«Көшпелілердің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі»

 «Еуразиялық одақ» жобасын іске асыру аясында Қазақстан, Ресей, Украина және Венгрия жерлерінде бітімгершілік акцияларын жүргізген «Алтай-Дунай» түйе керуен халықаралық  экспедициясының авторы және орындаушысы, бірнеше  басылымдармен, телебағдарламалардың авторы, 2010 – 2021 жылдары «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейін басқарған, «Терісаққан көктемі», «Көкмайса» этнофестивалінің бастамашысы және ұйымдастырушысы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік жоралғылары» номинациясын енгізудің бастамашысы, Ұлытау аудан орталығында туристерге арналған сапар орталығын салуға себепкер болған, еліміздің мәдениет саласына зор еңбек сіңірген тұлға, өлкетанушы Бақтияр Қожахметовпен болған сұхбат.

 

Бақтияр Сапарбекұлы, Астанада, Қарағандыда жұмысыңыз, үй-жайыңыз бола тұра, Ұлытауға көшіп келуге не себеп болды?

Бір ғана себеп — ол Ұлытауға, Әулиетауға қызмет ету. Білгенімді, көргенімді туған өлкеге арнау, тәжірибемен бөлісу. Көп ойландым. Шешім қабылау оңай болған жоқ. Туыс-туғандарым, достарым басында қолдамай қарсы болған күндерде болды. Ұлытауға келмеуге мың себеп болды, бірақ еліме деген сүйеспеншілік басым болып 2009 жылы мамыр айында көшіп келдім. Бес ай киіз үйде тұрып, жиған -тергенімді Ембұлақтың жанында тағзым үйін салуға кірістім.

 

Ұлытауды зерттеп, насихаттау үшін бірнеше бағыттар, тәсілдер, жобалар бар ғой. Неліктен тағзым үйінен бастадыңыз?

Ұлытаудың Ұлытау болуы, бүкіл тарихи оқиғалар мен тұлғалардың болуы тікелей Әулиетауға байланысты. Ұлытаудың ең бағалы, қадырлы, маңызды ескерткіші қайсы дейтін болсақ, бұл — Әулиетау!

Ежелден бабаларымыз бұл тауды қасиетті, әулие, киелі деп есептеген.

Неге Ұлытауды ұлы дейді? Неге Ұлық Ұлыс астанасының негізі осы жерде қаланды? Неге Алаша хан мен Жошы Хан осы жерде жерленген? Неге Ұлытауды Едіге, Тоқтамыс паналаған? Неге Ұлытауда үш жүз бірнеше  рет бас қосқан? Неге бұл жерде дала мәдениетінің өркендегеніне куә ескеркіштер көп орналасқан?

Керемет, әсем табиғатына қызықты дейін десем, Ұлытаудан да көркем Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, Түлкібас сынды жерлер бар. Есіл, Ертіс не Сырдария тәрізді асып-тасып жатқан өзені де жоқ.

Бұның бәріне бірақ нәрсе себеп, ол – Ақмешіт-әулие (Әулиетау). Бұл тауға Құдайдың көзі түсіп, қасиетті, әулие жерге айналғанын біздің бабаларымыз түсіне біліп, қастерлеп, қадірлеген. Әулиетаудың тасы адамның табаннан пәле-жала, көз-тіл, әртүрлі ауруларды  тартып, ем жүргізіп жатса, аспаннан соққан жел-ауа, адам бойынын өтіп, денені тазалап тұрған деседі.

Таудың биіктігі көзге аласа болып көрінгенмен, ол аспанмен ұштасып жатады. Аспанға жақын орналасқандығы, тәуіп етушілердің, бақсылардың тілегін, сұрауын Алла тағалаға тез жеткізуіне әсер еткен деген ұғым бар. Сондықтан ежелден  Әулиетауға халық тағзым етіп, Құдайдың жіберген құт орны деп санаған. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?!» деген сөз көнеден қалған. Сондықтан әубастан осы бір киелі шыңды насихаттауға кірістім.

 

 

Қоныс аударғаныңызға 13 жыл болған екен. Ойлаған жоспарларыңызға, армандарыңыз орындалды ма?

Бәрі басында жоспарлағандай болып кетті деп айта алмаймын. Бүгінгі күнгі жетістіктердің өзі тым баяу, қиын, күрделі жолдармен келдім. Жоспарымның үштен екі бөлігіне ғана жеттім десем болады. Көп адамдардың Ұлытауды, Әулиетауды соншалықты танымайды деп ойламаппын.

Қандай істерге бастамашы болдыңыз, не істедіңіз…

Біріншіден, бүгінде Ұлытауды білмейтіндердің қатары азайды. Әулиетауға келетіндер мен осы таудың қасиетін айтушылар көбейді. Жылда Ұлытау туралы бірнеше проспект, буклет, мақала, бейнероликтер шығарылады, әр түрлі танымдық және ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Міндетті түрде жылына бір фотоальбом басылып шығады. Еліміздің түпкір-түпкірінде және шетелдерде Ұлытау жайлы көрмелер өтті.

«Терісаққан көктемі» (Көкмайса) этнофестивалі шетелдіктердің, ЮНЕСКО-ның назарына түсіп, дүниежүзілік қорғау тізіміне кірді. Он жыл бойы өзім басқарған Ұлытау қорық-мұражай бүгінде жақсы танылып, алдыңғы қатарлы музей саналады. Кәсіби ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынды (Алтыншоқы құпиясы, Бұланты шайқасы, Әулиетау қасиеті, жылқы түстері, Қымызмұрындық дәстүрі, Жошы хан мазарының тарихы). Туристерге қызмет жасайтын «Сапар орталығы» салынды.  Мәдениет министірлігінен қомақты қаражат бөлініп Жошыхан, Алашахан, Домбауыл, Аяққамыр, Болған ана, Құлан ана, Теректі әулие сияқты ескерткіштерге жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Шетелдіктердің қатысуымен Халықаралақ фестиваль, семинар, форум, конференциялар өтті.

Ең басты жетістік тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлытау баурайындағы сұхбатында» Әулиетау жөнінде айтқан сөздері. Бұл тарихымызда бірінші рет биліктің Әулиетаудың қасиетіне баға беру еді. 2016 жылы Үкімет басшысы, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың басшылығымен Әулиетаудың етегінде Үкімет мүшелері қатысқан жиналыста Сапар орталығының салынуы мен Ұлттық табиғи парк ашылуы жөнінде шешім қабылданған еді. Президент Қ-Ж. Тоқаев мырза Ұлытауға екі рет келіп Ұлытаудың қазақ ұлты үшін маңыздылығын айтып, Ұлытаудың болашағы жөніндегі жоспарларын жеткізді.

 

 

Тағы қандай мәселелермен айналысасыз?

Мен айналысып жүрген басты тақырып – «Көшпелілердің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесі». Яғни біздің бабаларымыз малдың соңында жүрген «жабайы» халық емес, дүниежүзілік мәдинеттің, өркениеттің дамуына үлкен үлес қосқан ел. Егер бабаларымыз жылқыны қолға үйретпесе адамзат жаяу жүретін еді. Егер шалбарды ойлап таппаса, адамзат жалаңбұт жүрер ме еді.

Алғашқы астраном болған да бабаларымыз. Неге біз киіз үйімізбен, «Алтын адамымызбен» мақтанбаймыз. Ұлы Жібек жолының пайда болуы бабаларымыздың арқасында емес пе?! Тек көшпелілер ғана алыс жолдан қорықпаған. Ер тоқым, үзеңгі, түрлі садақтың ұштары – бәрі біздің жетістігіміз. Ауыз әдебиетіміз, домбырамыз мақтануға тұратын жетістіктер. Тіпті біздің Тәңірге байланысты наным-сенімдер әлемдік діндерге өз үлесін қосты десем артық болмайды. Осының бәрін ұрпағымыз ұғып, өзіміздің лайықты орнымыз бар екенін біліп жүру керек.

 

 

Осы ойларыңызды көпшілікке қалай жеткізбекшісіз?

Әрине дәрістер, телехабарлар мен мақалалар арқылы басым көпшілікке жеткізу мүмкін емес. Көп ойланып, мамандармен ақылдасып бір ойға келдім. Ол Еліміздің түпкір-түпкірінде «Қымызмұрындық мерекесін» өткізу. «Қымызмұрындық мерекелері» Қазақстанның 5-6 облысында өткізіліп келеді, бірақ, көбінесе сауда-саттық, ұлттық, спорттық ойындар және ән-бимен шектеліп жүр. Сонымен бірге тек үлкен қалаларда ұйымдастырылды. Менің түсінігімде «Алғашқы қымыз мерекелері», бірінші кезекте, ауылдарда өту керек. Жылқысы бар, сол жерге байлауға үйренген үйірлердің арасында өткізген абзал. Бұл қала мен ауылдың араласуына септігін тигізіп, ауыл тұрғындарына пайдасы болады деп ойлаймын. Келген қонақтарға әр түрлі қызмет жасап (қонақ бөлмесін, түрлі тағамдар, шаруашылық өнімдерін, атпен серуендеу, т.б. ұсыну) табыс көзін табу тәсілдерін үйренеді. Ауылдың қолөнершілері, өнерпаздары еңбегін көрсетіп салт-дәстүрді жандандырады. Бұл мереке жылда тұрақты түрде өтіп жатса, аудан мен облыс басшылары және меценаттарда ауылға көңіл бөліп, біраз мәселелерін шешуге ықпал тигізуі мүмкін. Әрине, қаншалықты мүмкіншілікті дұрыс пайдалана білу, бұл ауыл басшыларына байланысты.

Осындай іс-шараларда театрландырылған көріністер, шеберлік сыныптары, көрмелер арқылы көшпелілердің жетістіктері көрсетіліп, халыққа тарихымыз бен этнографиямызды жеткізе отырып, бабаларымыздың данышпандығын дәріптей білуіміз керек.

 

 

Сіздің ойыңызша, қымыз мерекесі қазақстанның барлық өлкелерінде өту керек дейсіз ғой?

Әрине. Қымыз өндіру, қолдану көнеден келе жатқан кәсіп. Алғашқы қымыз мерекесі тек жергілікті жерлерде ғана емес, республика деңгейінде ұйымдастырылуы қажет. Арманым, «Ұлттық қымызмұрындық мерекесіне», кейін «Дүниежүзілік Қымыз күні мерекесіне» айналса деймін. Қымызмұрындық мерекесі кезекті бір ойын-сауық, бір күндік той емес. Бұл шараның мақсаты терең.

Біріншіден, салт-дәстүріміз насихатталады. Мерекеде қымызмұрындық амалдарынан басқа әртүрлі шеберлік сыныптар, көрмелер, жарыстар, ұлттық және спорттық ойындар мен бірге концерттік бағдармалар тамашаланады.

Екіншіден, мереке ішкі және сыртқы туризмді дамытуға септігін тигізеді. Болашақта Халықаралық Қымыз мерекесін ұйымдастырсақ, Якут, Алтай, Орал, Кавказ, Орта Азия, Мажарстан, Түркия халықтарын қатыстыруға болады.

 

 

Үшіншіден,  қымыз бен жылқы етінің денсаулыққа пайдалығын кең таратсақ, халықтың және болашақ ұрпақтың денсаулығын жақсартуға әсер етеміз.

Төртіншіден, қымыз бен жылқы етін пайдаланушылар Қазақстанмен бірге шетелдерде көбейсе, бұл ауыл шаруашылықтарына қолдау болып, болашақта валюталық табыс көзіне айналатын еді.

Бесіншіден, жылқы мәдиенеті, қымыз сусыны Түркі-монғол әлеміне ортақ екені бәріне мәлім. Осындай іс-шаралар түбі бір, туыс халықтарды, көшпелі мәдинеті бір тайпаларды біріктіреді. Ұлы Еуразия Даласындағы мемлекеттерді бейбітшілікке, достыққа шақырады.

 

 

Алтыншыдан, бұл жоба Еуразия көшпелілердің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін айқындап, адамзат тарихындағы орнын белгілейді. Жылқыны қолға үйрету, шалбарды, дөңгелекті, киіз үйді, үзеңгіні, аң стилі өнерін ойлап табу біздің мақтанышымыз.

Жетіншіден, 2018 жылы Дүниежүзілік ЮНЕСКО-ның тізіміне «Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекелері» деген атпен қымызмұрындық дәстүрі кірген болатын. Ал 2021 жылы ЮНЕСКО-ның «Халықаралық Жібек жолы мұра жүйесі» бағдарламасына Қазақстанның атынан «Қымызмұрындық» фестиваль кірді. Осыны ескере отырып және 2003 жылы ЮНЕСКО-ның алдында материалдық емес мұраны қорғауды Үкіметіміз міндет алғанын ұмытпасақ, «Қымыз мерекесін» кең насихаттау мемлекетіміздің борышы.

Сұхбаттасушы: Тұрар Сәттарқызы