Ел аманатын арқалаған Тоқаевқа сәттілік Һәм жаңа жылға жаңаша тілек

Жақын күндерде 2022 жылдың парағы да жабылғалы тұр.  Уақыт-арғымақ зулап барады алды-артына қарамай. Өмір деген осы. Бүгін барсың, ертең жоқсың.   Бүгінгі күн – ертең тарих.  Бәрімізге.  Қарапайым жұртқа да, бай-бағыланға да. Шенді-шекпендіге де.  Қалың қазақ  көнбіс тірлігімен  күнін көре берер,  басқа амалы да жоқ.  Ұлт алдында билік бишігін ұстағандар жауапты қай кезде де. Солар мемлекетті даму  шыңына шығаратын да,  солар елді кері кетіріп, шыңыраудың түбіне лақтыратын да. Мен айтар едім,  «билік басына келсең, артыңда ұлағатты ісің, риза жұртың, тойған қозыдай ұрпағың,  парасатты пайымың,   егіліп жоқтайтын жайсаң елің қалсын» деп. Тірліктің мәні де сонда ғой.   Бұл үдеден шығу оңай емес, негізі. Шығуға талпынудың өзі үлкен жетістік. 

 

Алла алдында да, ар алдында да жауап беруі тиіс! 

Өткен ғасырларға көз жүгіртсек,  қазақтың мамыражай күндері аз болыпты. Көргендері жау шапқын.  Қуғын-сүргін. Хандарына қарап отырсам, өзара қырқыс. Таққа талас…  Әйтсе де ұлан-байтақ даласының бір пұшпағын жауға бермепті. Дұшпанға сенбепті. Жер төсіндегі қазба байлықтың қызығын да көрмепті. Ұрпағына аманаттап ерлепті. Өткенге салауат дейік. Бүгінгі тәуелсіз елдің халі нешік? Тұрмыстары қалай? Билігіне малай ма, әлде өздерін бақытты санай ма? Мұны ойлаған біреу бар ма алайда.    Жылжабар бұл мақаламда  2022 жылға шолу жасап, Президент  Тоқаев пен оның командасының   «Әп-бәрекелді!»  дегізген  шақтары мен  «Әттеген-ай»  деп түңілдірген  сәттеріне  көз жүгіртіп көрмекпін.

Бірден айтайын, тұңғыш  Президент  Нұрсұлтан Назарбаев – өткен шақ. Өткен шаққа оралып, омалып отыруды қаламадым. Тәуелсіздіктің 30 жылының жақсылығы мен жамандығы соның мойнында. Алла алдында да, ар алдында да жауап беретін өзі.  Оның дәурені біткен миссиясын  мыжи беру артық. Бәрін болашаққа тапсырдым. Олар әділ бағасын берері даусыз… Иә, тірі адам тіршілігін жасайды.  «Көсем» кетсе де, көсегесі көгергір қазақтың аналары ел басқарар бір ұл табар.  Сол халықтың қажетіне жарар.   Осымен «елбасы»  туралы әңгімем тамам. Тек билікке қайта келем деп далбасаласа, әңгіме басқа.

Назарбаев пен Тоқаев Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады

«Өлмеген жанға өлі балық» демекші, 2019 жыл ел тарихынан ойып тұрып орын  алған кезең дүр.  Ширек ғасыр бойы сірескен мұз еріп,  саясат-көлінің мұз құрсауы сөгілген  өлара уақыт.  Үміт-ит пен күдік-бөрі шайнасқан, шайқасқан жыл. Елдің еңсесі түсіп, жарқын болашақты аңсап, уәделерге әбден мелдете тойған кез.  Сақылдаған сары аязда аспанда найзағай жарқ ете қалғандай көрініс естен кетпес сірә да.  19 наурыз…  ойламаған жерден Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттілігін тоқтататынын хабарлады.  Мұны естіген біреулер шын қамықты, көздеріне жас алып жылап жатты. Бәзбіреулер шын шаттанды. Өзгеріс күтіп баптанды. Қуаныштан жүректері жарылуға шақ қалды. Әттең… әттең!..  «Енді кім Президент болады?» деген көптің көзқарасымен санасқан жан болмады. Бірақ оған ешкім де таң қалмады. Назарбаевтың көңілі заңға сәйкес Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құлапты.  «Неге?» деген сауалға салмады ешкім құлақты. Осылайша күтпеген жерден Тоқаев  Президент қызметін  атқаруға кірісті. Бастамақ болып «ұлы істі».   «Ұстазының» даңғыл жолын жалғады, бүгулі еді бармағы.  20 күннен кейін көргенінен жаңылмай,  кезектен тыс сайлау өтетінін жариялады. Осылайша тұтас елдің аманатын арқалаған Қасым-Жомарт Тоқаев  9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының су жаңа  Президенті болып сайланды.  12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде бетке алды «майданды».

Анау де, мынау де, Тоқаев мырза  66 жасында Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздік шежіресінде    екінші Президент атанды.  «Сенетін кісі» жүретін  онда қасында. Кейін араларында кикілжің болды-ау, расында. Жүргендей қазір екеуі бірінің-бірі тасасында…

Сәби-халық мемлекет енді жаңа саяси кезеңге аяқ басады деп бөріктерін аспанға ата қуанды. Кейін бірі қуанды, бірі қуарды. Құдайшылығын айту керек, Президент Тоқаевтың  жолы ауыр болды.   Көрмегенді көрдік, сенбегенге сендік. 21 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғанына тура 3 жыл толды. 3 жылы 3 ғасырға бергісіз өткені рас.  3 жылда  от пен өрттен көз ашпадық.  Шырылдап сәбилер өртенді, ұлтараздық дерті асқынды. Қымбатшылық құрық салды,  талай жемқор құрықталды.  Ұрандатқан Жолдаулардан көз тұнды,  ел барлығын пыс-пыс сөз қылды.  Жаһанды жайлаған пандемия да Тоқаевтың билікке келуін күтіп отырғандай сопаң етіп шыға келді. Елдің бәрін бір қауыздың ішіне тықты. Арыстағы ойран,  Тараздағы майдан,  қаңтардағы қырғын, Екібастұздағы  ылаң деп санамалай берсек, жақсылықты көретін көз қалмайды-ау.  Тоқаевтың берген уәделері жүзеге асса, Қазақстанға жетер жер болмайды-ау…

Қазақстан Президенті Арыс қаласындағы әскери полигонға барды — Қазақстан  Республикасы Президентінің ресми сайты  Тараз маңындағы жарылыстар: қаза болғандар тізімі жарияланды: 27 тамыз  2021, 09:48 - жаңалықтар Tengrinews.kz

Қаңтар оқиғасы: Тоқаев 20 мың террорист туралы сұраққа жауап берді: 05  маусым 2022, 10:16 - жаңалықтар Tengrinews.kz

Алды-артын бір шолып алған Президент Тоқаев  3 жылда кеткен есесін қайтаруды, елге берген уәдесінің үдесінен шығуды   ойласа керек,  1 қыркүйектегі Жолдауында кезектен тыс  Президент  сайлауын жариялап, «халықтан жаңа сенім мандаты» қажет деген ойын ашық айтты. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын» деді ол.

Сондай-ақ ол президенттікті 7 жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынып, бұл ұсынысты күздегі Президент сайлауынан кейін Парламентке жолдайтынын мәлімдеді. Ұсыныс жүзеге асса, болашақта Қазақстанда бір адам екінші рет Президент болып сайлана алмауы тиіс. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең… Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады» деді Президент. Бұған да халық сенді, айтқанына көнді.

 

БИЛІКТЕ ӨЗГЕРІС БОЛА МА, ӘЛДЕ БӘРІ  БАЯҒЫША ҚАЛА МА?

Сонымен Президент Тоқаев үш жылда  не атқарды? Елде не өзгерді?  Мемлекет басшысы қандай реформалар жасады? Үкімет қашан жаңарады?  Ұлт сенімін арқалап, ел билігін қолға алған екен, қандай қырымен ел көңілінен шықты?  Әділін айтайық, халыққа жолдаған ең алғашқы Жолдауында қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың сұранысына дер кезінде үн қату, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық берді. Бұл жайлы өзі:  «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деді. Дұрыс сөз. Сөз бен істің қабысуы дегенді де естен шығармайық.  Ол – ол ма, әсіресе, несиесін төлей алмай жүрген  әл-ауқаты төмен және көпбалалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Президенттің Жарлығы жұртшылықты жадыратқан бастама болды.  Денсаулық сақтау, білім-ғылым, жастар саясаты, халықтың тұрмысы, жарқын болашақ, «Жаңа Қазақстан», «Еститін Үкімет»… әр Жолдау сайын жаңа серпінді сөз, жаңа толғау.

«Өлмеген құлға келер жаз» деп қазақстандықтар бірде күйініп, бірде қиылып,  бірде килігіп, бірде сыйынып тіршілігін жалғай бермек.  Билік басындағылар не істемек?  Алдағы уақытта елдің жағдайы қандай болмақ? Әлемді бір қауыздың ішіне тыққан ғаламдық қымбатшылық халықты тұқыртып кетпей ме?  Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құрамын деп өңмендегенімен, ескі Қазақстанның кадрларынан аяқ шалынып жығылады. Міз бақпай отырғандары  әлі көп.  Әттең-ай дегізетіні – қосылғыштардың орны өзгергенімен, қосынды өзгермей тұрғаны. «Құлдың күні кіжінумен» өтетінін басқа болмаса да, қазақ халқы түсініп қалды.  Содан да болар, бәрі сыншыл, бәрі міншіл.  Ұзын сөздің қысқасы, қалың елі қазағы Тоқаевтан реформа күтуде. Ол қашан жасалады?  Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Төзімділік – жақсы қасиет, бірақ шексіз төзуге өмір қысқа».

 

 

№1 – ауылды көтеру, №2  –  жемқорлықтың ініне су құю, ал қымбатшылық ше?

Жазушы-публицист  Марат Бәйділдаұлының (Тоқашбаев): «Ауылды көтеру – қазақты көтеру» деген мақаласында көп нәрсе қамтылыпты. Көз жүгіртіп оқып шығайық. «Сонымен Президент ұлықталды.  Мемлекет басшысының   қалай ант бергенін көрдік. «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», – деді Қ.К.Тоқаев ел алдында. Шынын айтқанда, бұл пафоспен айтылса да, үміт ұялататын сөз. Әділдік құруға талпыныс, әлбетте, құптарлық.

Алғашқы қадамы қалай болар екен деп едік. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімі үстінде қол қойған №1 жарлығы ауылды көтеруге бағытталыпты. Ол «Қазақстан Республикасының ауылдық  аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» деп аталады. Онда Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін осы тұжырымдаманы қабылдау тапсырылған. Ауылды көтеру дегеніңіз – қазақты көтеру деген сөз. Бұған кәдімгідей ішіміз жылып қалды.

Ауыл инфрақұрылымдарын жетілдіру, мектеп, емхана, байланыс, ауызсу, жол, жайылым, т.б. проблемалар шын мәнінде күйіп тұр. Заңсыз жекешеленіп кеткен жерлер мен жайылымдарды қайтару, әділетсіз сот шешімдерін бұзып қайта қарау, ауылшаруашылығын несиелеудің оңайлатылған және жеңілдетілген жолдарын қарастыру,  кадрлардың мемлекетшілдік қасиеттерін жетілдіру, т.б. мәселелер әділеттілікті қалайды.

Есімізге 2003-2005 жылдар да «Ауыл жылы» деп жарияланғаны түсті. Үш жылдың бiрден ауыл жылына арналғаны бәрімізді қуантқан.  Ол үшiн бюджеттен  осы үш жылды қосып алғанда, кемінде 150 млрд теңге бөлiндi. Тек осы «ауыл жылдары» аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд теңге жұмсалды. Бірақ «су аяғы – құрдым». Халық риза болатындай еш нәрсе жасалмады. Яғни жарлық шығару бір басқа, оның орындалуы бір басқа екен. Қ.К.Тоқаев қолында құзіреті тұрғанда Омар халиф сияқты өзінің берген пәрмендерін өзі тексеріп тұрғаны абзал.

Президенттің №2 жарлығы «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» деп аталады. Бұл кәдімгі өзіміз зарлап айтып жүрген Н.Назарбаевтан бастап, оның отбасы мүшелерінің, сыбайлас жемқорлардың Қазақстаннан тысқары жерлерге, офшорлық есепшоттарға тыққан, жасырған қаражаттарын айқындау, олардың заңсыз табылған қаражат екендігін дәлелдеу және елге қайтарудың құқықтық тетіктерін жасау мәселелерін қамтиды. Онда заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеу және  заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен қайтаруды ынталандыру көзделген. Алайда бұл жарлық Біріккен Араб Әмірлігінің азаматына, яғни экс-елбасыға  қатысты бола ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ «Заң алдында жұрттың бәрі тең» екендігін ескерсек, оған да тықыр таянатыны күмәнсіз.

Жарлықта заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағыттайтын арнаулы мемлекеттік қор құру да көзделген.

Президенттің бұдан кейінгі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалды. Оның ар жағында Парламент Мәжілісінің сайлауы, жаңа Үкімет жасақтау сияқты күрделі оқиғалар кезек күтуде. Яғни Қазақстан өз тарихындағы тағдыршешті кезеңге аяқ басты деген сөз. Жеті жылдық Президенттік мерзімдегі алғашқы қадамдар оның өзі үшін де, қазақ халқы үшін де қайырлы болсын дейміз!».

Президент Тоқаев ел ертеңіне алаңдайды. Оған күмән жоқ.  Оны әр Жолдауынан,  әр сөзінен, әр ісінен аңғарасың. Бірақ уәденің қадірін білмейтіндер, аманаттың салмағын сезінбейтіндер  оны үнемі ұятқа қалдыратын секілді көрінеді маған. Халықтың еңсесі езіліп тұр. Бар жағынан.  Қымбатшылық қана емес, рухани жағынан да азғындалу сезіледі.  Жедел реформа керек. Оны созбаққа салу Тоқаевтың өзіне ауыр тимек. Билігіне сын болмақ.  Белгілі журналист Арман Шораев балам айтпақшы, билік әділетті болмаса, халықтың мұң-мұқтажын өтей алмаса,  «Қаңтар емес, ақпан болуы мүмкін»  екенін естен шығаруға болмайды.

 

ЕЛ ЕҢСЕСІН ҚАЙТІП  ТҮЗЕМЕК?

Қазақстан халқының 80 пайызы банктерге «байлаулы». Тырп етуге шамалары жоқ.  Қымбатшылық тағы тұқыртып тұр. Не істемек керек? Осындай қиын сәтте Тоқаев мырзаны қорламауымыз керек, керісінше қолдауымыз керек. Біреулердің былыққа батырған ісіне шырмалып отыр. Соның біреуі – банк.  Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің «Банктер адамдарды «бомжға» айналдырды» дегені шымбайға батса да ақиқат.

Осыны Президент дер кезінде аңғарып, «Бүгінде проблемалық несиелердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам енді өз міндеттемелерін төлей алмайды. Олардың көпшілігі шарасыздық шегіне жетіп, ескісін өтеу үшін жаңа несие алуға мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заң күшіне енуі керек», – дегені көп қазақстандықтың көңілін көтеріп тастады.

Осы тұрғыда мен айтар едім,  демократияға қадам басқан мемлекет  халықпен санасуы тиіс. БАҚ – халықтың сөзін билікке жеткізетін алтын көпір. Тәуелсіз елде мемлекеттік БАҚ болмауы керек сондықтан. Тек мақтан мен одаға құрылған  баспасөздің билікке пайдасынан зияны көп. Неге дейсіз бе, аһ ұрған халықтың наласы мен көз жасын  көрсетпейді.  Жанайқай мен  әділ сынды  бүркемелейді. Осыдан барып билік  көзін тұмшалап алған адамдай адасады.  Мақтауға еліріп ісінеді, қателерін тақ теңселгенде ғана түсінеді.

 

 

Әңгімені Үкіметтен бастайық. «Жаңа Қазақстан» жаңаша бағыт ұстану үшін жаңа лептің соғуы заңдылық. Уақыттың өзі жаңа мен ескіні, кәрі мен жасты  алмастырып отырады емес пе? Тоқаев мырзаның үш жылдық президенттік мерзімінде жаңарған, жасарған  дүние аз, өкінішке орай. Баяғы сарын, баяғы топ. Билік басындағы ауыс-түйістен де көретініміз осы.  Әлі күнге өз айтары бар, өз ұстанымы бар білімді жастар шетқақпай көруде. Осындай көзге ілмеушіліктің салдарынан білімді жастар шетел асуда. Бойларындағы потенциалдарын далаға төгуде. Жаңа Президент осы мәселені неге ретке келтірмеске? Дәрмені аз, қауқары төмен қазақ үкіметі туралы шүкір-тоба  Мемлекет басшысы соңғы сөзінде: «Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді.  Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?  Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек» деп айтуы бекер емес. Үкіметтің басына қара бұлт үйірілер кез таяу. Тек, жаңашылдық күткен халықтың көңілінен шықса құба-құп.  Баяғы жолды ұстану, бұрынғы кадрлық  өзгерісті жаңғырту – ел экономикасының бүгінгі деңгейге түсуіне жауапты басшыларды қайта билік басына әкелсе, түк те өзгермейді. Әлеуметтік желідегі халықтың реакциясын Ақорданың сарапшылары оқымауы мүмкін емес. Қайталап айтамын, Тоқаевтан дүйім қазақ жаңа жол, тың бастама, еркін рух іздейді. Байқауымша, Президент көп нәрседен хабардар.  Көп нәрсені біледі. «Ханда қырық адамның ақылы мен қулығы болады» деп бекер айтылмаған ғой. «Бізде жиналып қалған мәселелерді жасырып қалу әдеті бар және сол әдет өте үлкен шығын әкеледі» деді бір жолы. Иә, сол шығынның зардабын халық тартып отыр ғой. Әріге бармай-ақ Арыстағы, Тараздағы жарылысты еске алсақ жетеді. Қазақ мұндай да «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген. Екібастұзда, Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде апаттар болды. Бірақ соның ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болғаны бәрімізге мәлім.

 

 

Екібастұздағы бассыздық шектен шықты. Қыстың көзі қырауда жылу құбырларының жарылуы масқара емес пе! Мұның бәрі, Президент айтқандай,  жауапсыздық, кемшілікті, проблеманы жасырып жабу. Жемқорлықтың салдары.  Нәтижесінде Тоқаев мырзаның атына кір келді. Халық қиналуда.  Бұрыннан келе жатқан былық-шылықтың бәрі жаңа Президентке күйе болып жағылуда… Әлі күнге шенеуніктер жаманын жасырып, жақсысын асыруға әуес.  Бірі кетсе, екіншісі сөйтеді. Келешекте кез келген шенеунікті бастаған ісін аяғына жеткізбей орнынан алмау керек. Бәріне жауап берсін. Заңнан сытылып кетпесін. Әйтпесе рахат оларға!  Бір жерден қуылса, екінші жерге қонжияды. Бұдан өткен әділетсіздік бола ма?!

 

«Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруы тиіс. Министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар. Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды», – деді Президент. Дұрыс пайым. Әділ шешім. Бізді құртып жатқан да осы  бармақ басты, көз қысты әрекеттер. Билік органдары осы бір жаман әдеттен тыйылмай, «Жаңа Қазақстанды» жақын арада көру қиын.

 

ТОҚАЕВТЫҢ СӨЗІ МЕН ІСІ САЙ КЕЛЕ МЕ?

Бұл үшін не істеу керек?  Бұған да жауапты Қасым-Жомарт Тоқаев берді: «Әділетті әрі дамыған мемлекет құру үшін жаңа кадр саясатын жүргізу керек. Алдағы өзгерістер, ең алдымен, адам капиталына қатысты болады. Жаңа кадр саясаты меритократия және кәсібилік қағидаттарына негізделеді. Біз бірінші басшыларды осы қағидаттар бойынша тағайындаймыз. Сонымен бірге олардың орынбасарлары қаншалықты білікті екенін саралау қажет. Өйткені тұтас салалардың және аймақтардың дамуы көбіне орынбасарлардың жұмысына байланысты болады. Вице-министр және әкім орынбасары лауазымдарына нағыз кәсіби мамандар тағайындалуға тиіс.  Мұндай қызметке жұртпен тілдесе алатын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар келуі керек. Яғни шешім қабылдай алатын және жауапкершіліктен қорықпайтын азаматтар қажет. Олардың әділ, еңбекқор және отаншыл болуы аса маңызды». Енді осы айтылғандардың бәрі жүзеге асса дейміз. Себебі бұған дейінгі Президент те халыққа сан мәрте уәдені үйіп-төгіп,  «құлаққа теуіп кеткені» сірә, естен шығар ма? Бұқара оны жақын арада ұмыта қоймас.

Мемлекет басшысы: «Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде.  Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды.

Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін». Тоқаев мырза қоғамның қажеттілігін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, биліктің қателігін бүкпесіз айтуымен тарихта қалары сөзсіз. Себебі бұған дейін Ақорда өзіне шаң жуытқан емес. Ондағы билеуші «Ұстанған бағытым дұрыс» дегеннен танған емес. Тоқаев мырза ол сеңді бұзды.  Биліктің қателігін ашық айтты. Сонысымен, бүкпесіз сөздерімен халыққа ұнап тұр. Билік басындағыларға «Халықпен бір болыңдар, «Еститін Үкімет» құрыңдар» деген  бұйрығы да демократия аңсаған көптің тілегінің дөп үстінен түсті.  Осы мүмкіндікті пайдаланып, Президент Тоқаевқа бұқараның атынан дат айтсам ба деймін.  «Жаңа Қазақстан» құруға деген ниетіңізге риза жұртыңыз сенеді. Қазақстан біреу, бірақ сол Қазақстанның  жаңа кезеңі деген дұрыс-ау, бұл менің өз пайымым… Алайда жуырда әр өңірдегі әкімдерді тағайындадыңыз қайтадан. Бұл әрекетіңіз қойылым сияқты көрінді. Себебі оларды қандай талапқа, критерийге қарап  тағайындағаныңыз түсініксіз. Шығыстағы Даниял Ахметовке халық қанша қарсы болса да, қайта тағайындағаныңызға түсіністікпен қарадым. Тәжірибиесі мол азамат, сондай-ақ  шығыс – стратегиялық  маңызды аймақ. Ал өзге облыстарға жаңа кадрларды неге көптеп тартпасқа деген ой келгені рас.

Екібастұздан сабақ алуымыз керек, бізде бәрі ескірген: жол да, электр желілері де, зауыттар да, ГЭС-тер де. Мемлекет мұндай ауқымды дүниелерді жекеменшіктен алуы керек. Халықтың жарқын болашағы үшін. Ұлттың амандығы үшін. Әйтпесе жекеменшік иелері ойларына келгенін істей бермек. Мемлекет басшысы әлеуметтік желі туралы да айтты. Бір сөзіне бір сөзі қайшы келіп жатқан жоқ па? 2019 жылы шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болуды тапсырып, бұл үшін заманауи коммуникация құралдарын, яғни әлеуметтік желілерді кеңінен қолдануға кеңес берген еді. Содан кейін үкімет мүшелері, шенеуніктер әлеуметтік желіде парақша ашқан болатын. Халық та кәдімгідей қуанып қалған.

Кешегі сөзінде  Қ.Тоқаев мем қызметкерлерге әлеуметтік желідегі әрбір комментарийге назар аудармаңдар дегенге саятын әңгіме айтыпты. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желідегі кейбір қыртымбайлар мен мырқымбайлардың комменттеріне ізгі жандар назар аудармайды. Бірақ халық өз проблемаларын әлеуметтік желіде айтпағанда қайда айтады енді? Осы әлеуметтік желі арқылы көптеген мәселелер әділ шешімін тапқан кездер де аз емес. Енді жоғарыдағы Президенттің сөзін шаш ал десе бас алатын мем қызметкерлер мың есе артығымен орындап, әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан мәселелерге мүлдем назар аудармай қоюы мүмкін ғой. Осы жағын ойлағанда шақшадай басым шарадай болады.  «Халық пікірі – қалтқысыз пікір» деген де сөз бар. Сондықтан да Тоқаевтың «диван сарапшыларының» сөзіне де құлақ асқаны жөн болады. Жергілікті әкімдер мен басқа да билік өкілдері жоғарыға статистикалық мәліметтер ғана береді, қателіктері мен халықтың мұң-мұқтажын жасырады. Ал «диван сарапшылары» кемшіліктерді келтіреді, кеңірек жазады, мәселе көтереді. Билікке сын айтқандар, қоғамдағы жайсыз жайттар мен кемшіліктерді жеткізгендер Тоқаевтың бағалауынша,  «Диван сарапшылары» болса, жетіскен екенбіз!

Біздің билікте бір солқылдақтық бар. Көзі қарақты адам оны бірден байқайды.  Халық айтса қалып айтпайды ғой, олар  баяғы билікпен байланыс бар екенін әлеумет желіде жиі сөз етеді. Осыдан арылатын кез келді. Екі тізгін, бір шылбырды қолға алмай, бар еңбек зая.  Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов қалай айтқан, ә:  «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды, байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздемей, жұртты тонап, момынды жылатып іздеген мырзалар – қыстыгүні үңгірде жатып өз аяғын өзі сорған аю тәрізді», – деп.

Жеті жылға ел билігін қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев  енді  іскер азаматтарды қасына жиса, ұтпаса ұтылмас еді. Елдік мүдде жолында ежелгі өкпе-реніш ұмытылса керек-ті. Ұлттық мүдде пенделіктен жоғары тұрады, негізі. Елге жаны ашитын, болашағын ойлайтын басшы мұндай мүмкіндікті жібермес болар. Мысалы  М.Жәкішев, Ғ.Жақиянов, Серік Ахметов, Арман Шораев секілді бар ғой азаматтар «көрінбей жүрген» т.б. жалындаған жастарды,  жұмыс істей алатын жігіттерді билікке әкелу керек.  Қиын кезеңдерден алып шығу үшін. Әйтпесе бас шұлғығыш, өзіндік ой-пікірі жоқ шенеуніктерден халық әбден шаршады. Алаш арысы Міржақып Дулатов айтпақшы: «Ел мүддесі, ұлт мүддесінің тағдыры шешілер шақта бұғып қалғанның бәрі сатқын». Сондай-ақ, Президент мырза, жаныңызға ұлттық менталитетті бойына сіңірген, қулық-сұмдықтан ада, мемлекетшіл қайраткерлерді көптеп жинасаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.

Мемлекет басшысы: «Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде», – деді. Осы сөзін «тірілтпекпін».   Әкімдердің қабылдауына төртінші билік өкілі саналатын журналистердің өзі әрең кіреді «аға-көкелеп». Ел арасында әкімге емес, көмекшісіне бір кіру арман деген сөздер айтылып жүр.  Онда қарапайым халыққа не жорық?!

 

КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЕЛ ҮМІТІН АҚТАЙ МА?

Әкімдердің ішінде де әкімдер бар. Әттең, ат төбеліндей ғана жақсылары! Кеше ғана әкім болып келген Жетісу облысының әкіміне (Бейбіт Исабаевқа) қос редактор, өздері журналист  (біреуі төрт күн жатып) кіре алмай кетті. Мүйізі қарағайдай «Qazaqstan dauiri» газетінің редакторы Ертай Айғалиұлы.  Облыс әкімі төртінші билік өкілдеріне осындай көзқараста болса, басқа журналистерді көзге ілмесі белгілі. Мен «Ел анасы» деген атым бар, Шымкент қаласында екі күн жатып, қаланың ең жас әкіміне кіруім мұң болды. Әлеуметтік желідегі ағайынның талап-тілегі мен жолай кездескен адамдардың өтініштерін айтуды міндетім санап едім. Қайтейін, қала әкімі М.Әйтеновқа кіру мүмкін болмай шықты. Кірмек түгілі, телефон мен ватсабына жазғаныма жауап жоқ. Президент айтып жатқан кері байланыс қайда? «Халықпен бір болыңдар!» деген тапсырма қайда? Шымкентте екі күн күтіп, мен де әкімге кіре алмай кеттім. Көпке топырақ шашпаймын, жақсы әкімдер көп. Араларындағы кейбір кеудесіне нан піскендері болмаса… Кім білсін, Президент  «Келесі жылы біз орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгеріс жасаймыз. Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет» дегенде осындай әкімдерді меңзеді ме екен?..

Кешегі алаш арысы Міржақып Дулатұлы «оян, қазақ!» деп шырылдап өтті. Қазақ оянған секілді қалың ұйқыдан. Бірақ мемлекеттің басты міндеті тіл мен ділде күш-қуат жоқ.

Әлі күнге үкімет орыстілді. Шенеуніктің көпшілігі ұлттық менталитеттен жұрдай. Президент Тоқаев руханият мәселесін де назардан тыс қалдырмауы керек.  Тілің мен ділің және дінің болмаса, ол мемлекет – құрыған мемлекет. Құлауға даяр мемлекет. Өкінішке орай, Тоқаев билігінің де ең осал тұсы осы болса, «баяғы жартас – бір жартас» болып қалмақ.

16 желтоқсан да өте шықты. Бұл күн тәуелсіздіктің бастауы еді ғой. Әлі күнге нақты бағасын, мәртебесін  ала алмай келе жатқаны қынжылтады. Желтоқсаншылар топ-топ болып бастары біріге алмай жүр. Оларды біріктірмеу де саясат болар.  16 желтоқсан рухтар оянған күн ғой себебі. Егер билік рухтар оянып кетеді деп қорықса, бұл күнге назар аудармас. Ұлттық рухты тірілтеміз десе, бұл күнді қастерлеп, мәртебесін айқындар.

«Төл тарихымызда өшпес із қалдырған Желтоқсан көтерілісіне бүгін 36 жыл толды. Сол ызғарлы күндерде халқымыз қайсар рухы мен азаттыққа деген ұмтылысын паш еткен еді. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі мен құрбан болған боздақтардың бейнесі жұртымыздың жадында мәңгі сақталады», – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында. Бұл сөзді қалың жұрттың алдына шығып ұрандатып айтса, ел рухы көтеріліп, бір жасап қалар еді-ау. Мәртебесі де биіктей түсері даусыз еді.  Марқұм ұлтшыл азамат Сағат Әшімбаевтың күнделігіндегі:  (22.12.1986 ж.)  «Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар. Мына оқиға бізді оятып кетті», – дегенін қазақ ұмытқан күні жер бетінен жоғалады. «Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздіктің бастауы, отансүйгіштіктің, ұлтшылдықтың айқын көрінісі» деген тақырыпта жастарға  лекциялар оқудың орнына, студенттерді ауылдарына қуып жіберетін билікті түсінбедім. Олар орысқұл болып өсіп жатыр. Бір-бірімен орысша сөйлеседі. «Ертең мемлекетіміздің тұтқасын ұстайтын жастарды қалай тәрбиелеп жатырмыз?» – деген ой жанымды жегідей жейді.

Әділетті Қазақстан құру үшін Ресейге жалтақтай беруді доғару міндет. Иә, Ресеймен мыңдаған  шақырым іргелес жатырмыз. Территориямыздың көп бөлігі шекараласқан ұлы көршіміз. Бірақ тәуелсіз елдің өз ұстанымы болмаса, «көп – қорқытады, терең – батырады» демекші, «көптің» дегеніне көне бермек. Оның арты үлкен шығынға апарып соғатынын көріп-біліп отырмыз. Күні кеше Өзбекстан Ресеймен газ одағын құрудан бас тартты, Қазақстан әлі ой үстінде отыр.  Бір ауыз сөзі үшін Қазақ елінен қуылған Украин елшісінен Ресей елшісінің қай жері артық?!  Кешегі оспадар сөзі үшін бұл да Қазақстаннан қуылуы керек еді. Оған шамамыз жетпеді.

 

 

Бүгінгідей алмағайып заманда, геосаяси жағдай ушығып тұрғанда  «Ешкіні апа, текені жезде» демеске шара жоқ. Украина мен Ресей арасындағы соғыстың да біздің елге тигізіп жатқан  зияны шексіз. Қазақстан бұл соғыста бейтарап еді. Соңғы БҰҰ қарарында Ресейге қолдау білдіргендей кеп танытты. Бұл – азаттық күресі жолындағы Украина халқына ауыр соққы. Осындай әрекеттер ел имиджіне әсер ететінін ұмытуға хақымыз жоқ! Алайда Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның  пікіріне келісемін. Шындықты айтты. Дипломатия. Ресейді қолдамаса болмайды қазір. Өйткені ол –  «ашулы арыстан». Өз жарасын өзі тырнап жатыр. Амалсыздан кейде өзімізге де ұнамайтын шешім қабылдауға тиіспіз. Бұл жерде Айдостың кінәсі жоқ, ағайын, ол шындықты айтып тұр. Ойланайық,  біз Тәуелсіз ел болғанымызбен, Ресейге әлі де тәуелдіміз. Қазіргі жағдайда өз қандасын аямаған қанішерлер бізді аяй қоймас. Бұрынғылардың салып кеткен жолын қазіргі Президент ашықтан-ашық жалғастырып жатыр, себебі соғыс анау… халық қырылып жатыр… Геосаясат мынау…  Дипломатия жолы  ғой,  Президент Тоқаев елді соғысқа ұрындырмай, аман-есен алып шығар деп сенейік, басқа амал жоқ… Путинге жалтақтауының себебі түсінікті болған шығар ендігі. Сабыр етейік, ағайын, қорғанысымыз – армиямыз белгілі. Солтүстікке қарап ұлитын қаншама адамдар жүр арамызда… «Кеңес одағын сол күйінде қайта құру мүмкін емес, бірақ посткеңестік елдерді біріктірудің жолы бар» деген  КСРО Министрлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы Николай Рыжковтың пікірін оқып шошыдым. Бұлардың нені көксейтіні белгілі.

 

«Өйтеміз, бүйтеміз» деген сөзді тоқтатып, іске көшейік!

Сөз басында айтқанмын, тағы айтамын, жаңа жылдан кейін «Өйтеміз-бүйтеміз» деген сөздер баяғыдай халықты еліктірмейді. Себебі 30 жыл бойы естіп келе жатқандары осы тектес ұрандар. Біздегі әкімдер мен министрлер халық болмаса кім екенін ұмытады. Олардың көбі тапсырманы орындаушылар ғана. Өз ойы жоқ  шенеунік өте қауіпті.

Бір қуанарлығы Мәжіліс депутаттары арасында да өткір тілді азаматтар баршылық. Қазыбек Иса, Еділ Жаңбыршин, Б.Дүйсенбинов,  т.б.  Депутат Е.Жаңбыршин биліктегі былықты еңіретіп айтып жүр, айналайын. Оның «бұл жүйе Президенттің жобасын алға тарта алмайды» деуінің өзі  жаңалық. «Ел Президентінің реформалары әзірше  орындалуы  қиын шаруа» деп мойындауының өзі жігіттік.  Мәжіліс депутат Қазыбек Исаның  «Үкімет пен әкімдердің бәрін бір жаққа апарып тастаса, елде ешнәрсе өзгермейді!» – деп кесіп айтуы да бүгінгі үкіметке сенім жоғын ашық білдіреді.

Обалы қане, «Ақ жол» партиясы «Халықтың ұрланған триллиондарын қашан қайтарамыз?!» – деп жанұшыра айқайлағалы қашан. Халықтың қаржысын қайтару мәселесі – «Ақ жолдың» 2013 жылдан бері көтеріп келе жатқан ұсынысы. Енді ғана қолға алынуда, бірақ әлі мардымсыз! Олардың «Қаңтарда қолында пұлы жоқ, тілі жоқ, дымы жоқ жастар көшеге шықпағанда енді қайтеді?!» дегенін де естір құлақтар естіді. Бірақ нақты жауап берген жан жоқ.  30 жыл бойы «Ақорданың проектісіне» сенген, өтірігіне лекілдете тойған халықты бір жағы аяйсың да. Бірақ біз аяғанмен не болады, құдай аясын деймін.

ТҮЙІН: Иә, Тоқаев мырза келгелі демократияға жол ашылды. Көп шындық айтылып жатыр.  Әсіресе Президенттің саяси партиялар туралы ойы, заңға енгізілген түзетулер Жаңа Қазақстанға үлкен үмітпен қарауға шақырады. Бірақ әлі күнге саяси бір партиялардың тіркеле алмай отырғаны қалай? Дина Елгезек қызым әлеуметтік желіде: «Ерлан Қаринның қолдан жасаған «Республика» партиясы тіркеуден өтіпті. Маған десең, жүз партияларын өткізсін. Бірақ ұры жүйеге қарсы шыққан, саяси өмірге белсене араласып жүрген,  жылдар бойы саяси тіркеуден өте алмай жүрген өзге саяси партиялар неге тіркеуден өтпейді?» – деп жазыпты. Шынымен ойланып қалады екенсің. Саяси белсенділігі мықты, халық танитын, өмірі оппозицияда өткен  бір кісі қаншама әбігерге түсті: бәрін жасап, сегіз рет барған екен, тіркемей қойыпты. Неге соншама қорқа беретіндерін мен де түсінбеймін. Нағыз оппозицияның болғаны да дұрыс емес пе, қате кетіп бара жатса, түзетіп отыратын. Шын демократиялы елде жоғарыдағылар «Бізді неге сынамай кетті, қай жерден қате жібердік» деп отырады екен. Біз де сол күнге жетсек қой, шіркін!

Тәуелсіздік  – ерекше нығмет. Жер бетіндегі ұлттардың 10%-ы ғана тәуелсіз ел болып, мемлекет құрып отыр. Сол 10% ішіне әуелі Алланың қолдауымен, кейін бабалардың еңбегі арқылы қол жеткізіп отырғанымыз рас. Сондықтан тәубә дейік.

Қалай бөлшектесек те, жақсы-жаман  десек те Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – тектінің ұрпағы. Қазақтың бір баласы. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейтін халықпыз. Ұлтын от пен судан алып шығарына сенуіміз керек. Сенім бар жерде ынтымақ пен бақ жүреді. Сенім жоғалған жерде ештеңе қалмайды. Алдағы жеті жыл Тоқаев мырзаның есімін тарихқа алтын әріппен жазады, не күл қылады. Бақ не сор деген осы! Тоқаевтың өзі: «Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең… Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады», – деді. Сенейік. Еланасы болғандықтан, жоғарыда сын да айттым. Себебі «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды». Бәрі де ұлт болашағы үшін, халықтың жанайқайы болғандықтан.

Алда келе жатқан 2023 жыл өте ауыр жыл болатынын ғалам шулап жазып жатыр. Біздің жайымыз қандай болмақ?  «Көппен көрген – ұлы той» деп қазекең бәріне көнері анық. Қазақ көнбейтін бір ғана нәрсе бар: Ол – қасиетті тілі мен кең-байтақ жері. Ата-бабасы аңсаған азаттығы.  Оларға көз алартқанды, тіл тигізгенді өлсе кешірмейді. Онда қазақтың тәуелсіздігі мен тілі, жерінің тұтастығы Президент Тоқаевқа аманат. Аманатқа қиянат жасамасына сенейік. Қазақтың тілінде билік жүргізіп, елін қысылтаяң кезеңнен алып шығар күш-қуат тілейік!

Қалың елім қазағыма жылжабар мақаламда қоян жылы берекелі жыл болсын дегім келеді. Жердің асты мен үстінің байлығы қазаққа қызмет еткей. Ұлтымыз ұйымшыл болғай. Шенділеріміз халқының қамын жегей. Жемқорлық тыйылғай. Алла Тағала қазаққа тыныштық бергей. Халқымыздың саны өскей. Ұл мен қызымыз рухты болып өскей!

Әумин!

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері