Еңбек адамды бақытқа бөлейді

Мен, Жамбыл облысы Шу ауданы Бірлікүстем ауылында дүниеге келіп, сонда өсіп, өмірдің ең қызықты сәттерін бастан өткіздім.
Балалық шағымыздағы естеліктен ауыл десе, отын арқалап келе ата-аналарымызды, төрт түлігін өріске шығарып, қарсы алып жатқан ауыл адамдарын, қозы-лақпен, бұзау қуалаған құрдастармыды, үйлердің мұржаларынан будақтатып түтін шығарып жатқан жеңгелерімізді сағынышпен еске аламын, …
Біздің ауылдың Бірлікүстем атауы жайдан-жай қойыла салмағанын ауылымыздың Бірлігі Үстем, Ынтымағы жарасқан, Үлкенді сыйлап, өсіп келе жатқан әрбір жас ұрпақты имандылыққа, мейірім-қайырымдылыққа тәрбиелеуді ұранға айналдырғанын көріп өстік. Сондықтан болар, ауылымыздан республика, облыс көлемінде ел басқарған ағаларымызды, бауырларымызды мақтанышпен айта аламын. Бауыржан Момышұлы атамыз » Қарт адам — ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқты» деген қарияларымызға сый — құрметімізді аямайық, әр сөзінен ғибрат ала білейік. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, ешкім мың жасамайды, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. «Үлкенге — құрмет, кішіге – ізет» екенін есімізден шығармаған жөн болар» деген сөздері қазақтың қай ауылына болса да жарасып тұрады.
Әрине, әркімнің тағдыры әр түрлі, маңдайына жазғанын көреді. Ата-анасын жанынан қалдырмай жүрген ешкім жоқ. Алайда, мұрттарын қырау басқан, ора¬малының ұштары тербеліп, отын арқалап, аулаға екі бүктетіліп кіретін қайран ата-аналарымызды елуінші, алпысыншы жылдардағы ауылдың бір бейнесі емес еді дей алмайсыз…
Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Кімде кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін де татпақ. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, ал күреске толы тағдыры болашаққа жазылған хаттай болмақшы.
Әкем Тоқтарбай, марқұм анам Рашида Кеңес дәуірінің ұраны болған қой басын 50 миллионға жеткіземіз деген ұранға қолдау көрсетеміз деген сеніммен, 40 жыл еңбек етті. Маңдайларына жазылған қиындықты да, бейнетті де бір кісідей кешудей-ақ кешіп, табиғат бойларына дарытқан төзімділік пен қайсарлық арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдарына кесе көлденең тұрған бейнетті еңсеріп, 5 ұл мен қызды тәрбиелеп өсірді.
Сондықтан болар, отбасында барлығымыз жас кезімізден бар мен жоқты көріп, адал мен арамды ажыратып, қуаныш пен қайғыны бөлісу керектігін түсініп шыңдалып өскендіктен, үлкен өмір жолында туындаған мәселелерді шешуде сол кездегі ата-анамыздың қағидалары бағдаршам болды.
“Ауыл тозды, ауыл адамдары азды, бала-шаға бұзы¬лып бітті” деп айқайға баса берудің де кейде орынды, ал көбінесе құлақты сарсылтатындай мүлде орынсыз сезілетіні рас. Ауылды тұқыртып, тұнжырата беруге болмайды. Әрине, ауыл қай кез-кезеңдерде қандай еді, неліктен бұлай болды, жүріп келе жатқан жолдарынан, шыққан бел-белестерінен, құлап түскен құздарынан тапқаны қайсы, жоғалтқаны нешік? Қазіргі қазақ ауылы қандай, ертеңі ше? Әлбетте, сауал дегеніңіз жан-жақтан саулап та, қаулап та тұрыпты. Шүкіршілік, Егеменді ел болып, бірте-бірте сол сауалдарға жауап тауып келеміз, тығырықтардан тезірек шықпақтың соқтықпалы соқпақтарын салып та келеміз.
«Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады.
Мәден Мұсаевтың фейсбук парақшасынан