БАТЫРЛАР МЕКЕНІ, БАҒБАНДАР ЖҰМАҒЫ

«Nur Otan» партиясы, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, «ЕлАна» сайтының және «Qazaqstan dauiri» бірлескен «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

 

       Шалғай жатқан ауыл туралы айта қалсақ, шатқаяқтаған шаруа мен шалажансар тіршілік көз алдыңа келері хақ. Алайда облыстан жырақта, ауданнан аулақта тірлік кешсе де замана ағымынан қалыспай, ел болып етегін жинап, жұрт болып жұмылып, туған жердің түтіні түзу шықса деген ағайынның бүгіні кешегісінен көп жақсы. Бұл жерде тек «бетегеден биік болсақ» деген жаңсақ пікірді емес, еңсеміз биік болса деген ақ тілекті ту еткен. Өйткені бұл – батырлар мекені.

 

«Ауылдың арғы жағынан, Алмалы колхоз бағынан…»

 

Қарасай ауылы Жамбыл облысының Қордай ауданының ең шалғайынан орын тепкен мекен. Аудан орталығынан жүз шақырым жерде орналасқан округ құрамына Еңбек ауылы кіреді. Ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен саяси-қоғамдық өмірін, рухани тынысын тереңірек зерделеуді көздейтін  ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі және «Nur Otan» партиясымен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы аясында «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының сапары өткен аптада осы ауылдан басталған еді.

 

 

Әңгімемізде ауыл туралы жалаң статистикамен әрлемей тұрып сәл әріден бастасақ. «Ауылдың арғы жағынан, Алмалы колхоз бағынан, Қолыма қызыл гүл алып, Қоштасқан күнді сағынам», – деп әйгілі әнде шырқалатындай, қазіргі Қарасай батыр округі, бұрынғы Алмалы ауылы тұрғындары, сонда қызмет еткен мыңдаған жандар екі жарым мың гектар алқапқа дейін барған алма бақтарын сағынары анық. Алмасы мен алмадан жасалған өнімі сол кездегі орталық Мәскеуге дейін жеткенін көзікөргендер әлі күнге жыр қылып айтады. Осында өскен «Алматы Апорты», «Лимонка», «Белый налив» сорттары сол кезде мәскеуліктің жеңсік асына айналған деседі. Алғашында  Михайловка деп аталған орыс елді мекені ретінде пайда болған шағын ауыл Кеңес Үкіметі құрылған тұста Қарабұлақ болысы, Қарақастек ауданына қарапты. 1924 жылы жай ғана №13 ауыл болып аталып, кейін мал шаруашлығы мен қатар кендір өсірумен айналысқан, ұжымдастыру басталғанда «Колос» колхозы болып құрылып, 1957 жылдан бастап алма, жүзім шаруашылығына үлкен деп қойылады. Таулы аймақта орналасқан өңірдің ауа райы осы жеміс түрлерін өсіруге аса қолайлы.  Тіпті шарап зауыты салынып, оның өнімдері бүгіл елге тараған. Ел егемендігін алған тұста Қарасай батыр ауылы деп аталады. Оның себебі, мұнда Шапырашты, Қарасайдың ұрпақтары, Түктіқұрттың төрт баласының ұрпақтары қоныстанған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы, одан өзгерген заман атақты алма бақтың күйреуіне әкеліп, күйбең тірлік оған бет бұрғызбай кеткен еді. Бүгінде қайта түлеп, қайсыбір жылдардағы әлеуетіне аяқ басуға аз қалған ауылды әйел адамның басқарып отырғанын да ерекше айтуға болады. Күлжахан Елемесованың ауыл тізгінін қолына алғанына екі жылдың жүзі болған. Округте қордаланған көптеген мәселелердің қатқан сеңі осы әкім келісімен орнынан қозғалғанын да жасырмайды қарасайлықтар. Нәзік жанды адамның нән тірлікті игеруі, игеру былай тұрсын, дамытуы, гүлдендіруі үлкен еңбек пен қайсарлықтың қалыбына өзін сыйдыра білгенінің белгісі деп та қабылдаған жөн болар. Әкімнің шағын кабинетінде Сәуле Мешітбайқызымен болған шағын әңгімеде үлкен жоспарлардың шеті айтылып, кейбір мәселелер шегеленіп те алынды. Алма иісі аңқыған ауылдың әкімі мекен тарихынан сыр шертетін ескі фотоларды құрметті қонақтарға көрсете осында мұражай ашуды көздеп отырғанын айтты. Қарасай бабаның ұрпақтары тұрақтаған ауылдастары бұл ойды құптайтындықтары да анық. «Қажет болса осы жұмыс орнымда түнеп еңбек етуге бармын. Ең бастысы ауылдастар аманатын орындап, округ тірлігін қожыратуға емес құлпыртуға барын салды деген атпен жүрсем жеткілікті. Қазір қолдан келгенше еңбек етудеміз. Соңғы жылдары ауылдың дамуына ерекше көңіл бөліп, ықыласын аямаған облыс пен аудан басшылығына, ауылдан шыққан атқамінер азамттарға айтар айтғысымыз шексіз, – дейді К.Елемесова.

Енді ауылдың бүгіні турасында аз-кем айта кетсек. Округ бойынша 108 шаруа қожалығы тіркелген. Кеңес Одағы кезінде алмасымен аты Кремльге жеткен ауылдың бүгінде алма бағы қайта гүлденіп, бақ көлемі жыл өткен сайын артуда. 327 гектар аймақты алып жатқан алып алма бағын күтіп-баптаудың өзі оңай шаруа емес. Өткен жылы оның жемісінен аудан мен облыс тұрғындары да дәм татқан. Аудандық және облыстық жәрмеңкеден қалмайтын Қарасайдың алмасына сұраныс көп. Өзге де облыстарға тасымалданған жеміске биыл да сұраныс жоғары болғанын айтады бағбандар. «Алтын дән», «Соната», «Ерболат» шаруа қожалықтары мен «Азия Сад» ЖШС алма бақтарын баптауға арнайы мамандармен қатар ауыл тұрғындарын жұмылдырған.  Осылардың ішінде жауапкершілікі шектеулі серіктестің жұмысы туралы айта кетуді жөн көрдік. Қарасай ауылдық округіне кіретін Еңбек ауылына жетпей жолдың оң қапталы жайқалған баққа айналған. Үш бірдей шаруа қожалық жеріне «Азия-Сад» ЖШС жалпысы 116 гектарды құрайтын қарқынды алма бағын 2019 жылы отырғызған болатын. Алғашында 53 гектар аймаққа италиялық «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред» және «Гала» деп аталатын алма сорттарын отырғызған. Негізінен алма өсірудің еуропалық технологиясын қолданып жатқан серіктестіктің жұмысына тамсана да таңдана да қарайсың. Алғаш қарағанда тек сорайған бетон қондырғылар ғана көзге көрінеді, ал жақындап барсаң кәдімгідей инженерлік инфрақұрылымды байқайсың. Аталмыш серіктестік осыған дейін бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 1 млрд 200 мың теңге көлемінде өз қаржысын жұмсаған. Жалпы инвестиция сомасы 3 млрд теңге көлемінде болмақ.

Польшадан жеткізілген 160 мың көшеттің әрқайсысы қолмен отырғызылған. Ал, ауа райы қолайсыздық тудырып жатса, бақ  аймағы түгелімен арнайы шатырмен жабылады. Бұл да бағбандар иегерген жаңа технологияның бір көрінісі. Биылғы жылдың өзінде ауыл бағбандары 100 тонна жаздық алма, 150 тонна алмұрт пен 1,5 тонна қара өрікті сатылымға шығарыпты.

Округте түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жағымды жаңалықтар орын алған. Ауылдың қақ ортасында Қарасай батырдың еңселі ескерткіші орын тепкен. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ескерткішінің маңы саябаққа айналып, тұрғындардың демалыс орнына айналыпты.  Округ үшін жақсы жаңалықтардың бірі – №20 Алмалы орта мектебінде көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.  600 орындық мектептің қайта түлеуін «Astana UP»  ЖШС көктем айларында бастаған болатын.  Сонымен қатар, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға да көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде аяқталуға таяу екен. Қарасай батыр және Еңбек ауылдарында футболға құмар жастар мен балалар үшін шағын футболға арналған заманауи алаңдар салынуда. Енді жас былғары доп шеберлері жаңа аяқдоп алаңшасында шыңдалатын болады.

 

Келелі кездесу. Қазақи салтынан айнымаған мекен

 

Сәуле Мешітбайқызымен кездесу ауылдық әкімдіктің мәжіліс залында өтті. Батыр ауылының игі-жақсылары жиналған келелі жиында ауыл әкімі ашып, одан кейін сөз алған Қоғам қайраткері өзінің сапары турасында сөз етіп, алғашында ресми басталған отырыс артынан жүрекжарды тілектер айтылған, ел мүддесі мен тілі, ділі, діні, татулық пен бірлік турасындағы тақырыптарға оңай ауысып отырды.

«Ағымдағы жылдың ақпан айында Қордай ауданының дүнген ағайындар қоныстанған елді мекендерінде орын алған жағдай ынтымақшыл, досқа емес дұшпанға да кеңпейіл елдің өкілі ретінде барлығымызға ауыр тигені анық. Небір күңкіл сөздер көбейгенімен ел билігінің көксегені тыныштық, халық ынтымағы, жағдайдың тұрақтылығы. Осыны ұмытпауымыз қажет. Жыл басынан бері дүңген ағайындардың ауылына үш рет келдім. Ондағы мақсатым туралы газет беттерінен оқып көрген де боларсыздар. Мен онда көрген-білгенімді, түйгенімді жасырмай жаздым. Соңғы рет келгенімде көп дүниенің өзгергенін көрдім. Жақсы жағына оңалғанын байқадым. Бұл мемлекеттік деңгейден бастап облыс басшылығының, аудан азаматтарының үлкен еңбегінің жемісі деп білемін.  Біз қатпарлы бай тарихы бар, ұлан-ғайыр жері бар ұлы халықтың ұрпағымыз. Бізге тектілік жарасады. Өздеріңізбен былтыр кездескендеде осы руханият мен тіл жайында көптеген әңгіме тиегін ағытқан едік. Биылғы сапарымда Қордай ауданының, оның ішінде Қарасай ауылында көп жақсы өзгерістер орын алғанын көріп, байқап отырмын. Бұл сапар барысында аймақта, ауданда болып жатқан, қордаланып қалған мәселелерді жауаптыларға жеткізуді де өзімізге міндет қылып алған жайымыз бар», – деген Сәуле Мешітбайқызы өзі басшылық ететін халықаралық дәрежедегі «Qazaqstan dauiri» газеті мен балалардың сүйіктісіне айналаған «Мөлдір бұлақ» журналы, «ЕлАна» сайты турасында айта келе, баспасөздің бағамы, руханиятқа берері мол үлкен дүние екенін айтты. Осыдан кейін Қордай ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Қарасай ауылдық билер кеңесінің төрағасы, батагөй қария Асық Уәлиұлы сөз алды.

 

Батагөй ақсақал А.Уәли экспедициямызға сәттілік тілеп, батасын берді. Редакция газетімізді ақсақалға 1 жылға тегін жаздыртты

 

«Көзге мақтағандай болмайын. Түсінбеген жандар түсінбес. Бірақ, бағанадан бері, Сіз, барды бардай, жоқты жоқтай, етіп айтып отырсыз. Оған ризашылығымыз шексіз. Осыған дейін алты кітап шығарған адаммын. Онда ауданнан, өзіміздің осы ауылымыздан шыққан атпал азаматтардан бастап ел тарихы, батырлар жолы демекші, барлығын қамтуға тырыстым. Одан бөлек баталар жинағым тағы бар. Аталы сөзге тоқтаған халықтың өкіліміз. Сіз көтерген қоғамдағы қайшылықтар, тіл мен діл мәселесі өте орынды», – деген Асық ақсақал өзің баспасөзде жарияланған, осындағы ел бірлігіне қатысты әңгімесі турасында айтып берді.

 

 

Қария сөзіне ризашылығын білдірген Сәуле Мешітбайқызы ауылдың үлкені ретінде 89 жасқа келген Асық ақсақалға «Qazaqstan dauiri» газеті редакциясы атынан бір газетті тегін жазып беретіні, сонымен қатар алты баланың анасы, «Жанниет» балабақшасының меңгерушісі Бегайым Құрманова мен тағы бір көп балалы анаға «Мөлдір бұлақ» журналы тегін келетін болды. «Бұл алдымен ақсақалға, ауыл үлкеніне деген құрметіміз болса, екіншіден аналарымызға, балаларымызға сый ретінде болсын», – деді Еланасы.

 

 

Кездесуде Қарасай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмаділ Тоқаев Еланасына осы сапары үшін алғысын айтып, экспедицияның елде жиын-терім аяқталып, ел арқасын кеңге салған шағында келгенінің өзі тамаша екенін айтып, үлкен газет пен журналға жетекшілік етіп отырған қайраткерге және ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, ауыл жайына байланысты тілегін де жеткізді. Оның ішінде Қарасай мен Еңбекті және Қаракемер мен Қарасай ауылдық округтерін жалғастыратын жолдың жайына көңіл бөлінсе деген ұсынысын да жасырмады.

«Елімізде әкім қыздар баршылық. Біздер ел басқарған Тұмар ханшайымның ұрпағымыз. Қолымызға қамшы алып, атқа қонған аруларымыз жетерлік. Қамшы ұстадық деп ер-азаматтан аспадық. Алайда аманат етілсе, қандай ауыртпашылық болса да алып шағатын қазақ әйеліне тән мінезіміз бар. Қамшының қырық қасиеті бар, сол қасиет дарысын деп аналық ақ батаммен осы сыйды өзіңе ұсынамын», – деп өз жұмысына жауаптылығымен, елге жанашырлығымен, ісін ұршықша иірген жандардың бірі ретінде ауыл әкімі Күлжахан Елемесоваға кәдесыйға қамшыны ұсынған Еланаға қазақи салтынан жаңылмаған халықтың ұрпағы ретінде ауыл басшысы құрметті қонақтың иығына оқалы камзол іліп, басына ақ орамал тақты. Ауыл тұрғындарымен естелік суретке түсіп, амандықта жолыққанша деп жолға шыққан Сәуле Мешітбайқызы Қарасайға апарар жолда, биік төбеде қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қойылған ескерткішке барып, тәу етіп, Құран сүрелерін бағыштады. 1847 жылдың көктем айында тура осы аймақта Кенесары әскерлерінің қатысуымен алапат шайқас болып, көптеген сарбаздар қаза тапқан деседі. Бұл орын 1992 жылы Қазақстан Республикасы ның «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының шеңберінде қорғауға алынған.

 

 

Одан кейін Еланасы Қаракемер ауылында болып, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте тұрғындармен кездесу өткізді. Қазақи мінезімен көпке танымал ауыл азаматтарымен болған жүздесу барысында Сәуле Мешітбайқызы жұмыс сапарының мақсаты турасында айта келе, бүгінгі баспасөздің қадір-қасиеті турасында да сөз етті. Жиында мектеп директоры Гүлмира Самақова бастаған ұстаздар қауымы «Qazaqstan dauiri» мен «Мөлдір бұлақ» журналдарына аса қызғушылық танытып отырғандарын айтып, міндетті түрде бұл басылымдарға жазылатындарын жеткізді. Ал Сортөбе ауылында өткен кездесу барысында қазірдің өзінде аталмыш газет пен журналға жазылу науқаны қызу жүріп жатқаны айтылып, жиынға келген қауым қоғам қайреткерімен естелікке суретке түссе, Бірлік Манкеев есімді әкім басқаратын Ауқатты ауылының тұрғындары Сәуле Мешітбайқызымен кездесу ұзақ есте қалатынын айтып, ауылға арнайы ат басын бұрған Еланасына шынайы алғыстарын білдірді.

 

 

Қорыта айтсақ, біз аралаған ауылдардағы дүңген диаспорасы өкілдерінің қазақ халқына, қазақ тіліне деген ниеттерінің оң екенін байқадық. Тек қана ортақ игі шаралардың тетігін таба білу керек. Сонымен қатар 3 желтоқсан күні Масаншы оқиғасына қатысқандардың соты болатынын естідік. https://qazdauiri.kz/archives/23924 Осы сот барысында ұлтаралық қатынастардың болашақтағы тағдырын ойласақ, күдіктілерге яғни жазықсыз қазақ жастарына асқан гуманистік көзқарас таныту керек деп ойлаймыз.

 

Жандос Омаров