осы мәселеге мемлекет қатты ден қою қажет. Өйткені, екінші деңгейлі банктерді оператор ретінде ұстап отырғаннан гөрі, шағын несиелік ұйымдармен қаржыландыру керек шығар. Қазір шағын және орта бизнесті қаржыландыруға мемлекеттік кепілдік жетіспейді. Кәсіпкерлердің төлем қабілеттілігі түсіп, табыстары ортайып қалды. Кепілдікке қоятын мүліктері жоқ. Осы өлшемдер бойынша банктер қаржыландырудан бас тартып отыр.

– Қазақстан компанияларының 41% қаржылық проблемаларға тап болды. Несие ставкаларының өсуі жаңа несиелер беруді тоқтатып қана қоймай, бұрын берілген несиелерге қызмет көрсетуді қиындатты дейді. Бұл туралы не айта аласыз?
– Бұл айтқанға толығымен келісуге болады. Жаздың ортасында аудиторлық KPMG компаниясының есебі бойынша, 300 мың шаруашылық субъектісі уақытша болса да негізгі қызметін тоқтатты. 1 миллион шаруашылық жүргізу субъектісі пандемияға байланысты қандай да бір залал көрген. Ал Статистика комитетінің мәліметінше, 100 мың шаруашылық субъектісі жабылған. Бұл аудиторлық компанияның көрсеткен мәліметінен әлдеқайда аз. Шындығында банкротқа ұшырап кеткен компаниялар көп. Жыл соңына дейін жабылып кетудің алдында тұрған компаниялар жетерлік. Осы тұста бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелерге бизнес субъектілерінің қол жеткізе алмай отырғандығы. Бұрын өңдеуші өнеркәсіп саласындағы компанияларға ғана жеңілдетілген несие берілсе, қазір қызмет көрсету саласына да қиын жағдайда тұрса несие жеткізу жағы қарастырылған. Дегенмен бұл жұмыс жылдам жүзеге асып жатқан жоқ. Кедергілер көп. Екінші деңгейлі банктің арасында қаншама кәсіпкерлер несие үшін табанынан таусылып жүр. Салдарынан кейбір кәсіпкерлер қолдарын бір сілтеп банкрот болуға шешім қабылдады. Сондықтан пандемияға дейін табысты қызмет жасап, салықтарын уақытында төлеп жүрген компанияларға шетелдегідей мемлекеттік кепілдік керек.

– Бізде қор нарығы дамымаған, нәтижесінде еліміз тек құрылымдық дағдарысқа тап болды деп жатады. Сіз қалай ойлайсыз?
– Рас, бізде құрылымдық дағдарыс бар. Оның айқын көрінісін 2015-2017 жылдары көрдік. Экономикамыздың бір бағытта дамуы, шикізаттық бағытта қалып қалуы себеп. Президент тарапынан қаншама дұрыс бастама қолға алынады, тапсырма беріледі. Бірақ аймақтарға жеткенше түрленіп, өңін өзгертіп барады. Сол жердегі жергілікті шендінің халыққа қызмет көрсетудің орнына қалтаға басатыны көп. Осының өзі біздегі жүйелік дағдарыстың, құрылымдық дағдарыстың айқын көрінісі. Былтырдан бері алға қарай жылжу болғанымен, ол көпке созылған жоқ.

– Кейбір банктердің несие қоржынының 80 пайыздан көбін проблемалық несиелер құрайды екен…
– Қазақстандағы банктердің негізгі жауы – проблемалы несие. Ол қайтпай қалған несиелерден басталады. Көптеген адамдар керек кезінде несие алды да, қайтаруға келгенде қаражатының жоқтығын айтты. Сол үшін банктер, амал жоқ, коллекторлардың қызметіне жүгінеді. Коллекторлар азаматтардан қарызды түрлі тәсілмен шығарып алуды көздейді. Шынын айту керек, проблемалы несиелердің барлығы сонау 2006 жылдан бері қарай басталған. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстың кезінде ол айқын көрінді. Сол кезде проблемалы несиелердің салдарынан қаншама банк банкрот болудың алдында қалды. Ол үшін мемлекет Ұлттық қордан дағдарысқа қарсы бөлінген 10 млрд доллардың тең жартысы осы банктерді сақтап қалуға жұмсалды. Көптеген банктің қоржынында проблемалы несиелер қалды, ол кейін ұлғайып 2013-2014 жылдары қайта шықты. Мәселен, БТА банк Казкомға қосылғанда проблемалы несиелерімен бірге өтті. Ақыры сол сақталған несие Казкомның түбіне жетті.
Проблемалық несиелерді өндіру бойынша қазір институт құрылып, бөлек жұмыс жасалуда. Бірақ қоржынында проблемалық несиелері бар банктер жетерлік, тіпті, пандемияға байланысты несиесін төлеуден бас тартып жатқан адамдар бар. Ол да ертең проблемалы несиеге айналады. Ол қаржылық жүйеге әсер етеді, өйткені, сол несиелерден түскен қаражаттан банктер өз қызметкерлерінің жалақысын төлейді, акционерлерге беретін үлеспайдаларын төлеуі керек, бан салымшыларының депозиттеріндегі пайыздық үстемелерін қайтару керек. Қайтпай қалған несие көп болып кетсе, банк өз міндеттерін орындай алмайды. Арты банкротқа ұшырап, Ұлттық банк олардың лицензияларын тартып алады. Былтыр Тенгрибанктен тартып алды, кезекте тұрған банктер тағы бар. Ең үлкен қиындық, пролемалық несие көбейсе, несиелердің пайызы ешқашан түспейді. Керісінше ұлғая береді. Өйткені, әрбір үш несие төлеушінің біреусі несиесін төлемей қалады, ал банктер несиесін қайтармаған адамның несиесін қалған уақытында несиесін төлеп жүрген екі адамның мойнына пайызбен іліп қояды. Сондықтан біздегі банктердің пайызы жоғары, ипотекалық несиелердің пайызы түспейді. Өкінішке қарай, проблемалық несиелердің салдары тұтастай қаржылық жүйеге, халықтың жалпы несиелік операциялық құралдарын пайдалануына кері ықпалын тигізіп келеді.

– Ұлттық қор ақшасы қайда, қалай жұмсалып жатыр? Холдингтерге бюджеттен бөлінген ақшаның қайтарымы бар ма? Жалпы, мемлекеттің коммерциялық банктерді құтқаруға қаржы бөлуі дұрыс па?
— Соңғы жылдары Ұлттық қорда біз тек трансферттер аударумен шектеліп отырмыз. Қордан екінші деңгейлі банктерді құтқаруға ғана емес, бюджет тапшылығын жабу үшін де, әлеуметтік мәселелерді шешуге, әлеуметтік төлемдерді арттыру мақсатында да қаражат алады. Былтыр желтоқсанда қорда 62 млрд 750 миллион доллардан астам қаражат болған. Соңғы мәліметтерге сенсек, қазір 57 млрд доллар қалған. Бір жылдың ішінде қордан 5 млрд доллардан аса қаражат алынған. Оның үстіне жыл сайын қор қаржысын толтыру бар. Сонда одан да көп қаражат алынған. Ұлттық қорға аударымдар болады жыл сайын. Дәл осылай пайдалана беретін болсақ, онда қордың түбіне жетуіміз мүмкін. Негізі ол қордың мақсаты төтенше жағдай, қиын-қыстау кезде пайдалану реттілігі бар. Ол о баста Норвегияның үлгісінде құрылған қор ғой. Олардың қорларында қаражат 1 триллион доллардан асады. Және олардың жыл сайынғы кірістілігі 100 млрд доллардың үстінде. Сонда олар үстіндегі сыйақысын ғана пайдаланып тұтастай мемлекетті гүлдендіріп отыр. Біздің қордың қоржыны жылда азаяды. Сондықтан бұл мәселе де өзекті. Қорды көп пайданалып қойсақ, Венесуэла секілді мемлекетке айналамыз. Ол мемлекет қордағы ақшаларын түгелімен тауысып, қазір өте қиын жағдайда қалды. Әлем елдерінен қарыз да алу мүмкін болмай қалады. Резерві жоқ елге ешкім қарыз бермейді. Ең қиыны, ұлттық қордан ақша алу дефолттықтың алдына жету деген сөз. Ол жағдайға біз жетпей қояйық. Қазір екінші деңгейлі банктерге қаражат бөлу тоқтатылып еді, банктер бірінен кейін бірі банкротқа ұшырай бастады. Алдағы уақытта да біраз банктер бірігіп, біразы банкротқа ұшырауы мүмкін.

– Қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді бізде. Осы кеңестің қандай тиімділігі бар?
– Ұлттық банктің астынан арнайы комитет құрылды. Ол мемлекет тарапынан құрылатын комитеттер мен ведомстволардың қатарын көбейтумен ғана шектелмесе екен деймін. Бізде қазір бір нәрсені шешу үшін комитет, агенттік, комиссия дегендер көп. Бірақ олардың дені мәселені шешу емес, шын мәнінде халық пен бюджет қаражатын қорды басқарып отырған азаматтардың шетелдік тәжірибелерін, шетелдік іссапарларын қаржыландырып, зәулім үйлер салып, жоғары сыйақы, жалақы тағайындауымен айналысып кететіні бар. Бір ғана мысал, медициналық сақтандыру қорының экс-төрағасы өзіне ертегідегідей жалақы қойып, қор қаражатын талан-таражға салуға әрекеттенген.
Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға келгенде банктердің ынта-жігері төмен. Ешқандай банк қазір тәуекелге барғысы келмейді. Оған Ұлттық банк енгізіп отырған базалық-пайыздық мөлшерлеменің шамадан тыс жоғары болуы. Наурыз айында 12 пайызға көтерді. Ал банктер үшін ол тіпті жақсы, олар өздері активтерін айналдырып табыс тауып отыра береді. Ешқайсысы шағын бизнесті қолдауға құлқысы жоқ. Осы мәселені комитет қолына алу керек. Әйтпесе ол комитеттің түкке пайдасы жоқ.

Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