Ақ Жайықтан басталған экспедиция

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен «Ел Ана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының «Nur Otan» партиясымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе қолға алған «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы биыл Батыс Қазақстан облысынан басталды.

Осы мақсатпен Ақ Жайыққа арнайы келген «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесіп, дәстүрлі экспедиция барысын талқылаған болатын.

Сәуле Мешітбайқызын ыстық ықыласпен қабылдаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Ел Ана» сайтының бүгінгі тынысымен танысып, аталмыш экспедициясының мақсат-міндеті туралы сұрап білді. Кездесу барысында өңір ахуалы, баспасөзге жазылу жайлы әңгімелер қозғалды. Тек өз басылымының ғана емес, жалпы қазақ баспасөзінің жағдайына алаңдайтын Сәуле Мешітбайқызы осы мәселе туралы кеңінен қозғады. «Оқырманды өз еркінен тыс жаздыруды біз де қолдамаймыз. Олардың таңдауын өздеріне қалдырған дұрыс. Ол мекеме қызметкері, не басқа болсын қазақ баспасөзінің ішінен өзіне жақын қазақтілді басылымды өздері таңдап оқиды» деді бас директор.

Біздің облысымыздан бастау алған «Ауыл – ел бесігі» экспедициясының басты мақсаты еліміздің іргетасы іспетті ауыл-аймақтардың тыныс-тіршілігін назарға алу, ондағы көкейтесті проблемаларды көтеру, жақсы істердің жаршысы болу. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлгені белгілі. Елбасы да ауылды қайта түлету мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Осындай игі мақсат-мүдделермен астасқан «Ауыл – ел бесігі» экспедициясының биылғы «жорығы» қасиетті Ақ Жайық жерінен бастау алды. Бір ғана «әттең-ай» дегізерлік тұсы – әлемді жайлаған пандемияның газет тілшілерінің еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерге тікелей баруына кедергі келтіруі. Дегенмен, бұл – экспедиция тоқтап қалады деген сөз емес. Пандемияға байланысты аталмыш шара биыл онлайн форматта жүзеге асырылуда.

Бас директор Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековпен де жүздесіп, облыс орталығында атқарылған бірқатар іс-шаралардан басылым арқылы хабардар екенін жеткізді. Шаһар басшысы «Qazaqstan dauiri» басылымында көтерілетін мәселелерге қатысты өз ой-пікірімен бөлісті.

Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы қойнауы тарихқа толы Орал қаласындағы ұлы тұлғалардың ескерткіштеріне тағзым етіп, көрнекті орындарды аралады. Абай алаңына ұлы ақынның қарасөздері жазылған ескерткіш-тастар орынды қойылғанына риза болды. Қадірменді мейман әрі журналист Сәуле Мешітбайқызы: «Қаланың кіреберісіндегі Исатай мен Махамбеттің еңселі ескерткіші орналасқан тынымбаққа да Махамбеттей өр рухты ақынның өлеңдері жазылған ескерткіш-тастар қойылса, өскелең ұрпаққа үлкен тәрбие көзі болар еді» деген ой айтты. Өте орынды ұсыныс. Жергілікті билік мұны қаперге алады деген ойдамыз.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы