Хадиша театрының өз сайты бар

Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының сайты арқылы мәдениет ордасының тарихымен, басшылық, шығармашылық, техникалық құраммен таныса аласыз.

 

 

Бұл жөнінде театрдың ақпарат бөлімінің жетекшісі Динара Насыр хабарлады. Театр директоры Салтанат Абулгазиеваның айтуынша, сайт ашу қажеттілігі заман талабынан туындап отыр. – Жаһандық пандемия да цифрландырудың ақсап тұрғанын көрсетті. Өнерде көшіміз ілгері болып, әлемдік деңгейге шығу үшін цифрландырудың маңызы зор. Сайтты іске қосу онлайн жұмыстың қарқынды жүруіне әрі көрерменге тағы бір табан жақындауға мүмкіндік береді. Ақпарат заманында бәсекеге қабілетті болуымыз шарт. Елімізде көптеген театрдың сайты бар. Сайттан кез келген оқырман  театрдың тыныс-тіршілігімен танысып, мониторинг жүргізе алады. Ресми сайт шығармашылық құрамға да үлкен жол ашпақ. Сайт мемлекеттік тілде ашылып отыр. Болашақта орыс және ағылшын тілінде де жүйе енгізіледі. Ал өзге елдегі қандастарымыз үшін араб әліпбиіне негізделген төте жазумен де берілмек. Алдағы уақытта қолға алынатын «3D тур» ғимаратты виртуалды аралауға мүмкіндік береді, – дейді театр басшысы.

«Joomla!» жүйесінде «TORUS.KZ» ЖШС дайындаған (https://khadisha-theatre.kz/kk/) сайтта театрдың facebook, instagram, youtube әлеуметтік желідегі парақшаларына сілтеме көрсетілген. Мұнымен қоса сайтта автоматтандыру жүйесі іске қосылады. Яғни, актерлар құрамы бөлімінде әр актердың алдағы уақытта қай рөлді ойнайтынына сілтеме көрсетілсе, қойылым бөлімінде рөлдегі актердің өмірбаянымен танысуға мүмкіндік бар. Болашақта «Онлайн билет» батырмасы арқылы https://ticket07.kz/ сайтына өтіп, театрға үйден отырып-ақ билет сатып алатын мүмкіндік қарастыру жоспарланған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы