Мемлекетшіл азаматтарды қолдай білейік

Ол қатардағы дәрігерден Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына дейінгі жолдан өтті. Медицина саласында адал еңбек етіп келеді. «Кәсіптің ең жақсысын таңдағаныма еш өкінбеймін, өмірімнің соңына дейін оған адал болып қала беремін» деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болатындай. Отандық медицинаның танымал майталмандарының шәкірті болғанын мақтан ететін бұл азамат медицина саласындағы ең негізгі қағидатқа сай жан баласына зиянын тигізуді қаламайды. Ол – Ақ Жайық өңіріне танымал азамат, әріптесіміз Қамидолла Ирменов.
1992 жылы Ақтөбе мединститутының педиатрия факультетін тәмдап, бір жыл реаниматолог-анестезиолог бағыты бойынша интернатурадан өткен соң жолдамамен Орал облыстық балалар ауруханасына бардым. Емдеу орнының басшысы Қамидолла Ирменов «жаңа толқын қызметке келді» деп бізді қуана қабылдады. Ол кісімен таныстығымыз осылай басталды.
Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәз емес еді. Тұрмыстың қиындығына байланысты медицина саласында еңбек етіп жүргендердің біразы бизнеске бетбұрды, басқа салаға ауысты, енді бірі қоныс аударып жатты. Біз, жаңадан келген жас мамандар ештеңеге қарамастан жұмыс істеуге, тәжірибе жинауға ұмытылдық. Білімді де білікті аға, орта буын әріптестерімізден көп нәрсе үйренгіміз келді. Басшымыз бізге сөзімен де, ісімен де рухани қуат беріп отырды. Қамидолла Мұтиғоллаұлы ұжымды барынша ұйыстыруға тырысып, аурухананың материалдық-техникалық базасын шашау шығармай ұстады. Түрлі жағдайда балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне түсіп жатқан 1,5 айлық нәрестеден бастап 14 жасқа дейінгі балаларға қажет дәрі-дәрмектің және басқа да керек жабдықтардың уақтылы әрі жүйелі келуіне барын салатын. Осылайша бірінші басшымыздың беделінің, алғырлығының, талапшылдығының арқасында жоспарлы емдеу шаралары уақтылы жүзеге асатынын. Сол үшін көптеген ата-ана өз шын жүректен алғыстарын білдіргені әлі есімде.
90-жылдардың ортасында Орал қалалық балалар ауруханасы жекеменшікке өтіп, ондағы хирургия бөлімі жабылған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы соған байланысты ондай бөлімді енді облыстық балалар ауруханасынан ашу туралы шешім қабылдады. Осынау шешімді естіген бойда басшымыз бірден іске кірісті. Айта кету керек, ол кезде қазіргідей қаржыландыру жоқ. Құрылыс, жөндеу жұмыстары үнемделген қаржы есебінен жүргізілетін. Бұрын облыстық атқару комитеті болған ауруханамыздың ғимараты кеңсеге арналып салынған еді. Сол себепті мұнда хирургия бөліміне қажетті бөлмелерді жасақтаудың ретті де ыңғайы болған жоқ. Бұлай деп отыра алмайсың. Тапсырманы орындау керек. Бас дәрігердің ұсынысымен, амал жоқтықтан акт залын хирургия бөлімі етіп жасақтаймыз деп шештік. Басшымыз сол акт залын адымдап өлшеп жүріп, болашақ хирургия бөлімінің бөлмелерін ойша жасақтап жатқанына қарап біз, яғни жас мамандар таңданғанымыз рас. Сөйтіп Қамидолла Мұтиғоллаұлы ота алдындағы, таза, лас (іріңді) оталарға, ота жасау үшін қажет құрал-жабдықтарды сақтауға арналған бөлмелерді белгілеп берді. Құрылысшылар сол бойда кірпіштерді қалай жөнеледі. Жобалық-сметалық құжаттама дегендер жоқ ол кезде. Бұл жерде басшымыз өзінің абырой-беделін сала жүріп, құрылыс жұмыстарын жүргізетін ұйымдармен келіскенін, қаржы артынан аударылатынына сендіргенін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде екі-үш айдың ішінде шаруашылық тәсілімен хирургия бөлімінің бөлмелері дайын болды. Жан-жақтан жиналған ескі-құсқы хирургиялық аппаратуралар, құрал-жабдықтар қойылды. 1996 жылы хирургия бөлімі осылайша жасақталып, жұмысын бастаған еді. Шаруашылық тәсілімен салынған бұл бөлмелер он бес жылға жуық уақыт бойы (БҚО көпбейінді балалар ауруханасы салынғанша) қаншама баланың өмірін сақтап қалуға, бүлдіршіндерді емдеп, қатарға қосуға мүмкіндік берді десеңізші. Иә, басқа басшы болса, ол да бөлмелерді жасақтар, бірақ Қамидолла Мұтиғоллаұлы секілді тез шешім қабылдап, жедел әрекет ете ала ма? Мүмкін құрылыс жұмыстары бір жылға дейін созылып кетер. Ал біздің салада әрбір секунт маңызды ғой. Осыдан-ақ ол кісінің мамандығына деген адалдығын, іскерлік қасиеттерін көруге болатындай.
