БАСШЫ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

Әль-Фараби даналығында кемеңгер басшы сыртқы тұлғасы арқылы ерекше көрінуі керек: «Мінсіз мүсінді, иман жүзді болуға тиіс», яғни, бойшаң, жүзінен нұр төгіліп тұратын иманшуақты адам. Бұл — бірінші қасиет.
Екінші қасиет: Өзіне айтылған сөздің бәрін терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес жан-жақты тез ұғып алатын аса зерек болуы керек. Алдына келген адамның сөзін мұқият тыңдап, сол бойынша кеңесіп, мәселені шешуге бейім болуы керек.
Үшінші қасиет: Ол өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын адам болсын. Өзі араласқан оқиғалар мен жағдайларды есте сақтау қабілеті жоғары болуы тиіс.
Төртінші қасиет: Бірінші басшы терең ой иесі және жадында сақталғандардың бәрін айдан анық етіп айтып бере алатын шебер әрі шешен болуы шарт. Естігені мен көргендерін бейнелі тілмен шебер әңгімелей отырып, орынды әзілдей білетін болуы керек.
Бесінші қасиет: Ғылым-білім мен өнерге жаны құштар, әр күн сайын оқып үйренуден шаршап-шалдықпайтын адам болуы тиіс. Ғылым мен өнерді терең түсініп, оны пайдалана біліп, өзі басқарып отырған салаға енгізе отырып, жақсы нәтижеге жеткізе білуі керек.
Алтыншы қасиет: Тағамға, ішімдікке, сайран-сұқпат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек. Тағамды талғап ішіп, ішімдік атаулыдан бойын аулақ ұстап, темекі, насыбай сияқты жағымсыз әрекеттерден қашық болғаны жөн. Бос әңгімеден аулақ, салиқалы ой беретін әңгіме-сұқпаттан қашпағаны жөн.
Жетінші қасиет: Жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болу. Қолы боста таза ауада серуендеп, табиғат аясында өткізуді бұлжымас әдетке айналдыру тиіс.
Сегізінші қасиет: Шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұра білуі жөн. Шындық үшін күресуде өз әліңді біліп, болмасқа ұмтылмай, жалғандықты қолдамай, бұл бағытта абаймен қимылдай білуі керек.
Тоғызыншы қасиет: Жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын адам болуы керек. Биікте жүрсе де, тағдыр жолымен төмендесе де ар-намысына кір шалдырмай, өзін әрқашан асқақ ұстап, қарапайымдылығы мен кісілігін жоғалтпауы керек.
Оныншы қасиет: Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игі істерге ынтазар болуға тиіс. Пысықсыған пысықтардан өзгеше жақсы істердің ұйытқысы, жасампаздыққа жолбасшы бола білуі тиіс.
Он бірінші қасиет: Әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін адам болсын. Бұл жөнінде өзі басшылық жасайтын орында қиянатқа бармай, жақын-жуыққа бұрмай барлығына тең қарап отыруы қажет.
Он екінші қасиет: Өзі қажет тапқан істі жүзеге асыруға келгенде шебер шешім қабылдап, бұл шақта қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін, бірбеткей батыл ержүрек болуы міндет.
Өз идеясын жүзеге асыруға келгенде батыл, өз әрекетіне сенімді, жалтақтамай шешім қабылдай білуі қажет.
Ильияс Испанов.