Биылғы байқау еріктілерді қолдауға бағытталады

Батыс Қазақстанда дәстүрлі ұйымдастырылатын «Жыл үздігі» байқауының биылғы жүлдесі қоғамға волонтерлық көмегін тигізген жерлестерімізге табысталатын болды.

Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәжілісінде мәлім болды. «Жыл үздігі-2020» байқауын ұйымдастыру барысы туралы Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш пен жоба ұйымдастырушысы Аслан Тапишев баяндама жасады.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Volunteers» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыратын «Жыл үздігі» премиясы» байқауының биылғы кезеңінің өзіндік ерекшелігі де бар.

Алдымен сөз алған Нұрхат Серікқалиұлы бұл байқау он жылдан астам уақыттан бері ұйымдастырылып келе жатқанын жеткізді. Айтуынша, жыл сайын әр саланың үздіктерін анықтайтын байқау биыл Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген «Волонтерлар жылына» орай еріктілерді қолдауға бағытталады. Яғни жыл үздіктеріне табысталатын жүлде жеті негізгі және бес қосымша бағыттарға сәйкес 12 аталым бойынша тапсырылады. Айталық, «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saylyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Alem», «Birgemiz: Asyl Mura», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Umit» бағыттары бойынша үздік волонтерлардың есімдері анықталады. Сонымен қатар «Үздік күміс волонтер», «Үздік жас волонтер», «Үздік волонтерлік отбасы», «Үздік волонтерлік қозғалыс», «БАҚ саласындағы үздік волонтер» аталымдары бойынша жүлделер де табысталады.

Аслан Нұрланұлы өз баяндамасында биыл байқауға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайтынын айтып, жалпы ережесімен таныстырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы