55 ЖЫЛДЫҚҚА 55 НЫСАН

1991 жылғы ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап Мойынқұм ауданын Бағлан Қарашолақов, Болат Бейімбетов, Кәрім Көкірекбаев, Оңдасын Жиенқұлов, Төлеухан Оспанбеков, Болат Рысмендиев, Сәкен Арубаев, Болатбек Мәдікенов, Бақытжан Нүркенов сынды азаматтар басқарды. Олар өз уақытында ауданның дамуына бір кісідей ат салысты.
Ал, 2018 жылдың қазан айынан бастап Мойынқұм өңіріне екінші рет әкім болып орталық және аймақтық деңгейде басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі маман Мәден Мұсаев келді. Мәден Тоқтарбайұлының ауданға келуі Мойынқұмның құрылғанына 55 жыл толуымен тұспа тұс кезең еді. Сондықтан, өңірде елдің еңсесін көтеру үшін талай елеулі істер атқарылды.
Мәселен: 2020 жыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданға 1 млрд. 387 миллион теңге бөлінді. Аталған қаржыға ауданның 55 жылдығына орай 55 жоба қолға алындығын атап өту керек. Әрине, үлкен аудан үшін 1 млрд. теңге көп ақша емес. Алайда, оны ұқсатып, нағыз халықтың керегіне жарату да жауапты іс еді.
Өткен жылы Мойынқұмда қолға алынған нысандар қатарында шағын спорт алаңшаларын соғу, орталық алаңды қайта қалпына келтіру, аудан орталығына кіре берістегі еңселі постамент, үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамту секілді жұмыстар бар. Мәселен: Мойынқұм ауданында 9- жасанды төсеніші бар стадиондар салынды. Оның ашылу салтанатына қатысқан жұртшылық алғыстарын айтып, бұрын далада доп тебетін балалардың енді қаладағыдай жағдайда спортпен айналысатындарына ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ, жолдарды жөндеу, тозған су құбырларын ауыстыру, цемент астаулар орнату арқылы Мойынқұм ауылындағы шеткі көшелерге су жеткізу, каналдарды тазалау тәрізді құрылыс жұмыстары бар. Әсіресе, ауыл ішіндегі жаңа латок арқылы енді төменгі бөлікте тұратын, бұрын ағын су көрмеген көшелер су ішеді. 55- жылдық қарсаңында бұл үлкен сый болды.
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға арналған «Қанат қақты» пилоттық жобаға енген Кеңес ауылдық округі тұрғындары бар болғаны кейінгі екі жылда өз жағдайларын анағұрлым жақсартты. Округтегі барлық 363 отбасы жоба аясында өз үйлері жанындағы қосалқы шаруашылықтарын тиімді пайдаланып, одан мол табысқа кенелуде.
Кейінгі екі жылда аудандағы кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі суармалы егістік қайта қолға алынды. Сөйтіп, аудан диқандары жүгері, тары, арпа, жоңышқа, көкөніс егіп, одан мол өнімге қол жеткізіп отыр. Мәселен: Күшаман, Көкжелек ауылдарының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Олар каналдардың тазаруы арқасында 18- жылдық үзілістен кейін жүгері мен тары еккен.
Ауданда әлеуметтік жағдайларға да баса көңіл бөлінуде. Оның ішінде жастардың жұмыссыз қалмауы үшін соңғы бір жылда жүйелі жұмыстар атқарылды десе болады. Мәселен: биылғы жылы Мойынқұмдық 65- адамға қайтарымсыз 505 мың теңге грант берілген. Ол ақшаға ауыл жастары шағын цех ашып, бірі домбыра жасайды, енді бірі балапан бастырады. Бұл да жұмыссыздықтың алдын алды.
Білім саласында да жетістіктер аз емес, ауылдағы орта мектептердің дені типтік жүйеде негізі қаланған білім ордалары. Ал, биылғы жылы тозығы жеткен Сарыөзек ауылындағы Қаныш Сәтбаев орта мектебі толық күрделі жөндеуден өтіп, қазір адам танымастай өзгерген. Бұл ауыл балалалары үшін үлкен қуаныш. Бердібек Сапарбаев облысқа әкім болып келген тұста елдің бірлігі мен ауызбіршілігін арттыру үшін Жамбылда «Асар» жобасын қолға алуды ұсынған еді. Бұл дәстүрді де Мойынқұм ауданы бірден іліп алып кетті.
Бұл Мойынқұм ауданында атқарылып жатқан игілікті істердің бір бөлігі ғана. Аудан құрылғанына 55- жыл болса, өткен бір жылда ғана 55- нысанның пайдалануға берілуі жақсылықтың нышаны. Ал, осындай игілікті істердің басы қасында жүрген Мәден Мұсаев сынды азаматтың ҚР Парламенті мәжілісіне кандидат ретінде тіркеліп, бақ сынап жатқандығы мені қуантады. Себебі, еліміз үшін сөздің емес, іс- қимылдың дәуірі келді. Мемлекетті орнықты дамыту үшін ел болашағын ойлайтын, ауылдың жағдайын білетін, басқару жүйесінде тәжірибесі бар мамандар керек. Мәден Тоқтарбайұлының Мойынқұмдағы бір жылда атқарған шаруасы осыған дәлел…
Айбол Карашевтың
фейсбук парақшасынан