Елорда әкімдігі Президент тапсырмаларын іске асырып жатыр

Елорда әкімі Алтай Көлгінов коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу бойынша жедел штаб отырысын өткізді. «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды және әлеуметтік шараларды қабылдауды тапсырды. Біріншіден,біз адамдар көп жиналатын барлық нысандардың қызметін шектеп, ХҚКО-ларды онлайн-жұмысқа ауыстырдық. Азық – түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, елордаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды. Қала аумағы бойынша өткізу-бақылау бекеттері  орнатылды. Тәртіпбұзғандар қатаң түрде жазаланады. Осы аралықта карантин режимін сақтамағаны үшін 80-ге жуық адам жауапкершілікке тартылды. Үшіншіден, барлық әуежолаушылар коронавирусқа тест тапсырады. Төртіншіден, бұл індетті жасы үлкен, созылмалы дерттері бар азаматтар көтере алмай жатыр. Диспансерлік есепте тұрған және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп жатқан қарт адамдарға ikomek арқылы үйге дәрі-дәрмек, қажетті қорғаныс құралдарын жеткізу жұмыстарын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға кепілді әлеуметтік пакетті үйлеріне жеткіземіз. Барлық шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қажетсіз үйден шықпау қажет. Бесіншіден,»Фармация» СҚ бірлесіп дәріханаларға медициналық маскалар мен антисептиктерді әкелу бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргіземіз. Бір апта ішінде 650 мыңнан астам медициналық маска әкелінді. Қосымша әлі де әкелінеді. Барлық медицина және полиция қызметкерлері, әлеуметтік нысандарда жасайтын жұмысшылар маскалармен қамтамасыз етілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес Тұңғыш Президент Қоры мен Nur Otan партиясы  175 млн. теңге бөлді. Сонымен қатар, қосымша маскалар бөлінді», — деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес медицина және полиция қызметкерлері,  коронавирус індетіне қарсы күрес шараларына тартылған басқа да мамандар наурыз айының соңына дейін сыйақы алады. Бұдан басқа, қалада дезинфекция шаралары күшейтілді. Дезинфекция әуежайда, вокзалдарда, сауда ойын-сауық орталықтарында, базарларда, әлеуметтік нысандарда, сондай-ақ  автобустарда, тұрғын үйлердің кіреберістерінде, аялдамаларда және т. б. жүргізіліп жатыр. Елордада маскаларды, қолғаптарды және басқа да қорғаныс құралдарын жинау және кәдеге жарату үшін арнайы контейнерлер орнатылды.

Нұр-Сұлтан әкімдігі