Қамекеңнің адамгершілік қасиеттері де көп. Әсіресе де әріптестеріне қашан да көмектесуге дайын тұратын. Қанша жұмысбасты болса да ол қоластындағы қызметкерлерімен тұрақты түрде сөйлесіп, тұрмыс жағдайын сұрап-біліп отыратын. Егер біреуге көмек қажет болса, мұң-мұқтаждарын шешіп, өтініш-тілектерін орындай білетін. 90-жылдардың соңында облыстық ауруханада еңбек ететін бір әріптесіміз обыр ауруына шалдықты. Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы әлі де оңала қоймаған кез. Керек дәрі атаулысын табу да оңай емес. Әріптесімізге тағайындалған дәрі Оралда жоқ екен. Сол дәріні іздеуге Қамидолла Мұтиғоллаұлы көп тер төкті. Абырой-беделінің нәтижесінде ол қажет дәріні тапты. Әріптесіміз осылайша емделіп, сауығып шықты, қазір арамызда жүр.
2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болғаны белгілі. Сол кезде Алматыға іссапармен барған Қамидолла Мұтиғоллаұлы бір жиналыста танымал немістің лор хирургі Хеннинг Хойманмен танысып, өңірдегі жағдайды айтып, Ақ Жайық өңіріне келіп, көмек ретінде тегін ота жасауға көндіреді. Сөйтіп неміс профессоры бірнеше жыл қатарынан Оралға келіп, құлағы естимейтін жандарға сәтті оталар жасап, біздің дәрігерлеріміздің шеберліктерін шыңдап, көп нәрсеге үйретіп кетті.
Жоғарыда айтып өткенімдей, отыз жылға жуық уақыттан бері Қамекеңмен әріптес, қанаттас болып, қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз. Ол кісі мейірбандылықты, адалдықты, әділдікті, тәртіпті, қандай жағдайда да шындықты айтқанды жақсы көреді. Бүгінде осындай қасиеттер көптеген әріптесіміздің бойында қалыптасты. Мұндай мінез мен қасиеттерді бізден мамандығымыз да талап етеді.
Көпшілікке үлгі болып жүрген Қамидолла Мұтиғоллаұлы сынды азаматтар қай кезде де, қандай қызметте жүрсе де елдің талап-тілегін, мемлекеттің мақсат-мүддесін бәрінен де биік қойып, Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету ісіне айтарлықтай үлесін қосары сөзсіз. Аспаны ашық, дұшпаны қашық, ырыс-ынтымағы жарасқан, жарқын болашаққа нық қадам басқан Қазақ елінің азаматтарының лайықты өмір сүруі үшін де аянып қалмасы анық. Ел алдындағы, мемлекет алдындағы борышын таза ниетімен өтеуге әзір, отандастарын риясыз сүйетін, қадір тұтатын азаматтарымызды қолдай білейік ағайын!
Ерлан Токсановтың фейсбук парақшасынан