ҚОРДАЙДА АУЫЛ КӨШЕЛЕРІ АСФАЛЬТТАЛДЫ

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты Қордай ауданының Кенен ауылына да келіп жетті. Былтыр аталмыш бағдарлама аясында бірден жеті көше ағымды жөндеуден өткен болатын.
Биыл сол бастама жалғасын тауып, қалған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Конкурста жеңімпаз атанған «Ақ Жол Сервис» ЖШС Жылыбаев, Қашағанов, Еспаев, Қордай, Несіпбаев көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүрігізіп, бір кездері шаңы аспанға шығып жатқан жолдарды жөнге келтірді. Қазір Кенен ауылында асфальт төселмеген көше қалған жоқ деп айтуға болады. Ауыл ауыл болғалы ешқашан асфальт болмаған Байниязов, Жамбыл, Еспаев көшелері тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе ауыл шетінен мектепке қатынайтын балалар, таңмен кішкентайларын балабақшаға жетелейтін ата-аналар үшін бұл өте қолайлы болып отыр.
✅Соңғы жылдары ауыз су жайы ретке келіп, жолдары жасалып, газдандыру жұмыстары қарқын алған ауылда жақсы жаңалықтар легі осымен тоқтамайды деген сенімдеміз.

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі