Бердібек бағындырар белес қандай?

Ақпан айының алғашқы онкүндігінде орын алған Қордай оқиғасы жалпақ жұртты дүр сілкіндіргені рас. Дүнгендермен болған дүрмектің соңы облыста биліктің ауысуына дейін алып келді. Әуелгіде үкіметтік комиссияны бастап келген Сапарбаев соңыра Әулиеата өңірінің екі тізгін, бір шылбырын қолына алды.

Алдымен Алланың, одан соң Президенттің шешімі солай болғандықтан өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы ел алдында есеп беру миссиясы Бердібек Мәшбекұлының пешенесіне жазылған екен. Есеп беру жиынында Жамбылдың жаңа басшысы біз көріп жүрген әдеттегі әкімдердей әңгімесін әріден бастамады. Өткен жылдың еншісіндегі жетістіктерге, алдындағы әріптесі Асқар Мырзахметовтың еңбегіне оң бағасын беріп, былтыр басталған шаруалар биыл аяғына жеткізілетіндігін айтқан әкім баяндамасы негізінен алдағы уақытта атқарылатын істерге бағытталды.
Сонымен Бердібек Сапарбаевтың есебінде айтылғандардың негізгілеріне тоқталсақ. Ағымдағы жылы Жамбыл облысы аумағындағы 692 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда.
2020 жылы Жамбыл облысында жалпы құны 114 млрд.теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асырылмақ екен. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша тиімді инвестициялық саясат ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.Ең үлкен қуатты жобаларды «Еврохим минералды тыңайтқыштар», «Қазфосфат», «Qazaq soda», «KORSEM» және «TALAS INVESTMENT COMPANY» компаниялары жүзеге асырады.

 

Жергілікті биліктің күн тәртібінде «Тараз «Химпарк» арнайы экономикалық аймағын дамыту міндеті тұр, оны шешу үшін жеті жобаны іске асыруға 648,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылады, бұл екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында 12 кәсіпорын жаңғыртылады,тағы төртеуі заманауи инновациялық технологияларды енгізеді.Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратын аймақтың ерекшелігін ескерсек, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөлудің маңыздылығы жоғары. Халықпен кездесуінде осыны айрықша атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.Жоспарланған инвестициядан басқа, саланың мұқтаждықтары үшін 21 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Ағымдағы жылдың басты міндеттерінің бірі – егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін сегіз мың гектарға кеңейту.
Облыс әкімі негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, бес су қоймасын ретке келтіруді, бес мың гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керектігін де айтты.
Импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де облыс басшысының назарынан тыс қалмапты.Осы мақсатта Жамбыл облысында іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы пилоттық жобаның берері мол. Ол тек Жамбыл өңірі үшін ғана емес, бүкіл республика үшін де маңызды. Алғашқы қадамдар жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 ауыл шаруашылығы техникасы алынды.
2020 жылы Жамбыл облысында 70-тен астам ауылы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін 57,3 пайыздан 77 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, облыс әкімі 48 мың тұрғыны бар 35 елді мекенді газдандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.Сонымен қатар, биыл облыс аумағында баламалы энергия көздерін өндіретін төрт стансаны іске қосу жоспарланып отыр.
Баяндамадан белгілі болғанындай ағымдағы жылы Жамбыл облысында 14 жаңа мектеп салынып, 3 орын тапшылығы бар, 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу жоспарлануда.
Ал, денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жабдықтау деңгейін 92 пайызға жеткізу, МӘМС енгізу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.Сонымен қатар, биыл өңірде 91 спорт алаңшасы салынады деп күтілуде. 1200-ден астам жасқа грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждерінің құрылысы басталмақ.
Сапарбаевтың сан саланы саралаған жұмыс жоспарының негізгі өзегі осы болды. «Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзады» демекші қағаздағы жоспардың қалай жүзеге асқанын жыл аяғында білетін боламыз. Ең бастысы Жамбыл жұрты жаңа әкімді жылы қабылдады.

Бекнұр Сатыбалдиев