«ЕлАна» сайты ұлттың рухани мінберіне айналсын!

Қазақтың ақпарат айдынына «ЕлАна» ақпараттық агенттігі қосылды. Агенттік ұжымын бастау алған берекелі ісімен құттықтаймыз!

Бүгінде бүкіл әлем ақпараты, ғаламтор дені зұлымдықты, қарақшылықты және тағы да басқа жағымсыз нәрселерді насихаттауға ниетті болып тұрғанда, ұлтымыздың ұлағатынан аттап кетпейтін, қазақтың қасиетін дәріптейтін мұндай агенттіктің болғаны дұрыс. Қазірде көп әншілердің не киіп, не ішкені, қайда барғаны талқыға түсе беретін уақытта ұлттың рухы болған ақын-жазушыларымыздың қандай кітап жазып жүргені, олардың азаматтық келбеті туралы жиі айтылмайтын болды. Жастардың енді кімге қарап бой түзеуі керек деген сауал алдымыздан шыққанда, абдырап қалатынымыз рас. Болашақта «ЕлАна» ақпараттық агенттігі рухани, танымдық мәселелерді қамтыса екен деген тілек бар. Бұл сайттың жалаң ақпарат таратумен шектелмейтініне, бүгінгісінен де кемелдене беретініне оқырман ретінде сенім білдіруге болады. Бүгінде қазақ әдебиетінде сын жоқ деген сөз жиі айтылады. Сондықтан осы сайттан қазақ қаламгерлерінің болмысын танытатын, талантын әйгілейтін әдеби дүниелерді көргіміз келеді. Бұдан өзге де қоғамдық, әлеуметтік мәселелер көрініс тапса құба-құп. «ЕлАна»  ақпараттық агенттігінің болашақта ұлттың рухани мінберіне айналатынына сенеміз!  

Хамит ЕСАМАН, ақын

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.