МАКСИМ ШЕВЧЕНКО: ҚАЗАҚТЫҢ НАМЫСЫНА ТИМЕҢДЕР, НИКОНОВ!

Бабаларымыз таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді дегенді бекер айтпапты. РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сандырағы, аталған Дума депутаттары Евгений Федоров пен Владимир Жириновскийдің айғайға «аттан» қосып жатқандары көңілімізге алаң тудырып отыр.

«Қазақстан деген ел болған емес. Солтүстік Қазақстанда ешкім қоныстанбаған. Олар (қазақтар) әлдеқайда оңтүстікте өмір сүрді. Түптеп келгенде Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңестер одағы жасаған үлкен сыйлық», – деген сандырақ тұжырымдаманы Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов өз бетінше айтуы мүмкін бе еді? «Қазақстан Ресей аумағын жалға алып келді» деп оны қостап шыға келген Мемлекеттік Думаның тағы бір депутаты Евгений Федоровқа Президент Путин неге «тәйт» дей алмады? Путиннің бұл әрекеті «Көрмес, түйені де көрместің»  нақ өзі емес пе?!

Алайда, тұтас орыс халқына өкпе артуға болмас. Олардың да ішінде қазаққа бүйрегі бұратын, достыққа ұмтылатын, жамандыққа қимайтын қаншама адам жүр. Соның бірі Ресейлік танымал қоғам қайраткері, саясаткер, журналист Максим Шевченко болып шықты. Ол алғашқы күні-ақ «Астрахан мен Орынбор – қазақтың атақонысы.  Ондағы қазақтар шын мәнінде өз жерінде, өз атақонысында өмір сүріп жатыр» деп кесіп айтты арандатушы қандастарына.

«Әрине, ұлы дала – ежелден қазақтардың, түріктердің, көшпенді халықтардың мекен еткен атақонысы. Орыстар ол жерде кезіндегі империялық отарлау саясатының нәтижесінде пайда болды. Осы үшін орыс халқына жеккөрушілікпен қарамайтын қазақтарға алғыс айтуымыз керек. Онда (Қазақстанда – ред.) орыстар көп тұрады. Оралда, Қарағандыда, Алматыда. Оларды қазақтар бауырына басып отыр. Қазақ халқы – өте жақсы халық. Қонақжай әрі намысқой. Олардың намысына тиюге болмайды. Никонов секілділер әдейі намысқа тиіп отыр» деді ол.

Максимжанның осы бір ауыз сөзі – көңілімізді көтеріп, жігерімізді жанып тастады. Ормандай орыстың ортасынан жарып шығып, әділдіктің ақ туын көтеріп, қазаққа жақтасқан Максим жарап тұр. «Сөзіңді біреу сөйлесе аузың қышып бара ма?» дейді халық даналығы. Қазақстанда тұрса да қазақтың сөзін сөйлемейтін, қазақтың нәпақасына ортақтасып отырса да,  қазаққа жаны ашымайтын  адамдарға осы Максим үлгі болса ғой, шіркін!

 

Нағашыбай Қабылбек