Е. Тоғжанов: «Халық нақты жұмысты көру керек»

Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласын дамыту сұрақтарына қатысты жиын өтті. Жиынға «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жерглікті мемлкеттік органдардың басшылары қатысты.
Қауымдастық басшысы Ерлан Аукенов қоғамдық кеңістікті абаттандыруға байланысты жүргізілген сараптамасының нәтижесін көрсетіп, қалалық инфрақұрылымды, саябақтарды, шағын бақтар мен спорт алаңдарын дамыту жобаларын таныстырды.
Сарапшылар: «Q88 урбанистер қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бірі – Қазақстан қалаларына урбанизациялаудың озық әдістерін енгізу болып табылады. Басқа қалалардағыдай, Ақтөбеде де қоғамдық кеңістіктердің сәулеті мен қоршаған орта ландшафытының үйлесімділігі жоқ екені байқалады»,- деп атап өтті.
Таныстырылым кезінде сарапшылар қала көшелеріне он арт-нысан, шағын архитектуралық формалар орнатуды, қабырғаларға суреттер салуды ұсынып, алаңдардың, саябақтардың орналасу дизайнын көрсетті. Қоғамдық кеңістікті дамыту жобасы шеңберінде Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты аумағында ашық аспан аясында ұшақтар мұражайын, амфитеатр, балалар алаңын орналастыру ұсынылуда. Астана саябағының аумағында жастар саябағы, Тәуелсіздік даңғылында 2,5 шақырымдық желекжол салынып, Бөкенбай батыр даңғылы бойынан халықаралық әуежайға дейін сарматтар дәуірінен Қазақстан хандығығына дейінгі тарихымызды бейнелейтін арт-нысандар орналастырылады. Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің қабырғаларына Димаш Құдайбергенге арнап мурал салуды ұсынды.

«Димашты еліміздің бренді деуге болады. Ақтөбе – оның туған жері, жанкүйерлері біздің қалаға жиі келіп тұрады. Бұл біз үшін туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндік. Біз соны барынша пайалануымыз керек. Сондықтан, облыс орталығы барлық талаптарға сай болып, демалу үшін барынша қолайлы болғаны жөн»,- деп атап өткен Е.Тоғжанов тиісті басқарма басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды бастауды тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланың ескі бөлігіндегі аулалардың аумағын абаттандыру сұрақтарына ерекше назар аудару керек деп санайды. Соған байланысты Жанқожа батыр, Некрасов, Кереев көшелеріне рекрациялық аймақтар жасап, теміржол вокзалы аумағы мен сол маңдағы аулаларды абаттандыру жобалары ұсынылды.

Таныстырылымды тыңдап шыққан Ералы Тоғжанов түзетулер енгізіп, жобаның жүзеге асырылатын мерзімін нақтылауды тапсырды.
Облыс әкімі: «Қала халқы күн сайын көбейіп келеді. Сондықтан, Ақтөбеде бір мезетте кемінде 15 мың адам жиналатын шараларды өткізуге арналған орын болу керек. Ұсынылып отырған жер – Елек өзенінің жағасы. Осы жұмысқа кірісу керек. Тұрғындар құр сөз бен бос уәдені естімей, нақты жұмысты көру керек»,- деп сөзін түйіндеді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі