«Екі түйе сүйкеніп арасында шыбын өліп кетпесін»

Кеше ғана Ассамблея төрінде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы жерге қатысты шығып жатқан дау-дамайға нүкте қойғандай болған. Ол кісі өз сөзінде халықты арандатуға ермеуге, ынтымақ жолында күресуге шақырған. Жер үшін жан пида дегендерге басу айтып, осы жолда тұтастығын білдірген жұртына ризашылығын да жасырмаған. Сөйте тұра бас прокуратураға халықтың арасына іріткі салып жүргендерді тез арада тұтқындап, жаза кесуді бұйырған. Ханның бұйрығы екі етілмес болар.  Іле-шала іске кіріскен Бас прокуратура «шаш ал десе бас алатындардың» қатарынан емес екенін көрсетті. Жариялымға шыққан ақпаратқа сенсек, бас прокуратура «жер туралы» мәселені сылтау етіп, халықты көтеруді аңсағандардың бұл әрекеттері қолданыстағы заңнамаға қайшы және әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін (ҚР ӘҚБК 488-бабы, ҚР ҚК 174, 274 және 400-бптары) қатаң ескертетінін хабарлаған. 

Елдің жоғарғы қадағалаушы органы ретінде, бас прокуратура барлық жеке және заңды тұлғаларды жоғарыда айтылған заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырған.
 Хабарламада «Бүгін мен еліміздің барлық азаматтарына, әсіресе журналистік және желідегі қауымдастық өкілдеріне, заң талаптарын қатаң ұстаныңыздар деген өтінішімді айтқым келеді», – деген жаңадан сайланған бас прокурор Жақып Асанов.
Осыған байланысты Бас прокуратура жер-жерлерде прокурорлық бақылауды күшейтуге кіріскенін де жасырмайды. «Құқық қорғау органдары заңда қарастырылған шараларды дер кезінде орындап, тіпті жауаптыларды қылмыстық жауапкершілікке де тартатын болады», – деп ескерткен Асанов.

Қазақ даналығында  «Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» деген тәмсіл бар. Ендеше қара басының қамы үшін, билікті жамандап, елдің арасына іріткі салып жүргендердің нені көксейтіні белгілі. Біз тараптан айтылар сөз: билік халықпен санасып отырса үнемі. Өйткені жерді сатпақ түгілі жалға берудің өзі халықты әрі-сәрі қылатыны ойлануға тұрарлық мысал. Халықтың жанды жерін білетін дұшпан, мұны ескермей отыр деуге болмас.

Нағашыбай Қабылбек

Сурет today.kz сайтынан алынды