Баскетболдан облыстық спартакиада аяқталды

Павлодар қаласында колледж студенттер арасында баскетболдан өткен облыстық спартакиада өз мәресіне жетті. Жарысқа тоғыз ұлдар командасы қатысып, өзара мықтыларын анықтады.

Облыстық спартакиада 1 лига колледждерінің оқушылары арасында ұйымдастырылды. Ойын Павлодар қаласының № 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында өтті.

— Ойын өте тартысты өтті. Спартакиаданың қорытындысы бойынша Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің командасы үздік ойын көрсетіп бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды ИнЕУ жоғары колледжінің командасы еншілесе, Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің командасы үшінші орынды иеленді, — деді ұйымдастырушылар.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім басқармасының диплом және медальдарымен марапатталды.

Тілеуберді Сахаба