БАБА ТІЛІМ- БАЛ ТІЛІМ, АНА ТІЛІМ- АЛТЫНЫМ!

Баба тілім- бал тілім, ана тілім- алтыным,
Сенің қоңыр үніңнен қорғасындай балқыдым.
Сен- сертімсің, семсерім,
Сен- ұлтымның ұраны,
Зарың болып шарпыдым,
жалын болып шалқыдым.
Бағыңды сенің кім ашар?!..
Баға жетпес алтыным!

Өз ұрпағың өгейсіп, өзегің өрттен күйдіме,
Өзіңнен туған ұл мен қыз өзгеге басын идіме.
Уығы күміс шаңырағым,
уыздан болған арманым,
Заманың атқан заңсыз оқ- маңдайыңа тиді ме?!
Шүлдірлеген шүрегей
етегін жаттың сүйді ме!?..

Қазақтың тілі- Хан Орда, тіл түзелмей Орда жоқ,
Намыс та жоқ, ар да жоқ,
одан өткен қор да жоқ.
Бабамның тілі- бал тілім, анамның ділі- алтыным,
Дүбірлі майдан- дүлдүлім,
сенен озған жорға жоқ.
Шерге айналған- шеменім,
қиялда бар да, қолда жоқ.

Ұл туар ма ұранды, ұлықтап таққа шығарар,
Ай болып күліп ақырын,
төбемде күн боп тұра қал.
Қағажу көрген қазақтың қайранда ұлы бармысың,
Алақан жайып Аллаға,тіліңе теңдік сұрап ал.
Кеудеңде жаның тұрғанда, басыңды қазақ құрап ал.

САБЫР АДАЙ
25.04.20ж.