КӨЗДЕН КЕТСЕ ДЕ; КӨҢІЛДЕН КЕТПЕС

АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР-АЛКЕН ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР…

(Өтепбергенов Алкен Ахметбекұлы (22.09.1935-01.11.2007)
медицина ғылымдарының кандидаты, профессор)

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.
Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі — дәрігер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де — осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де — осы мейірбан адамдар.
Саналы ғұмырын медицинаға арнаған сондай азаматтардың бірі болған жерлесіміз Өтепбергенов Алкен Ахметбекұлы.
Халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екендігі мәлім. Осы ретте, еліміздің денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген, дүниеден өзі кетсе де, өзі екінші рет өмір сыйлап, денсаулық сақшысына айналған білікті дәрігер Алкен Өтепбергеновтың өнегелі істері төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік.
Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен А.Ахметбекұлы 1935 жылы 22 қыркүйек айында Қарағанды қаласында шахтердің отбасында туылған.
1943-1953 жылдары Жамбыл обласы, Сарысу ауданының, Байқадам ауылында орта мектепті бітірді.
Жасынан зерек өскен Алкен 1953-1959 жылдары Қарағанды мемелекеттік медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетін үздік бағамен бітіріп,
1959-1969 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология кафедрасында оқытушы қызметін атқарды.
1967 жылы «Бауырдың майлы дистрофиясын анықтау және емдеу тәсілдері» туралы диссертациясын қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағын алды.
1968 жылдан бастап Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының қалыпты физиология мен биофизика кафедрасының меңгерушісі /1969-1997 ж.ж./ және осы институттың оқу істері жөніндегі проректоры, /1971-1986 ж.ж./ әрі ғылыми-тәжірибелік проблемалық зертхананың тең жетекшісі болып та қызмет істеді.
Аудан, облыстан бөлек республиканың шалғай өңірлерінен дарынды дәрігерді арнайы іздеп келіп, сырқаттарынан толықтай сауығып кеткен науқастар санында шек болмады. Өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген ақ халатты абзал жанды жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп те атайды. Тіпті, тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерді антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес.
Ол 1971 ж. Доцент, 1992 ж. профессор атағын алды.
1997 жылы Оңтүстік Қазақстан мемелекеттік медицина академиясының шақыруы бойынша қалыпты физиология және биофизика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды.
А.А.Өтепбергеновтің қаламынан «Медицина биофизикасы» орыс тілінде /1978 ж. Москва/, болгар тілінде /1980 ж./, испан тілінде /1984 ж. Гавана/, қазақ тілінде «Адам физиологиясы» /1995, 2005, 2008 ж.ж. Алматы/, «Орысша-қазақ фармакологиялық сөздіктері» / 2006 ж., Алматы/ оқулықтары мен бірнеше оқу құралдары және монографиялар, «Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека» /1995, Ақтөбе/, ас қөрыту және тамақтану ғылыми еңбектер жинағының авторы, «Әскери хирургия дәрістері» /Ю.В.Бирючков, М.К.Юсубалиев /оқу құралын /Алматы, 1994 ж./ қазақ тіліне аударған, «Орысша-қазақша медициналық фармакологиялық сөздік» (Алматы, 2005), оқу құралы «Балалрдың физиологиялық ерекшеліктері» Алматы, 2005), «Валеология дәрістері» (Шымкент университеті, 2002), методикалық нұсқаулар «Жас физиологиясы мен гигиенасы» (Шымкент университеті, 2003), 7 нұсқаулар, 11 компьютерлік бағдарламалар, 150 ғылыми мақалар шықты.
Профессор А.А.Өтепбергенов жетешшілік еткен ғылыми проблемалық лабораторияда 6 докторлық, 17 кандидаттық диссертация даярланды және 3 ғылыми Мемлекеттік тапсырыс орындалды. Оның шәкірттері медицина, токсикология, нутрициология, витаминология, валеология саласында көптеген жаңалықтар ашты.
Жоғары білім беру саласының үздігі, Денсаулық сақтау ісінің озаты, А.Байтұрсынов атындағы жоғары оқу орындарының «Саңлақ Автор» — мәртебелі атақтарының иегері
«Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демекші атқарған жұмысына қарай Алкеннің ел алдында еңбегі еленді. Өз ісіне ұқыптылығы мен адалдығының арқасында ол әріптестер арасында үлкен бедел иесі атанған абыройлы жан. Көп жылдық тәжірибесін мамандарға үйретуден әсте жалыққан да емес. Қай облыста еңбек етсе де, сол ұжым қызметкерлерінің ақылшысы, қамқоршысы болып, өз білгенін өзгелерге ұғындыра білген. Бүгінде арамыздан кетсе де ақ халатты абзал жанның ізін жалғастырушы дарынды шәкірттері бір төбе.
Жалпы педагогикалық тәжірибесі 45 жыл. Осы жылдарда 23 мыңнан астам жоғары білімді дәрігерлер және 10 мыңға жуық педагог кадірлерін дайындауға қатысты.
Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе? Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырса…» деп ойшыл Абай айтқандай өмірден өзі кетсе де, соңынан өшпес із қалдырған адамның аты ешқашан ұмытылмақ емес.
А.Өтепбергеновты танитындар «Жақсы кісі болатын. Жатқан жері жарық болсын. Иманды болсын. Келген адамдарды жақсы қарсы алатын. Ақжарқын адам болған. Мәңгі есімізде қалады»-деп ыстық ықыласпен айтып отырады.
Медицина саласындағы орны бөлек, ақылына ізгілігі, биік парасатына біліктілігі сай, ішкі рухани мәдениеті жоғары А. Ахметбекұлы ортамызда болса 85 жасқа толар еді. Өзі болмаса да атқарған ісі, үлгі тұтарлық қасиеті мәңгі жадымызда.