ЕЛ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылғы 3-наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-шы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деп айтылған.

 

Осыған орай, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов бекітілген кестеге сай Қайыңды, Тереңөзек және Ақыртөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесулерде аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы ең алдымен тұрғындарға ағымдағы атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстарға тоқталып өтті. Ал, сұрақ-жауап бөлімінде әр ауыл округте инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, егістік, жайылым жер, ауыз су, елдімекендерді абаттандыру және тұрғындарды толғандырған әртүрлі мәселелер бойынша ауыл тұрғындары белсенділік танытып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

 

 

Мәселен, Тереңөзек ауылдық округі тұрғындарын көптен мазалаған мәселелердің бірі – Шолақ-Қайыңды елдімекенін көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл тұрғыда аудан басшысы өткен жылы ауданда газ кірмеген 10 ауылға газ тарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауданның 34 елді мекені газбен қамтамасыз етілгенін, Шолақ-Қайыңды ауылына газ тарту жұмыстарының жобасы мемлекеттік сараптамадан қорытындысы алынып, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім жолданғанын жеткізді.

 

 

Одан кейінгі халықтың көкейінде жүрген сұрақтар -Тереңөзек ауылына спорт кешенін салу, электр желілерін жаңарту, Ақыртөбе ауылына стритворкоут салу және де қаңғыбас иттерді аулау мәселелері көтерілді. Аудан басшысы өз тарапынан қойылған сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Аудан әкімі, аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылық құрамы, жергілікті зиялы қауым мүшелерінің қатысуларымен өткен қоғамдық қабылдауда тұрғындар көтерген жеке мәселелері бойынша тиісті ақпараттарын алды.

 

Алдағы уақытта аудан әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі тұрақты түрде өткізілетін болады.

 

Мөлдір Тастанбек

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы