Елім деген басшының – ел мен жерге деген махаббатының да сыналар тұсы осы болар!

Халық қатаң тәртіпке бағынып қана тығырықтан шыға алмақ!

Ел президентін қолдау бізді жеңіске жеткізеді

Кеше кеште Ел Президенті тағы да дабыл қақты. Қазіргі төтенше жағдай және дағдарысқа байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет және ел басшысы тарапынан жасалынып, жүзеге асып жатқан шаралар жайлы есеп беріп, халықты президент сабырға шақырды. Президент халыққа деген оң көзқарасын тағы да бір аңғартты. Шынын айту керек, бұл мәлімдеме біреуге жақты, біреуге ұнамады. Олай болуы да заңдылық! Ел болғасын еркесі мен тентегі қатар жүрмесе тағы бола ма? Бізді құртатын да, биікке көтеретін де шүкіршілік екенін ұмытпайықшы.

Халыққа деген жеңілдіктер, әлеуметтік көмек жасалғалы, жасалып жатқандығы мәлімдемеде ашық айтылған. Енді оның қалай жүзеге асарын айт! Қазір қиналып отырған халық осы жеңілдіктерді місе тұтып, қалай алудың жолын іздеп аласапыран күйге түскенін біз қазір біліп отырмыз. Теледидар да онлайн жолымен оп-оңай тіркеліп алынатынын айтып жатқанымен қарапайым халық діттеген мақсатына жете алмай жатқандығы туралы шағымданып жатыр. Мінеки біз осыдан ҚР Президенті бұйрықтарының кейбірі орындалғанмен, енді бір шешімдері дұрыс, немқұрайлы орындалып жатқанын көріп отырмыз. Бұл зор проблема! Менің айтарым шешімдер шықты ма, орындалуы тиіс. Мынадай қиын жағдайда бұқараны ашуландырмай олардың орындалуын барынша оңайлатып, жүзеге асыру қажет! Сонда ғана Ел Президентінің бұйрығы, шешімдерінің орындалуы толыққанды болмақ. Мен бүгіннен бастап өзімнің журналистік зерттеу, сараптауларымның аясында шағын циклды мақалаларымды жариялап отырамын. Сіздер де үн қосып, жетпегенін жеткізіп, қосарын қосып жазыңыздар. Кемшілік, көкейтесті мәселе бұқара үн қосқанда ғана барып шешіледі. Үн қатыңыздар! Ояныңыздар! Бұйығып үйде қарап жатпаңыздар!

Алла Тағаланың құдіреті шексіз – ау, шексіз! Асып – тасқан, асып – тасып шалыс басқан, болған – толған,  болып – толып жолдан тайған пенделерге сынақ басталды. Жер бетін жамандық жайлағанда, тойынған адамдар – астамсып сайрағанда;  билік пен халық арасы алшақтағанда, байлардың сарқытын жеп кедейлер жан сақтағанда;  әйел еркек боламын деп аласұрғанда, еркек үйкүшік болып аласарғанда; зинақорлық белең алғанда, қиянат үстемдік құрып қамшымен салғанда;  аманатқа қиянат жасалғанда, ата-ана баласына бас ұрғанда Жаратқан Иеміз пенделерге ескерту жіберіп сынайды екен! Сынағанға шыдамағандар сұлайды екен!

Тап сондай үлкен сынақтан барша әлем жабырқап тұр. Ол аз десең, қос бүйірден дағдарыс қоса сығып ғаламның ұйқысын қашырып, берекесін кетіруде.

Әлем ғалымдары бір ауыздан – коронавирусты тажалға теңеп, бір құдіретті күштің адамдарға жіберген індеті деп мойындауы  тегін емес -ау.

Коронавирус  – мейірімді ұмытқан әлемді тәубәсіне келтіріп жатқандай әсерге бөлейді.  Орамалмен алысқандар – оранып әлек, Аллаға тіл тигізгендер қорғанып әлек! Мастанғандар – маскаға тәуелді, дүниеге тоймағандар үйінен шыға алмай қамалып отыр.  Әйтеуір адамзат баласы қу жан үшін арпалыс үстінде. Күндеуден, тілдеуден аулақпыз!  Әйтседе «Көп асқанға бір тосқан» деген осы – ау демеске шара жоқ!

«ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ, ТАМАҒЫ ТОҚТЫҚ, АЗДЫРАР АДАМ БАЛАСЫН» ДЕГЕН ҚҰНАНБАЙ БАЛАСЫ НЕТКЕН ӘУЛИЕ ЕДІ. КЕРДЕҢ БАСЫП, КЕРГІП КЕТКЕН АДАМЗАТ, ТЕРЕЗЕДЕН СЫРТҚА ТЕЛМІРЕ ҚАРАП ОТЫР. БҰЛАЙ БОЛАДЫ ДЕП КІМ ОЙЛАДЫ ДЕЙСІҢ!

Байдан мейірім қашып еді, кедейден қанағат қашық еді. Бардың сабыры, Ардың қадірі кетіп еді. Әлем тойынып дарақылана бастаған еді, пенделер жер бетінде жын-ойнақты қостаған еді.

Енді міне, Алла Тағала бар ғаламды бір қауыздың ішіне тығып қойған тәрізді. О, құдірет!  Енді қазір денсаулық пен уақыттың қадірі білініп жатыр. Еркін жүріп – тұруда көзден бұл-бұл ұшып, ара қатынастың өзіне іңкәрлік артуда.

Осындай ел басына күн туған заманда, мыңғырған байлар, шенді – шекпенділер  Өз байлығын қорғап қалуды емес, өз халқын сақтап қалуды ойласа дейсің. Өйткені ел ішіндегі жағдай өте күрделі. Ел Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев тұзы жеңіл азамат екен. Ел тарихында бұған дейін болмаған қиындықтармен бетпе – бет келуде. Өзіндік ұстанымы бар президенттің бұл қиындықты да еңсереріне қалың қазағы сеніп отыр. Елім деген басшының – ел мен жерге деген махаббатының да сыналар тұсы осы болар!

Менің болжауымша, Қазақия дәл қазір үлкен дағдарыс үстінде тұр. (Елдің ынтымағы мен бірлігінің сыналар тұсы да осы кез!). Оған себеп көп. Ең негізгісі – әлемнің ұйқысын қашырған – коронавирус. Бұған кей адамдар жеңіл қарайтын секілді. Ол құптарлық дүние емес. Сақтанғанды ғана сақтайды Жаратқан Иеміз. Сондықтан Бауыржан атамыз айқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды».

Шынымды айтайын, Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевты мен кейде аяймын. Ел басқару оңай жұмыс емес қой. Ол бір. Екінші өте зиялы тұлға! Дипломатияға жетік. Алыс және жақын шет елдерде қызмет жасаған. Көргені, көкірекке түйгені мол. Азуын айға білеген, қалтарыс – бұлтарысқа дейін сараптайтын саясаткерлердің өзі мойындаған тұлға…Ендеше әлем саясакерлері жақсы баға берген Тоқаевты, өз халқы неге қолдамасқа? Қолдап отыр. Ауызбіршілік көрсетуге де ынтасы күшті. Өйткені мына қатерлі індет, «бөлінгенді бөрі жейтінін», «төртеу түгел болса ғана, төбедегі келетінін» анық аңғартты.

МҰНАЙ БАҒАСЫНА ТӘУЕЛДІЛІК САН СОҚТЫРЫП КЕТПЕСЕ ИГІ

Әттең дегізетіні, «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» тартадының кебі келіп тұр.

Коронавирустің күрт және жаппай таралуы әлемде өнеркәсіп өндірісін шектеді де, тиісінше мұнай өнімдеріне деген қажеттілік те төмендеді. Осыған орай және өзге де бірнеше себепке (әлемдік экономикадағы және қор нарығындағы дағдарыс) байланысты ОПЕК+ (мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы) аясында Сауд Арабиясы мен Ресей мұнай өндіру көлемін азайту жөнінде бір келісімге келе алмады. Сауд Арабиясы мұнай өндірісін сәуірден бастап тәулігіне 9,7 миллионнан 10-11 млн баррельге жеткізетінін мәлімдеді.

Дәл осыдан кейін, 9 наурызда Brent маркалы мұнай бағасы 30 пайызға төмендеп, баррелі 31 долларға бағаланды. Осы үшін де бұл күн әлемде «қара дүйсенбі» деген атқа ие болды.

Brent бағасының төмендеуі лезде мұнай өндіруші елдердің экономикасына әсер етті. Қазақстан да қалыс қалмады. 9 наурыздың мереке күні болуына орай, ресми валюта курсының белгіленбеуіне байланысты ақша айырбастау пункттерінде доллар бағамы 400 теңгеге бір-ақ жуықтады.

Мемлекет басшысы елдегі экономикалық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Бұл үшін Шұғыл әрекет ету штабы құрылып, оған Премьер-министр басшылық ететін болды.

Көп ұзамай Үкімет пен Ұлттық банк мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы бірлескен үндеу жасады. Әйтседе доллар бағасы өз үстемдігін әлі де болса ұстап тұр. Мұның кесірі сауда – саттыққа өз «салқынын» тигізбесе бопты да. Егер біз айтқандай болса, бұл жерде қарапайым халық қана қиналары анық!

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, өзге емес өз еліміздегі жағдайға өзіміз көз жүгіртіп көрелік ендеше.

Дәл қазіргі соңғы мәлімет бойынша, елде коронавирус анықталғандардың саны 302 адамға жетті. 21 адам коронавирустан айықты. Бір адам қайтты.

Коронавирус анықталған адамдардың ішінде 8 науқастың жағдайы нашар. Оның төтреуі жасанды дем беру аппаратына қосылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 30 наурызда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«8 науқастың жағдайы нашар. Төртеуі жасанды дем беру аппаратына қосылған. Олар бақылауда. 30 науқастың жағдайы орташа деп бағаланып отыр. 244 науқастың жағдайы жеңіл немесе симптомсыз науқастар» деді Біртанов.

     Сәуле Мешітбайқызы