Батысқазақстандық төтенше жағдай қызметкерлері қан тапсырды

Биыл еліміздегі Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына – 25 жыл. Осы атаулы мереке аясында Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері игі іске үлес қосуда.

Төтеншеліктердің қызметі қашан да жауапты әрі қауырт. Осындай үздіксіз жұмыс кестелеріне қарамастан Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық «25 мың құтқарылған өмір» атты донорлық қан тапсыру акциясына өз үлестерін қосқан. Халықтың саулығын, қауіпсіздігін бірінші кезекке қоятын азаматтық қорғау саласының мамандары бұл жолы да игілікті акцияға бей-жай қарамады.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, төтенше жағдайлар қызметінің 25 жылдығы мен құтқарушылар күнін мерекелеу шеңберінде «25 мың құтқарылған өмір» атты республикалық донорлық қан тапсыру акциясы іске қосылған. Республикалық акцияны қолдау мақсатында ағымдағы жылдың 9 қазанында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 50-ден аса қызметкері аталған іс-шараға қатысты.

«19 қазан – Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығы және Құтқарушылар күні мерекесі қатар атап өтіледі. Осы атаулы мерекелер аясында Батыс Қазақстанда көптеген іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда» деп мәлімдеді аталмыш департаменттің баспасөз қызметі.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы