Елордада оқушыларға арналған жазғы лагерьлер ашылады

 Дайындық жұмыстары қазірден-ақ қолға алынды. 

2016 жылғы жазғы маусымда 6 шілде – 12 тамыз аралығында Ақмола облысының Ақкөл ауылындағы «Арман» спорттық-сауықтыру лагерінде 5 ауысым ұйымдастырылады. Үш ауысым жетім, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін тегін өткізіледі.

Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы «Батыр» палаталы лагері 14 маусым — 14 шілде аралығында жұмыс істейтін болады. Онда жетім және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан 375 бала тегін демалады. Аталған лагерь спорт пен сауықтыру бағдарламасымен туристік және тарихи-өлкетану, экскурсиялық бағыттарды басшылыққа алған. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері Ақмола облысындағы «Боровичок» демалыс аймағына жіберіледі.

Айта кетейік, елордада 83 мектепте 1 маусым — 8 шілде аралығында мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді, оған бастауыш сыныптан 45 мыңға жуық оқушы барады. Мектеп жанындағы лагерьлердің басты міндеті — мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, демалыс ұйымдастыру.

Сонымен қатар, Астанада 1-8 шілде аралығында мектептер жанынан 5-7 сынып оқушыларына арналған «Дидарлы жаз» спорттық-ойын алаңдары ашылады. Олардың басты міндеті топтық спорт түрлерінен қалалық мектептердің эстафеталық командаларының арасында спорттық-бұқаралық қызметті ұйымдастыру. Сондай-ақ, Астанада «Айбынды маусым» әскери-спорттық алаңдар жасалады. Бұл жоғары сынып оқушыларына тегін демалыс ұйымдастыруға бағытталған жоба.

Мұнымен қоса, Оқушылар сарайларының жанынан ақылы негізде жазғы шығармашылық мектептері ашылады. Мақсаты – балалардың демалуына қолайлы жағдай жасау, оларды сауықтыру және шығармашылық, танымдық, зияткерлік қабілеттіліктерін, бастамалары мен қызығушылықтарын іске асыру.

Бұдан басқа, мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының жанынан түрлі топтар ашылады: көгалдандыру бойынша бастамашыл топтар мен мектеп жанын абаттандыру бойынша жөндеу бригадалары; интеллектуалды, шығармашылық және тіл үйірмелері; пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар; шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстар.

astana.kz

 Астана. 3 мамыр.