Бюджет қаражатына бақылау жоғары

Президенттің Үкіметке берген тапсырмасының бірі – бюджет қаржыларының мақсатты игерілуі. Ал оны бақылау аймақта Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жүктелген.

Аталған департаменттің басшысы Марат Егембердиевтің айтуынша, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде аудит жүргізеді. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының пайдаланылуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік мүлік, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, аудиторлық қызмет туралы заңнамаларының сақталуын бақылауда ұстайды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералдық бақылау жүргізіп отырады.

– Біздің тарапымыздан өткен жылы 119 нысан аудиторлық іс-шарамен қамтылды. Оның 28-і мекеме тізімі бойынша, 91-і жоспардан тыс жүргізілді. Тексерістің нәтижесінде 111 нысанда жалпы сомасы 38 828,3 миллион теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталды. Мұның 4 048,7 миллион теңгесі қаржылық, 34 779,6 миллион теңгесі рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар. Бюджетке қайтарылып, қалпына келтірілуге тиіс 4 048,7 миллион теңгенің бүгінгі таңда 3 173,8 миллион теңгесі қайтарылды, – дейді департамент басшысы.

Жүргізілген іс-шаралар қорытындысымен 106 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылып, 37 әкімшілік іс бойынша айыппұл салынып, қаржысы өндірілген. Бұдан бөлек, жүргізілген аудит материалдары бойынша қаржылық бұзушылыққа жол берген 9 материал құқық қорғау органдарына беріліп, оның 4-еуі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

– Жүргізілген тергеу іс-шаралары бойынша айтатын болсақ, аудиттің 2 материалы сотқа берілсе, келесі 2 материалы тоқтатылды (ҚР ҚПК 2-тармағының 35-бабының 1-бөлігі бойынша іс-әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық болмағандықтан). Бұдан бөлек, бір материал тәртіптік жаза шараларын қолдану үшін жоғары тұрған органдарға жолданса, 4 материал бойынша тергеу шаралары жүргізілуде, – дейді Марат Егембердиев.

Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылауды жүзеге асырады. Камералдық бақылау жүргізудегі мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңбұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.

Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алудың тәуекел бейіндері мен заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдары негізінде жүзеге асырылады. Мәселен, өткен жылы 23145 мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін департамент тарапынан тапсырыс берушілерге 3903 хабарлама жіберілген. Хабарламаларды уақтылы және тиісінше орындамағаны үшін ішкі мемлекеттік аудит комитетіне шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 57 хат жіберіліп, 67 хаттама толтырылып, сот органдарына берілген.

Бұдан бөлек, департаментке өткізілген Мемлекеттік сатып алу бойынша есепті кезеңде заңды және жеке тұлғалардан 1580 шағым түскен. Оның 321-і қанағаттандырылса, 598 өтініш ішінара қанағаттандырылған, 661 өтініш қараудан бас тартылған. Шағымдарды қарау нәтижелері бойынша Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына әсер еткен бұзушылықтар анықталып (Мемлекеттік сатып алу жеңімпазын заңсыз анықтау), олар бойынша бұзушылықтарды жою туралы 663 хабарлама жіберіліпті.

– Департамент өз өкілеттіктері шеңберінде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың материалдары бойынша ҚР Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Заңнамасын бұзу (ҚР Кодексінің 238-бабы) және Мемлекеттік сатып алу туралы Заңнаманы бұзу (ҚР кодексінің 207-бабы) бойынша әкімшілік материалдарды қарайды. Мәселен, өткен жылы департаментте 1324 материал тіркелді. Оның 1151-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 173 материал сот қарауына берілген. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 125,4 миллион теңгені құрады. Бүгінгі таңда оның 106,1 миллион теңгесі өндірілді, – дейді департамент басшысы Марат Темірбекұлы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ, Жамбыл облысы