Еңбек еткеннің еңсесі биік

Жексембі бақташы мен Жәудіркүл (Жәутен) сауыншыны Кеңес ауылының үлкен-кішісі жыға танығалы да бір ғасыр қайыратын ықылым да болып қалған шығар-ау. Ал «Мықанды» аталып кеткен алтын өзекті ілгергі қариялар содан бері «Алтын арық» деп атап жүр.

2006 жылы Алтынбековтердің Серікхан есімді ұлы әкесі Жексембінің айтуымен «Жас Дулат» шаруа қожалығын ашқанда осы арықтың бойынан қоныс алып, онысын жақсылыққа жорып, қара өлеңі мен қаратұмасы мол сазды жерге өзінің «алтын» қазығын қаққан. Әйтпесе, бүкіл саналы ғұмырын «Қазақстан» колхозының ырыс-құтын байытуға жұмсаған Жексембі қарт пен он тоғыз құрсақ көтеріп, солардың он екісін балиғат жасына жеткізген Жәутен ана шынында да алтын тоғанақ арқалаған аруана еді-ау.

Қашан көрсең қарынан шелегі түспейтін Жәутен ананың он саусағынан бал тамып тұратын. Сонда сауыннан қайтқан Сейсекүл, Мәкен, Аманкүл мен Мақыш сынды әріптестері оған қызыға қарайтын. Анасының аузынан түскендей Ақтолқын сынды қызы өйтпеген күнде сегізінші сыныпты тауыса салып сиыр фермаға келмес еді деп ойлаймын. Бүгінде сол тұлымшағы желбіреген өрімдей қыз да алпыстан асып барады. Ал Кеңес өкіметінің тайқазанын тасытқан қарттардың көбі кетіп, азы қалған. Солардың көзін көрген Бақай, Бауыржан, Мамақ қарттар бүгінде жастардың ақылшысы, ауылдың аузы дуалы ақсақалдары.

Биылғы қоян жылғы қыс қырдағы мен ойдағы малшыны ұйқысынан ерте оятты. Әулеттің бүгінгі бас иесі Жексембі қарттың ортаншы ұлы Елікхан мен қожалыққа жетекші болып жүрген інісі Ғафар. Елекең бүгінгі заманның тілімен айтқанда, «фазендада». Ол ақ түтек боран ұйтқи соғып тұрса да аттан түспей, қойшының «құтты таяғын» қолынан тастамай үнемі өрісте жүреді.

– Осы шаруаны бастап берген Серікхан ағам да, егіздің сыңары деп жүрген інім Әбу де дүниеден озып, барлық мал-жан Ғафар екеуміздің қарауымызда қалды. О баста өзі есеп-қисапқа жүйрік Серікхан ағам қожалықты өзі түзде жүрсе де қаржыландырып, ал Әбу болса қоражай мен шатырлы там салдырып, 52 метр тереңдіктен тұщы су шығарып берген. Мен өзімнің қойлы ауылға келіп, қойды амандағаныма биыл тоғыз жыл болды. Шүкір, мыңға тарта уақ мал, жүз қаралы қыл құйрық бағамыз. «Бағамыз» деу – айтқанға оңай, әйтпесе, мынадай қаһарлы қыста қой мен жылқының өрісін табу оңай дейсіз бе? Рүстем, Бақыт сияқты малсақ малшылар болмаса, мал өріске шыға ма? Демалыс күндері балаларым Ержігіт пен Атанар, Ғафар інімнің ұлы Әбуқасым, кейде студент болып жүрген Әбудің ұлы Нұрым да көмекке келеді, – дейді Елікхан Алтынбеков.

Ғафар өзінің ауыл маңында қар басып жатқан егістік жері мен шабындығы туралы сөз қозғамас бұрын ағасы Серікханның ауылдағы жоқ-жітікке қол ұшын созып, Бәйтік әулетіне арнап салдырған ескерткіш-обелискісі туралы сыр шерткенді жөн көрді-ау деймін…

– Ағам расында қолы ашық, жаны жомарт жан еді. Өмірден ерте озды. Өзінің алдынан жайнамазы түспейтін, иманы түзу, қайырымды кісі болатын. Ол көршіміздің екі ұлы бірдей асыраушысыз қалғанда оларға қамқорлық жасап, оқытып, екеуін де үйлендірген болатын. Осындай қамқор болуға бізді әкеміз үйретті, – дейді Ғафар Жексембіұлы.

Қалай десеңіз де, «әке көрген оқ жонып, шеше көрген тон пішіп», кәсібінен нәсібін тауып жатқан жайы бар. Қазір Елікхан малын өріске жайып шыққанда әкесі Жексембіге ұқсап бөктергісінен кітабы мен газет-журналын тастамайды. Өйткені, ол да атадан балаға жұққан жақсы әдеттің бірі.

Бәрін айт та бірін айт, әулеттің шаңырағын түтетіп отырған бауырларының амандығын айт. Әулеттің малды, жанды болып отырғанының өзі баяғы Алтынбек аталарының: «Алтын арықта құт бар» деген аталы сөзінде жатқан жоқ па. Бұлардың әулетімен түгел құйқалы қоныстан ажырамай отыруының себебі де содан шығар. Әйтеуір, ағайынды Алтынбековтер мал бағып, егін өсіріп, ата кәсіптен ажырамай келеді.

Қыс көзі қырауда болса да, сонау Мықанды өңірін аралап, малшы қауымның қыс қаһарына төтеп беріп, қарлы боранда қайсарлық көрсетіп жүрген жанқиярлық еңбегіне тәнті болып қайттық.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, ардагер журналист.
Меркі ауданы