Атамұра айтыс — төл өнердің төресі

Қазақ айтыс өнерінің тарихы тым әріден басталатыны, талай ғасырлардан тамыр тартатыны бесенеден белгілі. Дегенмен, әр дәуірдегі айтыс үлгісі жаңаша түрленіп, өзгеше сипат алып отыратыны шындық. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы қызу жүріп жатқан кезде Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысымен қазақ халқының тарихында тұңғыш рет республикалық халық ақындарының бірінші айтысы өткізілді. Бір аптаға созылған бұл жыр жарысының естен кетпес мерекесі бұдан 80 жыл бұрын Алматы қаласында қазіргі Абай атындағы опера және балет театрында болған. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 88 ақын қатысқан. Ол тойдың шымылдығын ашып, айтысқа беташар айтқан 97 жастағы Жамбылдың өзі болатын. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтердің қамқорлығымен өткен бұл айтыстар өшуге айналған суырыпсалмалық өнердің қайта дамуына мұрындық болды. Бұл айтысқа бірнеше облыстың белгілі ақындары қатысып, жақсы дәстүрді қайта жалғастырды. Өлеңнің қасиеті мен ерекшелігі сол емес пе, қан майданның кезінде де халықты рухтандыруға, тылдағы еңбеккерлерді жігерлендіруге айтыс өнері, айтыскерлердің алтыннан қымбат шумақтары қажет болған. Міне, осы республикалық айтыстың өткеніне биыл 80 жыл толып отыр.

Содан кейін жүйелі түрде болмаса да, белгілі бір мерекеге орай аудан, облыс, республика көлемінде шағын-шағын айтыстар өткізіліп жатты. Болман Қожабаев, Қалқа Жапсарбаев, Есдәулет Қандеков, Жақсыбай Жантөбетов, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков, Қайып Айнабеков сияқты айтыс өнерінің кәнігі шеберлерінің игі дәстүрі үзілген жоқ, қайта жалғаса берді. Сондай-ақ, Қазақ ССР- нің 40 жылдығына, В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекесіне, жыр алыбы – Жамбылдың туғанына 125 жыл толу тойына, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толу меркесіне арналып өткізілген ақындар айтысында біраз жас талапкер көзге түсті.

Бүгінгі қазақ айтысы жөнінде филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібек: «Жалпы, қазақ ауыз әдебиетінің бүгінгі күнге жеткен бірден-бір өміршең жанры ретінде рухани өмірдің төрінен ойып орын алды. Алайда, оның да шешілмеген түйткілдері аз емес. Атап айтар болсақ, кейінгі кездері айтыста дін тақырыбы біршама көтеріліп жүргенімен, оның «Жұмбақ айтыс», «Жазба айтыс» секілді түрлері үзіліп қалды. Оған мынандай себептер бар: Жұмбақ айтыстар – қазақ суырыпсалма өнерінің өзіндік ерекшеліктері басым, күрделі саласы. Жыр сайысының мұндай түрінде айтысу үшін айтыскерге ақындық дарыннан өзге тапқырлық, ұшқыр да өрелі ой, сергек сана талап етіледі. Ақындардың қабілетіне байланысты айтыстың тағдыр-талайы бірден, табан астында шешіледі. Сондықтан да, мұндай жауапкершілігі мол бәсеке, сынаққа кез келген ақын араласа бермеген. Қазір де солай, ақындар мұндай айтыстың күрделі түріне дайын емес.

Импровизаторлық дарын ақынға тумысынан берілетін табиғат сыйы болғанымен, маңайындағы айтыскерлерден үйренуге, талмай іздену арқылы айтысқа төселу – ақын үшін шыңдалу сатысы. «Бұл қасиет оңай орнамайды, ол шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күннің өзінде де ұзақ-сонар жол кешіп, сан сайыста сілкісе жүріп сан рет жаға жыртып, тон тоздырып барып келеді», дейді Мұхтар Әуезов. Бұған айтыскердің тәлім алған ақындық мектебін де қосқан жөн сияқты. Себебі, айтыс ақынының жоғарыда аталған қырларының қалыптасуы да тәлім алған ортасына, үлгі тұтқан ұстаздарына байланысты. Әсіресе, музыкалық импровизация, орындаушылық шеберлік өзі шыққан өнер ошағымен тығыз байланысты болады.

Мысалы, Жетісу ақындарының, дәлірек айтқанда, Сүйінбай, Бақтыбай, Кенен, Қалқа сынды тағы басқа ақындардың шабыт шақырғанда ащы айқайға басуы, болмаса құлақ бұрауы – сонау Қабан жыраудан бастау алған үрдіс. Сүйінбай, Құлмамбет, Майкөт, Жамбыл, Бөлтірік, Кенен сияқты ақындардың тыңдарманды өзіне тарту мақсатында айтыс алдында, тіпті, ортасында жыр жырлап, ән шырқайтын, күй жарыстарына шығатын сан қилы дарынның иелері екендігі ел арасында аңыз, әңгіме болып қалған. Мұнан өзге айтыс арасындағы әзіл-қалжың, мимикалық қимыл-әрекеттер, домбыраны аяқпен, пышақтың жүзімен тарту секілді артистік өнердің түрлері аз болмаған.

Ара қашықтығы мыңдаған шақырым жырақта жатқан батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік өңірлердегі халық поэзиясының құрылысында, пішінінде, қолданылатын музыкалық сарындар мен орындалу машықтарында өзгешеліктер жоқ емес. Мұны тарихи, генетикалық, психологиялық тұтастық, танымдық, географиялық жағдаяттарға байланыстырған жөн сияқты. Қазақтың тамыры талай тереңге сұғынып кеткен дәстүрлі ерекшеліктері бүгінге үзілмей келді. Бірақ қазіргі айтыстарда бұл дәстүр сақталмайтыны өкінішті. Айтыскерлердің жаттамалы әуенге, әсіресе келсе де, келмесе де танымал ақындардың мақамына салып, ғасырлар бойы сақталып келген аймақтық мектептердің музыкалық дәстүріне немқұрайды қарауы қынжылтады. Бұл – қазіргі айтыстың шешімін таппаған түйткілді мәселелерінің бірі» деп жазды.

Ал, бүгінгі жазбамызда әр кезеңде республика көлеміне ақындықпен аты шыққан жамбылдық айтыскерлерді айтып өтуді жөн санадық.

1971 жылғы жыр алыбы – Жамбылдың туғанына 125 жыл толуына арналған сөз бәйгесінің орны ерекше болды. Бұл айтыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған Әлімқұл Жамбылов, Шолпан Қыдырниязов, Бикен Сембаева, Жақсылық Сәтібеков, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров сияқты ақындардың жыр бәсекесінен арыдан үзілмей келе жатқан суырыпсалма дәстүрдің озық үлгілерін көруге болады. Осы жылдары Жақсылық Сәтібековтің шымкенттік Көпбай Омаровпен жақсы айтысы көпшіліктің есінде. Дегенмен, Жақсылық Сәтібековтің кейінгі жылдары жазба өлеңмен көбірек танылғаны да рас.

Жамбыл топырағынан жарқырап шыққан айтыс майталманының бірі – Аяз Бетбаев. Аяздың алғашқы көзге түскен сәттері 1974 жылы Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығында арнау өлеңі. Осы жолы Аяздың әні де, сәні де, өлеңі де келіскен болатын.

«Сүйінбай мен Жамбылдан алған бата,

Ассалаумағалейкум Кенен ата.

Арыны басылмаған албырт едім,

Кешіріңіз сөзімде болса қата» – деген шумағы елдің арасында әлі күнге айтылып жүр.

Содан Аяз Бетбаевтың ұзақ жылдарға жалғасқан жұлдызды жылдары басталды. Аяздың үлгілі өнер жолын Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова атты шәкірттері лайықты жалғастырып, республикалық айтыстарда жасындай жарқылдады. Әзімбектің жас кезінде танылып, айтысқа келуіне байзақтық ақын, Мәдениет саласының үздігі Қасқырбай Нарбатырдың да қосқан үлесі қомақты екенін білеміз.

Әзімбектің тарихта қалған сүбелі айтысының бірі Әселхан Қалыбекова жеңгесімен өткенін білеміз. Әзімбектің:

Жеңеше, сырларыңды ұғып тұрмын,

Біздерді жас та болса шынықтырдың.

Көптен бергі аңсаған арманым ед,

Әселхан жеңешеммен шығып тұрмын, – деп әзілдегеніне Әселханның:

Жарқырап көрін қайным дүйім топта,

Санаңа жеңіл жолды шиырлатпа.

Жеңгеңді соншалықты бір көтеру,

Ауғанның соғысынан қиын боп па? – дейді. Сонда Әзімбек:

Еседі қарсы алдымда таң самалым,

Мен өзі өткен күнді аңсағанмын.

Ауданда автоматты көп арқалап,

Ойпырмай, мен болдырып шаршағанмын, – деген ұтымды жауабы елге еріксіз езу тартқызған.

Айтысқа ерекше үлес қосқан жамбылдық айтыскерлердің қатарында Шырын Мамасерікова бар. Кейіннен өзінің рухани жолын жазба өлеңдерімен жалғастырғаны белгілі. Сол секілді айтыста Жамбылдан «жарқ» ете қалған ақындардың бірі – Шорабек Айдаров. Шорабек Бәтейұлының әйгілі Әселханмен айтысында қарсыласының:

Ағайын, Шорабекті қолдаңыздар,

Жүрген бір бейшара еді бағы ашылмай.

Дорбада желінбестен он күн жүріп,

Сақтардың қатып қалған қалашындай, – деген қағытпасына Шорабектің:

Дегенде жеңгем деймін, жеңгем деймін,

Өзіңді ешбір жаннан кем көрмеймін.

Сақтардың қалашындай болсам-дағы,

Қадірлі не бар екен наннан деймін.

Байқұс деп мына мені аямашы,

Мен саған оңайлықпен жан бермеймін, – деген тапқырлығына қалай риза болмайсың?

Сексенінші жылдардың орта тұсында Жамбыл ауданынан Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов деген айтыскерлер шығып, ел назарын аударды. Серік Қалиев бір айтыста шымкенттік Маржан Есжановаға:

Жігіттің көп қой қызға құштарлығы.

Сөз қылып айтпайды дұшпан мұны.

Жеңгеңдер тоқал деп айтпайды ғой,

Ол да болса әйелдің іштарлығы, – дегеніне қарсыласы: «Қазақтың қамын жейтін сендерсіңдер, Ойларың тоқал қылу бойдақ қызды, – дегенінде Серік сол жерде жеңілгенін мойындап, орнынан тұрып кеткен. Мұндай жеңілгенін мойындаудың үлгісін ең әуелі Шорабек Айдаров 1990 жылы Алматыда өткен республикалық айтыста Түркістан облысының ақыны Әселхан Қалыбековамен сөз сайысында көрсеткен.

Жамбылдық айтыскерлер республикада бірнеше жыл бойы айтыстың туын биік ұстап, жалауын жоғары көтеріп тұрды. Бұл ретте 16 жасында республикалық айтыста азуы алты қарыс алматылық Есенқұл Жақыпбековпен айтысып, көзге түскен, сол айтыста бас жүлдені иеленген Алтынкүл Қасымбекованың есімін көпшілік құрметпен атайды. 11-сынып оқып жүргенде Алматыда өткен республикалық айтыстың бас жүлдесін иеленген, онан соң он жылдан астам уақыт осы биігінен түспеген Мұхамеджан Тазабеков айтысқа жаңа сипат әкелген құбылыс деп бағаланды. Мұхамеджанның сол оқушы күнінде қарағандылық Аманжол Әлтаевқа айтқан:

Бойымыз аға сізге жетпегенмен,

Ойымыз ортан белге жетпейді ме.

Білектей білем қара темірді де,

Бармақтай алмас кесіп кетпейді ме? – деген жауабы жас ақынның болашағынан зор үміт күттірген еді. Мұхамеджан сол сенімді ақтап, талай айтыста олжа салды. Қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың да ықыласына бөленді.

Жасынан топқа түскен жүйріктердің қатарында мойынқұмдық Айнұр Тұрсынбаева бар. Айнұрдың 16 жасында Семей қаласында Абай Құнанбаевқа арналған республикалық оқушылар айтысында бас жүлде алғаны, сол айтыста талдықорғандық Балғынбек Имашевқа:

Сөздерімді Балғынбек зая қылды,

Құрдасыма жүректен ой ағылды.

Абай ата ауылында жер тепкілеп,

Алмағайсың сындырып аяғыңды, – дегені көпшіліктің есінен кете қойған жоқ.

Осы сәтті көшті Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыр, Күміскүл Сәрсенбаева, Шырынбек Қойлыбаев, Алик Бекмұсаев, Олжас Отар, Асхат Қылышбек сәтті жалғастырды. Бұл айтыскерлердің де ел алдында уытты да терең өлең шумақтарын айта білгенін сан рет көзіміз көрді. Осы ағаларының жолын бұл күнде Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай, Айтбек Тұрсынбай лайықты жалғастырып жүр. Былтыр республикалық «Асыл домбыра» айтысының бас жүлдесі жамбылдық командаға бұйыруы бекер емес.

Қазіргі таңда да облысымызда аға буынға ізбасар жастар да жоқ емес. Республикалық оқушылар айтысында Айсұлу Жүнісбек, Алина Айдаралы топ жарып, көзге түсіп жүр.

Әлқисса, сонау 1943 жылы Үкіметтің қаулысымен тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысының ІІІ-ші жалғасы 1990 жылы Алматы қаласында өтті. Оған біздің облыстан қатысқан жүйріктер арасынан Алтынкүл Қасымбекова екінші, Шорабек Айдаров үшінші орынды иеленген болатын. Бұл да – тарих.

Бүгінгі таңда Әулиеата топырағында да айтыс өнері қанатын кең жайып, дамып келеді. Оны өзге өңірдің ақындары да еріксіз мойындап отыр. Бұйырса, жамбылдық майталмандар ұзақ жылдар бойы өңір намысын қолдан бермейді деген сенімдеміз.

Ол үшін мәдениет саласының басшылары айтысты үнемі қолдап, айтыскерлердің бабы мен бағына, жалпы дайындығына көңіл бөліп қойғандары абзал. Сонда атамұра айтысымыз алға басып, өрлей береді.

Жыр алыбы – Жамбылдан басталған айтыстың аппақ жолы ешқашан үзілген емес. Әр кезеңде өзінің дарынды дара перзенттерімен жалғасып, дамып, өркендеп отырған. Сондай қуатты жас толқындардың легі Әулиеатада қазір де бар. Сол қуатты толқынның айтысы жамбылдық жанкүйерлерді қуантып отыр. Қазақ халқы барда қазақ айтысы жасай береді.

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.