Қаңтардағы қарды емге қолданған

Қызық естіледі, әрине. Бірақ қарды да емге қолданатындар бар екен. Және де бұл денені қармен ысқылау емес, мүлде басқа ем.
«Бірнеше жылдан бері артрит ауруымен ауырамын. Саусақ буындарым ісініп, көгеріп, қисайып қалды. Қолдарым икемге келуі қиындап бара жатты. Енді өмір бойы гормондық уколдар қабылдауға мәжбүрмін. Бұл аурудың азабын осы дертке шалдыққандар жақсы біледі.
Ауру жаныма батқанда жағдайымды сәл жеңілдету үшін халық емі тәсілдерін іздей бастадым. Сөйтіп Екатеринбург қаласында тұратын бір кісінің тәсілін қолданып көрдім.
Мен қармен емделдім. Қар қалың жауған кезде таза ыдысқа 2 стакан қар салдым да, оған 1 стакан ірі тұз қостым. Жақсылап араластырып, оған қолды білекке дейін салып отыру керек. Ем үшін 4-7 минут жеткілікті.
Бірден айтайын, бұл жаныңа бататындай ауыр ем. Сондықтан шыдамсыз адамдар оны жасамай-ақ қойғаны жөн. Өйткені онсыз да қақсап, сәл суыққа сыздай жөнелетін саусақтар тұзды қарға көмілгенде дуылдатып, қатты ауыртады. Ұйып қалғандай болуы мүмкін. Үсік шалғандай, ине сұққылағандай әсер болады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Шыдатпай бара жатса 7 минутты күтпеуге де болады.
Белгілі уақыт өткенде қолды қардан алып, сілкіп тастайсыз. Бірақ сүртуге, жылы орауға болмайды. Саусақтар бөлме температурасына өзі бейімделуі тиіс.
Мен сәрсенбі-сенбі күндері, барлығы 4 рет осылай қолды тұзды қарға көмдім. «Уды у қайтарады» деген рас екен, осы жағдайдан кейін буындардағы ісік біртіндеп қайтты. Қолдың ұйып қалуы, көгергені басылды, саусақтар икемге келді», – деп жазады Тараз қаласының тұрғыны Нұрғиса Қайсарұлы.
Халық емінде қарды буын ауруына қолдану бұрыннан бар. Бұл әсіресе Ресейде жиі қолданылатын ем түрі. Тұз аралас қар компресін артрит, полиартрит кезінде жасап, оңды нәтиже болған жандар жазбасын ғаламтордан да жиі кездестіруге болады. Онда қар мен тұз аралас компресті тізе ауыруында қолданатындар да бар екен. «Ол үшін 0,5 стакан қарға 1 ас қасық тұз араластырып, тізеге қалыңдығы 1,5 сантиметр болатындай етіп жағып, 5 минут шыдау керек», – дейді емделушілер. Полиартриттің асқынған түрінде емді араға 2 күн сала отырып, 7-8 рет қайталау керек дейді білетіндер.
Емнің құпиясы мынада: саусақтар, әсіресе ауру буын қатты тоңғанда дабыл бойынша ағза өзін жылытуға әрекет жасайды. Яғни сол жердегі қан тамырларының жұмысы күшейеді. Қан айналымының күшеюі ауру буындарға оңды әсер етсе керек.
Дегенмен дәрігерлер емнің бұл түрін мақұлдамайды. Олар мұндай жағдайда саусақтарды үсік шалуы, суыққа аллергия оянуы мүмкін дейді. Бірақ тұзды қармен емделгендер арасында зиянын көрдім, үсік шалдым деген дерек жоқ…
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.