Алда еліміздің болашағы үшін ең бір маңызды іс — сайлау!

Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүргендіктен, ұстаз деген атымыз үшін ар алдында ант береміз.

Арымыз таза болғанда ғана ары таза ұрпақ тәрбиелейміз!

Біз бүгін заң бұзсақ, ертең алдымыздағы шәкіртке «Елдің заңын сыйла, елдің болашағын ойла, адам бол, арлы бол» деген сөздеріміздің құны көк тиын.

Сондықтан, бүгін сайлау келе жатқалы ұстаздарға таңылып жатқан сындарды өздеріңіз естіп, біліп отырсыздар.

Елдің болашағына бей-жай қарай алмайтын, ұстаздардың хақы мен құқының бұзылғанын қаламайтын, ұстаз бетіне кір келер шаруаның болмағанын қалайтын ұстаз ретінде баршаларыңызға «Ардан аттамаңыздар, заң бұзбаңыздар» деген сөзді айтқым келеді.

Дауыс ұрлау да — ұрлық! Ұстаздың ұры болуға еш хақысы жоқ!

2-3 рет дауыс беру де қылмыс! Ұстаздың қылмыскер болуға хақысы жоқ!

Сондықтан, баршаңыздан сайлау кезінде өз таңдауларыңызды заңды сайлау учаскесінде белсенді жасап, заң бұзбауларыңызды әріптестеріңіз ретінде сұраймын.

Құрметті менің мектеп директорлары әріптестерім!

Сіздер мектептің бас ұстазысыздар, сіздердің заң бұзуға тіптен хақыларыңыз жоқ, заң бұзғызуға тіптен. Сондықтан, өз ұжымыңыздың шынайы адалдығы керек болса, адал ұрпақ, жарқын болашақ керек болса, онда өз ұжымыңызға заң бұзуға қысым жасамаңыз!

Біз ұстазбыз!

Біз заңды түрде таңдауымызды жасаймыз, бірақ, біз заңды бұзбаймыз деп ойлаймын.

Ертең, 19 наурызда желі заң бұзған ұстаздардың суреті мен видеосына толмайды деп сенемін. Біз сабақ алатындай болдық қой, бір құмалақ бір қарын майды шірітпесін!

Педагог мәртебесі туралы заңның көк тиындық құны жоқ, егер сіз заңды бұзып тұрсаңыз!

Сізде мәртебе болмайды, елдің заңын сыйламасаңыз!

Өмір ағаның сөзімен айтқанда ертең сайлаудан соң #құл_маған_әріптес_емес деп отырмаймыз деп сенемін!

Біз ұстаздық арымызды адал сақтаймыз!

Біз себебі болашақты тәрбиелеп жатқан бағыбанбыз!

Біздің тазалығымыз — елдің тазалығы!

Аятжан Ахметжанұлының ФБ парақшасынан