«Ел Анасының» жүлдесіне атыраулық қыз ие болды

Жуырда Біріккен Араб Әмірлігінен қуанышты хабар келді. 11 сәуір күні Атырау облысынан шыққан 8 жасар Сайора Шотпақоваға Абу-Даби қаласында БАӘ бірінші Президенті Шейх Заеда әл-Нахайянаның жесірі, Ел анасы Шейха Фатма бинт Мубарак атындағы жүлдені  мәдениет және білімді дамыту министрі Шейх Нахьян ибн Мубарак әл-Нахьян һз қолымен тапсырды.

Бүгінде С.Шотпақова аталмыш мемлекеттің GEMS World Academy мектебінде 3-сыныпта оқып жатыр. Әкесі Аслан Шотпақовтың сөзіне сүйенсек, бұл жүлде жыл сайын GEMS World Academy қорының құрамына кіретін мектеп үздіктеріне тағайындалады. Тағы бір ерекшелігі, 2005 жылдан бастап табысталып келе жатқан жүлде тек оқуда озат, табиғатты қорғауда және басқа да қоғамдық шараларда үздік деп танылған қыз балаларға ғана беріледі екен. Министрдің қолынан марапатқа ие болған 37 үміткерге бір жылдық оқу көлеміндегі стипендия тағайындалса, Сайора солардың ішіндегі ең кенжесі екенін айта кету керек.

ЕлАна-ақпарат