БЕС АУДАНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Осы аптада облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас аудандарына барып, жергілікті шаруалармен кездесу өткізді. Кездесу барысында топ құрамындағы ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш, дизель отынын алу шаралары мен мемлекеттік қолдауларды айтса, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілдері қаржыландыру бағдарламаларын түсіндірді.

Сол сияқты «AgroGreen Tehnology», «Эко-Чикен», «Евразия Group», «ПолиэтиленАгро», «Экостар» серіктестіктерінің өкілдері ауладағы құс фермасын құру, ауыл шаруашылығы техникаларын алу, суару жүйелерін енгізу, биогомус және аулада жеміс-жидек бағын өсіру бойынша жан-жақты ақпарат берді.

Шаруалар тарапынан қойылған ауыл шаруашылығы саласында бірыңғай аграрлық саясатты жүргізу, экономикалық реформаларды тереңдету, агросектордағы егін және мал шаруашылығын дамыту бойынша сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді.

Алдағы уақытта шаруалармен кездесу және түсіндіру жұмыстары Т.Рысқұлов, Меркі, Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарында жалғасатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы