ЕЛІНІҢ ЕРЖАНЫ

Семейдегі «Наркескен» ақындар мектебінің негізін қалаған марқұм ұстазымыз Сүлейменов Сиязбектің сиясынан пайда болған шайыр шәкірттерінің бірі де бірегейі — Ержан.
Кәдімгі Ержан Жұмабекұлы. Сиекемнің сүйікті шәкірті. «Ержан — ғалым, Ержан — сазгер, Ержан — әнші» — деп тізбектей берсек, оның қырлары асыл тастың қырларынан да көп шығар, сірә?! Ең бастысы Ержан — ақын. Ақын болғанда өте талантты да сауатты ақын. Талантты дейтінім, оның бойына Тәңірдің табиғи дарыны дарыса, сауатты дейтінім, өмірде жинаған тәжірибесі мен білімі арқылы сол дарынын толықтырып, толысып келе жатқан Қазақ әдебиетінің бір өкілі деп айтсам артық емес. Дулат шыққан қастерлі Аягөзде туып, Абай шыққан киелі Семейде оқыған ол, Мұқағалилар жүрген поэзия патшалығы Алматыны бір-ақ өлеңімен бағындарды. Яғни, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Көркем қала — Алматы» атты ақындар мүшайрасында Ержан бауырымызға 3-ші орыны бұйырған екен. Бұл жаңалықты әлеуметтік желіден көзім шалып қалды. Қазақстан бойынша 83 ақын қатысқан аламан бәйгенің алдыңғы үштігінен көрінген сәйгүліктің өлеңі Ақындардың астанасы — АЛМАТЫ немесе Симбиоз деп аталады. Иә… Баспанасыз Қасымдарға пана болған Алматы бұл. Жұматайлар қара өлең қағанатын құрған Алматы, Сағи мен Ғафулар сүйіп өткен, сан мыңдаған ақындар күйіп өткен,
Жұмекендер жырлап тауыса алмаған,
Қадірлерді қадірлі еткен Алматы — арманшыл ақындардың Ордасы екені даусыз. Ақын Ержан Жұмабекұлы аталмыш жырының тақырыбын да сәтті қойған, тіпті, менмұндалап өлеңінің жарты мағанасын ашып тұр. Басқа оқырмандарға қалай екенін білмеймін, өлеңде бірден өзіне тартып алатын бір тылсым күш бар. Сынайын десем мін таппадым, ендеше саралап көрейін.

«Жырларың бар тыңдататын әлемге,
Сырларың бар космостық тереңде.
Бәрі жалған,
Сен ғана шын сияқты
көрінесің
Жан бітіріп өлеңге…» — деп басталған кіріспе жолдары Абай бабамызша айтсақ, «айналасы жұп-жұмыр, тегіс» өлеңнің бастамасы екенін аңғарасың. «А» — дегенен-ақ ішкі ұйқаспен басталып, оқырманды хас шебердің қолынан шыққан көрікті заттай көкірек көзін де өзіне тартып, жанын баурап алады.

«Нұрлы әлемі,
Ақылменен сезімнің,
Отанысың еңбекпенен төзімнің.
Жылаған да,
Бақытты ғой, Алматы,
Арман толы құшағыңда өзіңнің» — деген шумағының өзінде қаншама тағдырларды сыйғызып жіберген, жан бауырым! Өзінің жаны космостан да кең екен ғой!
Мені тәнті еткен тағы бір ерекшелік;

«Әке,
Ана,
Бауыр,
Әлде аға ма ең?» — дейді. Сосын әлемнің қай жерінде жүрсем де сағынамын, түбі өзіңе жетемін дейді.

Одан кейін;

«Ару болсаң саусағыңа аялап,
Сатурнның сақинасын тағар ем…»

Неткен теңеу. Әлем поэзиясында мұндай теңеу жоқ шығар?! Бала кезімнен поэзия кітаптарын сүйектей кемірсем де бұндай теңеуді өз басым кезіктірген емеспін.

Зұлымдарды да төріне шығаратын еліміздегі ең үлкен қаланы әділдікпен пен адамдыққа сенбейтін пенделерге үлгі еткісі келетінін айтып, жақсылықтың жүрегіне телиді. Бұдан Алматыны емес, дала көңіл қазақтың өзін көруге болады.

«…Күндер тоңып,
Өртенгенде көп түнім,
Күн бермеген сәулені де сен бердің…» — деген шумақтың да түйіні мықты. «Әрбір шумақта бір түйін болмаса, өлеңнің құны бір тиын» — деп тура Съезбек ұстазымыз үйреткендей, Еркең де жырдағы жүрісінен жаңылмайды.

Келесі шумақта бас қаланы адамға айналдырып, көзіңе артықшылығын көрсетіп, кемшілігі де бар екенін сөзсіз айтады.

«Қайда барсам ойымда сен жүресің,
Мен сенде емес,
Сен менде өмір сүресің…»

Таза симбиоз… Тақырыпты ашып тұрған жолдарды жырдың тура ортасына жасыра білген. Алматы ол — Ержан, Ержан ол — Алматы болып, біртұтас дүниеге айналып, оқырманына рухани экстаз силайды.

«Таланттар – провинцияда туып, Парижде өледі» — деп француздар айтпақшы, біздің ақынымыз
«Арманына алғаш басқан қадамының» Алматы » — деп аталатынын алға тартады.

Менің ойымша лирикалық нәзік иірімге толы жолдардың ішіндегі ең әсерлі жері;

Бәрі саған ғашық,
Білем мен оны.
Ал,
Сен кімге ғашықсың?!.. — деген риторикалық жолдарынан қалайша аттап кетесің?

«Ғаламат та жоқ көңілді бөлердей» — деп келіп,
«Ішімнен бір Абай шыға келердей…» — деп сұрапыл суреттеу арқылы өлеңге тірі организм сияқты қозғалыс бітіріп, денені шымырлатады. Толық адам ілімін айтқан Абай тірілгендей күй кешесің.

Ал, қазақта Көктөбе жайлы өлең жазбаған ақын аз. «Көңіл тауын толқытады таң күліп» — деп, сол жерден Алматыға мәңгілік қарап тұра бергім келеді деп Ержан ғана айта алатын сияқты! «Көңіл тауы» деген де қандай әдемі?!

Жоғарыда айтқандай, Алматыны адамға теңеп, өмірде ақ пен қара қатар жүретінін білдіртпей айтады. Осылай оқырманын дайындап алып, яғни, әлемнің ең мықты қалалары сұраса да «Алматымның күнәсін де бермеймін» — дейді. Ал, керек болса?! Хан өзінше, қара өзінше түсінеді бұны…

Мына шумағын шарықтау шегі деп білемін.

Ал, Мен саған бәрін бердім,
Көктемде,
Анамды да, баламды да өткенде…
Енді берер сені сүйген жүрек пен
Өлеңімнен басқа ештеңе жоқ менде…

Негізгі түйін осы шумақта жатыр. Анадан айырылып, баласы шетінеуден ауыр қандай қасірет бар бұл жалғанда?.. Екеуін де Алматының қойнына тапсырғаны ақиқат. Біреу білсе, біреу білмес. Қазақ «Аталатсаң аталат, боталата көрме» — деп дұға тілейді. Бұл — тым ауыр қайғы. Ешкімнің басына бермесін. Жалпы бір жағынан Ерекеңнің іштегі құсалы запыранын төгіп тастағаны да дұрыс болды.
Тағдырлы ақынның ғана жүрегінен шығатын, жасандылығы жоқ аза өлең, таза өлең осындай болса керек-ті.

Алайда, еңсегей бойлы ер Ержан еңсесін түсірмей шын ақынға тән қасиетімен бірден, рухты қайта көтеріп, досқа пір, дұшпанға зіл, шат көңілге шабыт, қам көңілге демеу, батырға айбынды ұран болар супер түйінін қояды.

Асан қайғы іздеген жер жәннаты,
Ауаңда тұр бабалардың әр хаты…
Сен аман бол,
Төлқұжаты Қазақтың —
Ақындардың астанасы — Алматы!

Алдыңғы ауыр шумақтан бірден позитивке ауысып, өлеңді пафосты поэзияға айналдырып жіберу, хас шеберлік емей немене?
Ержан Жұмабекұлының «Ақындардың астанасы — Алматы» — деп аталатын өлеңінің өзім тұшынған тұстарына акцент беріп, ойымды осылай қағазға түсірдім. Енді толық нұсқасына тамсаныңыз, қадірменді оқырман қауым!

АҚЫНДАРДЫҢ АСТАНАСЫ — АЛМАТЫ

(Симбиоз)

Жырларың бар тыңдататын әлемге,
Сырларың бар космостық тереңде.
Бәрі жалған,
Сен ғана шын сияқты
көрінесің
Жан бітіріп өлеңге…

Нұрлы әлемі,
Ақылменен сезімнің,
Отанысың еңбекпенен төзімнің.
Жылаған да,
Бақытты ғой, Алматы,
Арман толы құшағыңда өзіңнің.

Саған ғана келер жолдай бар әлем…
Әке,
Ана,
Бауыр,
Әлде аға ма ең?!
Ару болсаң саусағыңа аялап,
Сатурнның сақинасын тағар ем…

Зұлымға да ұсынғаның төр еді,
Жақсылықтың жүрегісің себебі.
Әділдік пен адамдыққа сенбейтін,
Пенделерге сені үлгі еткім келеді.

Ең ғажайып күн ғой,
Саған келген күн,
Алтын қанат арғымақта тербелдім…
Күндер тоңып,
Өртенгенде көп түнім,
Күн бермеген сәулені де сен бердің.

Қаласың сен,
Тәніменен жаны бар,
Қасиеті,
Киесі мен ары бар.
Сен болсаң,
Мен
Бармын.
Егер,
Біз болсақ,
Махаббат бар,
Бақ бар, демек, бәрі бар!

Қайда барсам ойымда сен жүресің,
Мен сенде емес,
Сен менде өмір сүресің…
Арманыма алғаш басқан қадамым,
«Алматы» — деп аталады,
Білесің…

Үмітім мен сенімімді тасыттың,
Қанаттанып болашаққа асықтым…
Бәрі саған ғашық,
Білем мен оны.
Ал,
Сен кімге ғашықсың?!

Сұлу жоқ-ау, саған, жаным, теңердей,
Ғаламат та жоқ көңілді бөлердей.
Өзіңе арнап өлең жазып отырмын,
Ішімнен бір Абай шыға келердей.

Тарих тұнған әрбір тасың жаңғырып,
Көңіл тауын толқытады таң күліп…
Көктөбеден көрген кезде көркіңді,
Қарап тұрғым келеді ғой мәңгілік.

Сыйластық пен құрметті де «сен» деймін,
Тіпті, өзіңнен
Париж, Нью-Йорк кем деймін.
Қызықса да,
Қызғанса да,
Оларға,
Қарыз түгіл, күнәңді де бермеймін…

Ал,
Мен саған бәрін бердім,
Көктемде,
Анамды да, баламды да өткенде…
Енді берер сені сүйген жүрек пен
Өлеңімнен басқа ештеңе жоқ менде.

Асан қайғы іздеген жер жәннаты,
Ауаңда тұр бабалардың әр хаты…
Сен аман бол,
Төлқұжаты Қазақтың —
Ақындардың астанасы — Алматы!

 

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, ақын Қазыбек Байжұманов

Аякөз қаласы