Үндеме, Қазақ, үндеме…

Ү Н Д Е М Е!!!
Үндеме, үндеме,
Арыстан ақырса, үндеме!
Көк есек бақырса, үндеме,
Үндеме күндіз де, түнде де.

Үндеме, үндеме!
Отыз жыл жарылқап бір неме,
Оранып жүрсің сен…
Үлде мен бүлдеге.

Бұғау сал тілге де, үнге де,
Үндеме өзің де,
Бүлдірер бірдеңе…
Итіңе үр деме.

Үндеме, үндеме,
Біз егер демесек бірдеңе,
Өмірді өзгертер кім деме.
Бізсіз-ақ қиуы кеп қалар бірдеңе.

Сөйле деп қинайсыз Сіз неге?
Піл бар ғой сөйлейміз біз неге.
Үлкен ғой, демей ме бірдеңе?
Деп құтыл, деп құтыл үндеме!

Үндеме, үндеме,
Қас жауың келсе де іргеңе,
Бірдеңе дегендер шірісін түрмеде.
Басыңа тышсын кеп кірме де,
«Басынған бұл бізді кім?»-деме.

Үндеме, үндеме,
Демесін қожайын,
«Кісі боп кетіпті-ау бұл неме,
шіреніп сөйлейді құл неге».

Үндеме, үндеме,
Қайшы кеп тұрса да мүддеңе.
Үндеме, үндеме
Жаманға жалтақтап күн көре,
Айналып кеткенсің мүрдеге.

Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы 01.05.2019 ж.