Аға буын өкілімен жүздесті

Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының еріктілері республикалық «Ерекше тәуекелді солдаттар» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Есім Бектілеуовпен кездесті.

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кездесуде Есім Бектілеуов тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің Тұңғыш Президентінің салиқалы саясаты жайында әңгіме өрбітті.

– Еліміз жыл санап өркендеп, көркейіп келеді. Егемендік алған алғашқы жылдарда тәуелсіз мемлекетіміздің алға қадам басуына септігін тигізген бірден-бір тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасымыз әлі де ел ісіне етене араласып, «Nur Otan» партиясы мен Қазақстанның Қарулы күштерін басқарып отыр, – деді филиал төрағасы.

Бұдан әрі Есім Бектілеуов өзінің еңбек жолы, жетістіктері туралы баяндап, «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің жұмыс барысынан хабардар етті. Өңірдегі әскери борыштарын өтеу кезінде Семей полигонынан, Чернобыль апатынан, Ауған соғысынан зардап шеккен 800-ге тарта адамның басын қосатын бірлестік филиалы мүшелерінің ең үлкені – 95 жаста болса, ең жасы – 46-ға келген. Бұдан әрі аға буын өкілі ерікті жастардың пандемия кезіндегі ерлікпен пара-пар істеріне тәнті болғанын жеткізіп, олардың бейбіт өмірде жасар ерлік істері көп болуын тіледі.

Кездесуді қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі Дәурен Шамұратов жүргізді. Тағылымды шара соңында жастар келген мейманға сауалдарын жолдады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы