Егін сайлы, көңіл жайлы

Талас ауданында агросаланың қос қанаты – егін және мал шаруашылығы қатар дамуда. Жыл санап мал және егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың қатары өсіп, тиісінше ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосуда.
Талас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубайдың сөзіне сүйенсек, кейінгі жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басы да өсіп, егістік алқабы да ұлғайып келеді екен. Жалпы биыл ауданда 2022 жылдың өнімі үшін барлығы 14 195 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылыпты. Сондай-ақ 1 193 гектар пар дайындалған. Яғни, барлық егістік жердің 76 пайызы игерілген. Оның ішінде: күздік бидай 5 000 гектар және бұрынғы жылдардағы көпжылдық шөп 4 465 гектарды құрайды екен.
– Көктем айларында 4630 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу жоспарланған. Нақты егілгені – 4730 гектар. Оның ішінде: 1 600 гектар жаздық арпа, 500 гектар дәндік жүгері, 750 гектар мақсары, 50 гектар күнбағыс, 130 гектар картоп, 300 гектар бақша, 200 гектар көкөніс және 1 200 гектар көпжылдық шөп.
Қазіргі уақытта Берікқара, Қаратау, Қасқабұлақ ауылдық округтерінің Қаратау жотасында орналасқан масақты дәнді дақылдарының өнімін жинау жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Атап айтқанда Берікқара – 2 010 гектар, Қаратау – 1 900 гектар, Қасқабұлақ ауылдық округі – 1 090 гектар.
Биылғы жылы арпа-бидайдың шығымы 2021 жылмен салыстырғанда жоғары. Егін орағына – 14 дана комбайн, 18 автомашина және тағы да басқа ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылды. Күздік бидайдың орташа түсімі гектарына –14-15 центнерден, жаздық арпа – 10 центнерден айналуда.
Алдағы уақытта 2023 жылдың өнімі үшін 5000 гектар күздік бидай себіледі. Қажетті тұқым – 900 тонна Қолда бары 766 тонна (І репродукция – 286 тонна, ІІ репродукция – 345 тонна, ІІІ репродукция – 135 тонна). Қажетті тұқым – 134 тонна. Жетіспейтін тұқым көлемін облыс аумағындағы тұқым өндіруші шаруашылықтарынан алу үшін жұмыстар жүргізілуде, – дейді Ауданбек Тәжібекұлы.
Күзгі егіс-дала жұмыстарына үкіметтен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысы бойынша 195 тонна жанар жағар май бөлініпті. Бүгінгі күнге «Таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 65 тонна дизель отыны жеткізіліп, бағасы 204 (литр) теңгеден таратылуда.
Сондай-ақ көктемгі егіс-дала жұмыстарына Үкімет тарапынан қажетті 260 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген екен.
Осылайша ауданда ауыл шаруашылығы саласы алшаң басып, тиісінше әлеуметтің әлеуеті артып, аймақтың ырысы еселене түсуде.

merzim.kz