Ана деген жайлы баланың қолында тұрады

Нарықтық қоғамда сенің жеңісің – қоғамға пайда келтіргенің. Азаматтығың да, өмір-бәйгеден алатын олжаң да сол. «Алма піс, аузыма түс» дейтін кезең әлдеқашан өтіп кеткен. Басшыға да, білікті маманға да, шаруаға да қойылатын бүгінгі талап басқа. Осыны түсінген азаматтың бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылында тұратын Арылбек Қораласбаев.

Заманның беталысын байқап, жаңашыл іске алғашқылардың бірі болып тәуекел еткен әкесі Шамшабек екен. Ол 1994 жылы «Аян» шаруа қожалығын ашып, алғашында 90 гектар алқапқа егіс салады. Сөйтіп, азамат болып қалған перзенттерінің ертеңіне жол ашып береді. Әке үміті алдаған жоқ, шаруа қожалықты құрған сәттен ұлы Арылбек қасынан табылды. Шаруашылықтың тізгінін ұстап, егіс көлемінің, мал басының артуына үлесін қосты. 2003 жылы Арылбек Шамшабекұлы қара шаңырақтан өз еншісін алып, «Бай алғабас» шаруа қожалығын құрып, жаңа қожалықты басқарып келеді.

Арекеңнің мамандығы зоотехник және агроном. Мал мен егін шаруашылығының кәсіби маманы. Сонымен бірге, өңірдің қоғамдық өміріне араласып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азамат. Ол 2007-2017 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты да болған. Қазір облыстық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулысы ретінде сайлаушыларымен бірге болып, олардың көтерген мәселелерін билікке жеткізіп, кейбірінің шешім табуына көмектесті. Талай түйткілдің түйінін тарқатты.

Еңбегі де елеусіз емес, егін және мал шаруашылығын дамытуға қосқан Арылбек ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Қазақстан мәслихатына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Т.Рысқұлов ауданына – 80 жыл» мерекелік медальдарымен және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Үздік депутат» төсбелгілерімен марапатталған. Кеудесінде «Ерен еңбегі үшін», «Белсенді қызметі үшін» медальдары да жарқырайды. 2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл тұлғасы» аталымын иеленген. Арылбек Шамшабекұлы ауылдастарына да қолдау көрсетуде, өзі оқыған Болтай батыр атындағы мектепке демеуші болып келеді. Аудан, облыс көлеміндегі мәселелерге де үлесін қосып отырады. Ауылда «Асар» жобасымен салынған үйлерге қаржылай көмек беріп қана қоймай, қорасына мал байлап берген жомарттығы да бар.

Бұл күнде әкесі бақилық болғанмен, анасы Аманкүл Телібаева Арылбектің қолында тұрады. «Ана деген жайлы баланың қолында тұрады ғой» деп әзілдеп қойды сөз арасында Арылбек. Аманкүл апа жас күнінде қызылшашы болыпты. Сөйте жүріп, ұл-қыздарын адал, ұлағатты жолға тәрбиелеген. Перзенттерінің бәрі бұл күнде өмірден өз орындарын тапқан. Қазір 77 жастағы Аманкүл әже ұл-қыз, немере, шөберенің амандығын тілеп отыр.

Бүгінгі таңда ол басқарып отырған шаруашылықтың 6 мың гектар егістігі бар. Бірнеше ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркемелері қажетіне жарап тұр. Өзі де депутатпын, бастықпын демей, қажет болса трактор рөліне отырып шаруаны жайлайды, мал да қарайды. Мал қыстауларына жиі барып, малшылардың жағдайын біліп отырудан жаңылған емес. 4 мың гектар алқапқа дән сеуіп, 2 мың гектар алқапты парға қалдырған.

Шаруашылықтың мал басында өсім бар. Қойы 4 мың басқа жуықтаса, жылқысы 500 басқа жеткен. Арекең жылқыны да, қойды да асылдандыру бағытында жұмыс істеуде. Шаруа қожалықта тұрақты 12 жұмысшы бар. Маусымдық жұмыстарда қосымша жұмысшы алып, жиын-терінге араластырады. Оларға уақыт талабына сай жалақы беріп те отыр. Мәселен, «К-700» жүргізушісі науқан кезінде 350 мың теңге жалақы алады. Малшылардың да айлығы жоғары. Яғни, 160-170 мың теңге. Бұдан бөлек, Арылбек әр малшыға 10 қой, 10 ешкі, 3 жылқыны үш жылға несиеге беріп, қызықтырып отыр. Үш жылдан соң аналық басын қайтарса, төлі малшының өзінде қала бермек.

– Ауыл шаруашылығында жұмысшы тапшылығы бар. Бұл мәселе бүгінгі таңда өте өзекті болып отыр. Мықты механизатор, жақсы малшы таппай қиналамыз. Қазір 160-170 мың теңге жалақыға ешкім мал баққысы келмейді. Өйткені, оның бейнеті шаш-етектен. Сондықтан да, жұмысшыларымнан көмегімді аямаймын, жалақыларын жоғары қойып, уақтылы төлеп отырмын. Еңбек адамын осылай бағаламасаң болмайды. Әке – балаға сыншы деген. Әкем бастап кеткен игі істі лайықты жалғап жүргеніме шүкіршілік етемін, – дейді Арылбек Қораласбаев.

Есет ДОСАЛЫ, Т.Рысқұлов ауданы